Адам баласы дүние есігін ашып, жарыққа шыққан соң үйі мен бауырларын, түгел айналаны ақырындап тани бастайды. Оның таңда атқан күні мен батқан түніне дейін еске сақтап, жүрегінің ең сенімді жеріне сақтайды. Өсе келе, оның тұнық ауасын аңсайтын күйге жетеді екенсің.
Міне, осындай жанға жылы, жүрекке жақын тұрған жерді әр адам баласы өзінің туған жері, «Ауылым – алтын бесігім» деп біледі екен.
Менің де өз ауылым, туған жерім өзіме ыстық. Ауылым туралы әңгіме басталса болды, жүрегім елжіреп, балалық шағым түгел есіме түседі. Еріксіз көзіме жас келіп, сол шақтарды аңсап кететін болыппын.
Ауылым сонау Алатау бөктері Төлеби ауданы Ленгер қаласы Аққұм ауылы (Бұрынғы Қызыл Әскер).
«Аққу көлін аңсайды, Адам туған жерін аңсайды» демекші, ауылдың бүгінгі тұнып тұрған әсем көрінісі бойыма еріксіз мақтаныш сезімін ұялатады екен. Ауылдағы әрбір тоғайды қуалай өскен бұталы ағаштары, сонау таудан ағып келіп жатқан тоғыс суы, жазық даласы, төрт түлік малға толған қырлары, доп қуалап, ләңгі теуіп, асық ойнап жүретін ауыл балалары кешегі күндей есімде. Бүгінгі күндегідей телефон деген атымен жоқтың қасы. Таңертең ерте тұрып малдар өріске кетсе, сен мектепке кетесің. Сабақ бітісімен үйге қайтпай, ескі мектеп ауласына кіріп, әкеңнің саған арнап егіп қойған алма бауындай көріп, қалаған алмаңды жейсің және сөмкеңді толтырасың, сосын үйге қайтуды ойлайсың. Сол кездегі қарауылдар бізді көрсе де көрмегендей болып өтетінін айтсайшы. Сол алманың тоқтығымен үйге жетіп, үйдегі шаруаларды ата-анамыздың тапсыруымен домалатып істеп кете беретінбіз. Кешқұрым малдар өрістен келіп, малды қамау басталады. Мал басы түгел болмаса үйме-үй бөтен қой іздеу басталады, егер тапсаң қуанып, таппай қалған жағдайда үйге келуге бет болмай, қашан ата-анамыздың ашуы тарқағанша үйге кірмей жүрген күндер-ай……
Анамның тандырға жапқан наны мен сары майды араластырып мыжық жасаған күндері, қайнатқан айранды дорбаға құйып іліп қойса, сол дорбадан аққан сары суды аузыммен тосып ішкен күндердің бәрі – бәрі есімде…….
Мен ауылым туралы айтып жырлағым да, әндеткім де келеді. Ауылымның таза ауасы, хош иісі аңқыған гүлдері, сарылдап аққан тоғыс өзені мен ауылымның өзім демалып келген түтіні де – бәрі кешегі күндей есімде. “Ауылым – алтын бесігім” деген сәулелі жылы сөздің мағынасы мен үшін аса зор…
Аманова Салтанат Длдабековна,
Н. Төреқұлов атындағы №62 жалпы орта мектеп,
ОҚО, Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы