Home » Эссе » Қазақтың тегі ауыл, ауылға бәріміз қарыздармыз

Қазақтың тегі ауыл, ауылға бәріміз қарыздармыз

… Ауыл — менің, сенің, біздің туған өлкеміз. Мен ауылда тумасамда, менің ата-бабамның тегі ауылда. Кішкентай ғана сәби болып дүние есігін ашқан сәттен бастап, біз осы өмірдің бір бөлігі саналамыз. Өмір атты театрдың біздей қайталанбас актерлері үшін ең керемет жерде өмір сүру маңызды. Ал, сол өмірді қалай өткізген дұрыс? Дұрыс дейміз-ау, бірақ, соны түсінбейтіндер саны қаншама. Иә, маңыздысы жайлы болғаны… Таңның атысы, кештің батысы бітпейтін күйбелең тірлік, көше мен ғимараттардағы ағылған адамдар, екі қастың бір-біріне жақындап, еріндердің бүрісуі, шаршағаннан болымды жауап қайтаруға ерінген жастар – бәрі-бәрі қала атты қара түнектің жасағаны. Осының барлығын ұмытып, бір сәт телефонды өшіріп, таза ауамен тыныстап, тынығып, бой жазып, серуендеп қайта алатын ауылымды қатты сағындым. Бала күнімдегі әжемнің шоққа піскен наны, қолдан піскен айраны, иісі мұрын жарар аппақ құрттары, ыстық-ыстық шайы мен сыр шерте отырып айтқан ақылы мен кеңесі бәрі менің жадымда. Бір ғажабы, кешкі уақыттағы серуен болатын. Әжемнің құрбыларының не болмаса көршінің үйіне баратынбыз, бір анадан туылған туған бауырдай шаттана қарсы алып, ауыл тіршілігі туралы сөз қозғалатын. Дәп сол кездер қайта келмес, қайталанбас шақтар екеніне тағы бір рет көзім жеткендей… Өмір – кино дейтіндер қателеседі екен. Өмір ешқашан кино бола алмайды. Себебі, мұнда қайта кадрлар жасалынбайды. Сол сияқты ауылда өткен күндерді қайта бастан кешіру мүмкін емес. Қайта барсамда, ол күн бұрынғы күндерден өзгеше болар, білмеймін. Бірақ, ешқашан жадымыздан шықпас құт мекенімізді жадымызда сақтап, келер ұрпаққа жеткізіп отырсақ, олда бір борыштың өтелгені шығар…

Карабаева Жадыра Аскаровна,

№ 62  Н.Төреқұлов  атындағы жалпы орта мектеп,

ОҚО, Шымкент қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.