Өз туған жерінің тарихын білу әр адамға қызық. Әсіресе өз туған елді-мекендеріміздің атауларының шығу тарихын зерделеу, әрбір атаудың мән-мағынасын ашу, туған өлкеге деген ыстық ынта, патриоттық сезімді күшейтпек. Қазақстан елді мекендерінің жер-су атаулары, яғни топонимдері халықтың сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Демек, белгілі бір өңірдің топониміне қарап сол өңірде мекен еткен ұрпақтың тарихы туралы, тіршілік көзі жайында хабардар болып, ой түюге мүмкіндік береді. Бүгін біз Қазақстанның ірі қалаларының атаулары мен олардың шығу тарихын, мағынасын ашып беруге тырысамыз.
Алғашқы ретте Солтүстік Қазақстан облысының ірі қаларынан бастайық. Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл қаласы орналасқан.
Петропавл – қаланың іргесі 1752 жылы патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлау саясатына сәйкес Петр І-дің әскери бекінісі ретінде қаланған. Ол әскери бекініске христиандық танымдағы әулие Петр мен Павелдің есімі беріледі. 1804 жылы жүргізілген әкімшілік реформа бұл бекіністі империяның қала мәртебесіне жеткізеді, ал қала Петропавл деп аталып кетеді.
Келесі біз атап өтетін облыс бұл – Павлодар облысы. Павлодар облысында Павлодар қаласы орналасқан.
Павлодар – Павлодар қаласы Ертіс әскери бөлімінің форпостыларының бірі ретінде XYIII ғасырдың басында пайда болған ескі қала. 1861 жылы жергілікті көпестердің райы бойынша станица қала мәртебесіне айналып, оған нәресте князь Павелдің құрметіне Павлодар атауы берілген.
Әрі қарай Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен, Семей атауларының шығу тарихымен таныс болайық.
Өскемен – 1720 жылы М.И. Лихарев бастаған ресейлік экспедицияның келуімен Үлбі өзенінің Ертіске құйған жерінде атын «устье каменных гор» тіркесінен алған Усть-Каменогорская бекінісінің іргетасы қаланды. Жергілікті тұрғындар бекініс атын өз тіліне икемдеп «Өскемен» деп атап кетті.
Семей – Семипалат бекінісі мен кейін қала болып қалыптасқан Семипалатинск атауы ертеректе жоңғарлар мекендеген Доржінгіт (Цорджийнкийд) аумағында табылған жеті қалмақ будда ғибадатханасынан шыққан. Бұл ғибадатханалар жайлы орыс зерттеушілері 1616 жылдары жазған. 1660-1670 жылдары жоңғарлар мен қазақтардың соғыстары салдарынан ғибадатханалар қирап, Г.Ф. Миллер 1734 жылы ғибадатханалардың жартылай бүлінгені жайлы жазады. 2007 жылы қалаға ресми түрде Семей атауы беріледі. Семей – Семипалатинск сөзінің фонетикалық өзгеріске ұшыраған түрі.
Міне, Алматы облысындағы қала атауларымен танысатын кезек жетті. Алматы облысында екі ірі қала бар. Олар – Алматы және Талдықорған.
Алматы – алма сөзінен шыққан. Дәл осы жерде аты әлемге танымал апорт алмасы өседі. Кейбір деректерге сүйенсек, ескі замандарда осы жерде, яғни керуен жолы – Жібек жолында Алматы сауда мекені орналасқан. ХІІІ ғасырда оны Шыңғысхан ордасы тас талқан етеді. 1854 жылы ескі қала қалдықтарынан Верный қаласы пайда болды. Кеңес Одағы жылдары қала атауы Алма-Ата болып өзгертілді, 1929 жылдан 1997 жылға дейін Алма-Ата Қазақстан астанасы болды. 1993 жылы тәуелсіздік туралы Ата Заң қабылданған сәттен бастап, бұрынғы Верный, одан кейінгі Алма-ата – Алматы деп өзгертілді.
Талдықорған – 1869 жылы Талдықорған қыстауының орнына Гавриловка селосы бой көтерді. 1921 жылы Қапал уезінің орталығы болып, Гавриловка Талдықорған деген атау аталады. Талдықорған деген атау – талды төбе, дөң деген қос сөзден шыққан.
Тарихи қала Таразбен де танысамыз. Бұл қала Жамбыл облысында орналасқан.
Тараз (бұрынғы атауы Жамбыл) – Талас өзені бойындағы ежелгі қала, салынған уақыты V ғасырдан бері емес. Тұғыш рет 568 жылы Византиялық елші Земархтың жазбаларында кездеседі. 1938-1997 жж. Жамбыл қаласы аталып, 1997 жылы ғана ежелгі тарихи «Тараз» аты қалпына келтірілді. Тараз атауы Талас дегеннен шықса керек. Осы күнге дейін нақты түсіндірмесі жоқ болып келеді. Ғалым Ғ.Ақпанбектің пікірінше: «Тарихи аты қайтарылған Тараз қаласы да аспан әлемімен байланысты. «Тараз сөзінің мәні әдеміліктің үлгісі» келеді. «Тараз қыз» — «тал бойлы талдырмаш қыз» (І.Кеңесбаев. «қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі»,1977 ж.494 б.) Сол сияқты, «Тараз — «үлгі, жүйе» деген мағынада. Ғылым мен мәдениеті өркендеген көрікті қала. Қаланың үлгісі, әсемдік пен сұлулықтың эталоны деп танылған. (Бестік тағлымы // Ұлытау.- 1998. — N I.)
Кезек шырайлы қала – Шымкент қаласына келіп жетті. Шымкент қаласы Қазақстанның Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан.
Шымкент – ғалымдар Шымкент туралы кездесетін әр түрлі тарихи деректерді атай отырып, қала атауының мағынасын «бау-бақшалы қала», «жасыл қала», «шыммен қоршалған қала» — деп түсіндіреді. Мысалы, шымға қатысты қала атауы былай деп түсіндіріледі: Шымкент түркінің «шым» және иранның «кент» — қала, мекен деген сөздерінен құралған. Ал басқа түсіндірмеде қала атауы соғдының (иранның) «чиминь-чемень» яғни, көгалды, гүлденген алқап, ал бұған «кент» сөзінің жалғануымен, «жасыл (гүлденген) қала» деген мағынаны береді.
Еліміздегі жалғыз ғарыш айлағы Байқоңыр қаласы орналасқан Қызылорда облысына кез келді. Қызылорда облысында Байқоңыр және Қызылорда қаласы бар.
Байқоңыр – Бұл жерде «қоңыр» деп топырақты айтқан. Демек, топырағы құнарлы, бай жер дегенді білдіреді.
Қызылорда – Қызылорда қаласының қалыптасу тарихы бұрынғы маңызын жоғалтпай, тек аты ғана бірнеше рет өзгергенімен (Ақмешіт – 1818 жылы, Перовск – 1853 жылы, қайтадан Ақмешіт – 1922 жылы, Қызылорда – 1925 жылы), әр кезеңде Сыр бойы атырабының әлеуметтік және мәдени орталығы болып қалыптасты.
Мемлекетіміздің қақ ортасына орын тепкен – Қарағанды облысымен де таныс болайық. Қарағанды облысындағы ірі қала – Қарағанды қаласы.
Қарағанды атаудың мағынасы — «қараған қалың өскен жер». Қараған – өсімдік аты. Қараған сөзіне -ды қосымшасы жалғанған атау.
Қазір өзіміз мекен етіп жатқан Маңғыстау облысында Ақтау қаласын айта кеткеніміз жөн.
Ақтау – қаланың аты өзі орналасқан теңіз мүйісінің ақ бордан тұрып (картада Меловой мүйісі делінген) теңіз жақтан қарағанда, биік ақ тау сияқты болып көрінуіне байланысты делінеді. 1959 жылы осы жерде ескі балықшылар жұртының орнында елді мекен салынып, кейін Ақтау деген қалаға айналды.
Каспий теңізіне маңайлап орналасқан Атырау облысымен таныс болайық. Атырау облысында – Атырау қаласы орналасқан.
Атырау – Ресей ханшайымы Екатерина II Яик өзенін (Жайықтың орысша атауы) Урал деп атауын жарлығымен бекіткенде, қаланың атауы Гурьев городок, Гурьев деп өзгертілген. 1920 жж. қысқа уақытқа большевиктер Гурьевті Чапаев деп қайта атаған. 1992 ж. бері қала атауы — Атырау. Бұрын Атырау деп Махамбет ауданындағы топырақтар аталған. «Атырау» деген сөздің негізгі мағынасы: өзен сағасы тармаққа бөлінгені; сумен, топырақпен қоршалған жер алқабы; арал.
Батыс Қазақстан облысында орналасқан қала – Орал.
Орал – Ноғай хандығымен шекарада шағын әскери бекініс-тірек ретінде Жайық қалашығы салынады. Жайық қалашығы ІІ Екатеринаның 1775 жылы 15 қаңтардағы жарлығымен “Уральск/Орал” атауына өзгертіледі. “Орал” – өзен атауы және оның қандай мағына беретіні жайлы бірнеше нұсқа бар. Соның бірі, ежелгі манси халқының тілінде ор – «тау», «су айрығы», «биік мекен», ала – бір заттың үстіңгі жағы деген мағынада. Яғни, орала –«тау шыңы» деген мағына берсе керек. Ал түркі нұсқасын жақтаушылар орал сөзін татар-башқұрт тіліне жатқызады: оралу, оралыу, оралмақ – «орап алу», «орау», «айналу», яғни Орал – «қоршау», «таулы белбеу» деген мағынада.
Ал, Ақтөбе облысында орналасқан Ақтөбе қаласының атауы мынадай мағына береді. Ақтөбе – қала 1869 жылы Қарғалы мен Елек өзендерінің құятын сағасында төбенің етегінде салынғандықтан «ақ төбе» атауы шыққан екен.
Бұл қаланың атауы ерекше мағынаға ие. Бұл Қостанай облысында орналасқан – Қостанай қаласы.
Қостанай – қала атауының шығуы жайлы түрлі аңыз-әңгімелер көп. Солардың бірі, Тобыл жағалауында Қос және Тана есімді егіз қыздың өмір сүргені жайлы айтылады. Бұл туралы жергілікті ақын А.Шаяхметтің 1996 жылы Қостанай қаласынан шыққан «Пирамида» деп аталатын кітабында жазылған. Яғни, қала атауы ақылына көркі сай қыздардың есімдеріне байланысты болса керек. Осыған орай, жуырда қаланың кіреберіс қақпасына аңызға арқау болған егіз қыздың мүсіні де орнатылған. Бірақ Ақылбек ақын өзінің 1997 жылы шыққан «Пирамида» атты кітабында былай деп жазған: «Қостанай ежелден қалыптасқан жер атауы. Алайда, осы Қостанай атының қашан, қалай қойылғаны туралы алып қашпа әңгіме көп те, жүйеге түсірілген зерттеу жоқтың қасы. Осыған орай, әсіресе, орыс тілінде сөйлейтін ағайындар, білместіктің кесірінен Қостанай атын орыстың «кусты», яғни бұта сөзімен де шатыстырады, немесе толып жатқан ақылға қонбайтын дәлелдер айтады. «Танай деген кісі болған екен, соның Тобыл жағасында жыртық қосы болған екен… Қостанай — Танайдың қосы деген сөз болу керек» деген аңыз да бар.
Былтыр «Қостанай таңы» газетіне Қостанай облысы Лисаков қаласының тұрғыны, еңбек ардагері, сексен бес жасар Наурызбаев Қапыш ағаның хаты шығады. Онда ол Қостанай атауының шығуын Танай есімді қыздармен байланыстырады:
Әбіштай ақсақалдың айтуы: «Біздің қазақтың дау-дамайы біткен бе? Ертеректе бір жігітке елінде, ағайын арасында жер тимей еліне өкпелеп, «көз көрмес, құлақ естімес» жерге кетемін деп көшіп кетіп, осы Қостанай тұрған жерге келіп жалғыз үй қоныстаныпты. Ол кез бұл маңда ел болмаған екен дейді. Осы жерге қоныстанғаннан кейін бұл жігіттің 13 жасар қызы қайтыс болады. Аты Танай екен. Сол қызы осы жерге қойылады.
Қызы қайтқаннан кейін тағы бір қыз бала дүниеге келеді. Ата-анасы қуанып, Танайдың орнына Танай болды деп, бұл қызды да Танай атайды. Өкінішке қарай 2-3 жасында бұл қыз да қайтыс болып, апасының жанына жерленеді. Сонан соң қос Танайдың моласы атанады. Ақыры елді-мекеннің атына айналады».
Еліміздің бас қаласы Астана қаласы және көрікті қала Көкшетау Ақмола облысында орналасқан.
Көкшетау – қазіргі қала орналасқан аумаққа жергілікті халық ежелгі замандарда-ақ қоныс салып, қорғандар тұрғызған. Көкшетау өңіріне халық ежелгі заманда-ақ қоныстана бастаған. Орталық бөлігінде Көкшетау қыраты орналасқан. «Көкше» – түрік тілінде өсімдік аты. Көкшенің қалың жері. Немесе бұл сөздің мәнін, екі түрлі концепциядан қарауға болады: 1) «көкшелі тау»; 2) қазақтың осы тауды жайлаған (не қыстаған) ескі ру тобының (Көкшенің) атымен байланысты.
Астана – қаланың атауы қазақ тілінен алынған. Қазақша ол сөз елдің бас қаласы дегенді білдіреді. Астана сөзі қазақ тіліне парсы тілінен ауысқан. Онда ол «киелі орын», «босаға» деген мағыналарға ие.
Қазақстан қалаларының, еліміздің, жеріміздің шығу тарихын білу кейінгі ұрпақ үшін міндет. Әрдайым ұлтжанды, еліне деген сүйіспеншілігі мол азаматы болайық.
Сеидова Джупар Худайбергеновна
Маңғыстау облысы,
Жаңаөзен қаласы
№7 орта мектептің
бастауыш сынып мұғалімі