20 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Филипп Мартинэмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Француз Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрлігі арасындағы «Абай-Верн» бағдарламасын іске асыру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойылды.
Келісім жоғары білікті кадрларды даярлау, интернационалдандыру стратегиясын және қос дипломды білім беруді дамыту үшін жоғары білім беру саласындағы қазақстандық-француз әріптестігін нығайтуға бағытталған.
Келісім аясында бүгінгі таңда Францияның жоғары оқу орындарына 90 магистрант және 10 докторант жіберіледі. Француз тарапы Қазақстан азаматтарына мынадай артықшылықтарды көздейтін әлеуметтік жәрдемақылар береді:
– тегін оқыту;
– мемлекеттік жоғары оқу орындарында тіркеу жарнасын төлеуден босататын Француз үкіметі стипендиатының мәртебесі;
– француз әлеуметтік сақтандырудың жалпы жүйесіне тіркеу;
– тегін ұзақ мерзімді студенттік виза;
– жатақхананың қолданыстағы тарифтері бойынша студенттік жатақханадан орын бөлу кезіндегі басымдық;
– тұрғын үйді төлеу үшін көмек алу, сондай-ақ «clé» жүйесін пайдалану мүмкіндігі (Француз мемлекеті тұрғын үйді жалға алу кезінде кепілгер ретінде болғанда);
– мәдени бағдарламалар мен іс-шараларға қатысу үшін жеңілдікті тарифтер;
– Францияның заңнамасына сәйкес медициналық қызмет көрсету құқығы.
Бүгінгі күні осы бағдарламаны іске асыру шетелде академиялық ұтқырлық аясында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, магистранттарға 800 еуро және докторанттарға 1200 еуро көлемінде стипендия төленеді. Осы Ереже бөлінген қаражатты пайдалану бойынша магистранттар мен докторанттардан ай сайын есеп беруді және пайдаланылмаған қаражатты өтеуді көздеген болса, ендігі кезекте стипендия бойынша қаражатты жұмсау және үміткерлерді іріктеу бойынша шектеулер алынып тасталады.
ҚР БҒМ баспасөз қызметі.