Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке ие болған Қазақ елі 25 жылда орасан зор жетістікке жетті. Бізді бірінші рет әлем таныды. Жүздеген жылда қол жеткізетін экономикалық, әлеуметтік табыстарды біздің еліміз қысқа мерзімде, яғни 25 жылда жүріп өтті. Ең маңыздысы, Қазақстан ынтымақ, халықтар достығы берік орнаған елге айналды. Шет, бай мемлекеттермен экономикалық байланыс арқасында, олардан инвестиция тартып, өндіріс орындарын озық жаңа техникалармен жабдықтап, әдістемелер үйреніп, өзіміздің кадрларды оқытып даярладық. Біздің индустриямыз, төл зауыттарымыз жұмыс істей бастады. Біздің басты байлығымыз – көп ұлтты мемлекет болғандықтан, халықтар достығы ынтымақ пен бірлікте болып отыр. Республикамыз басқа бірде-бір мемлекетте жоқ Қазақстан халықтар Ассамблеясын құрды, біздің еліміздегі ұлттар тең құқықты, ынтымақты, бір көк байрақтың саясында тату-тәтті өмір кешіп отыр. Бұл елбасының кемеңгерлік, көрегендік саясаты. Қазақстан ең алғашқы болып атом қаруынан бас тартқан бірден-бір мемлекет. Бұл біздің әлемге бейбітшілігімізді, достыққа құшақ ашқан, дарқан көңілімізді, қонақжайлығымызды білдіреді. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болдық, оның жоғарғы мінбесінен біздің елбасымыз әлемге жаңа саяси бағыт сілтеп, әлемді таң қалдырды.
Біз өзіміздің әділдіктің үлгісі болатын Конституциямызды қабылдадық. Ұлттық тұрақты валютамызды (ақшамызды) – теңгені шығардық. Ресей, Қытай мемлекеттерімен шектесіп жатқан мемлекетіміздің шекарасын реттеп, қалыпқа келтірдік. Осы шаралардың барлығы көрегендік пен ақылға безбендей отырып, болашақ заманға байланысты, кейінгі ұрпақтың мүддесі үшін орындалған аса маңызды істер еді. Мемлекетіміздің мызғымас беріктігі, ел астанасының Сарыарқаның төрінен Астана қаласына орнауы болды. Жиырма жылда жаңа Астана орнату іскерліктің, батылдық пен батырлықтың, даналық пен кемеңгерліктің үлгісі.
Астана – әлемді таң қалдырған сәулетті, көрікті салтанаты жарасқан, Алаштың Ақордасына айналды. Әсем қала көптеген форумдардың жиынына төрін ұсынды, жарты әлемнің президенттері бас қосты. Астана – оқу-білім ордасына айналды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Назарбаев университеті және басқа да көптеген жоғарғы оқу орындары
орнады. Бас қаламызда әлемнің алуан түрлі архитектурасы сияқты ғимараттар бой көтерді. Бәйтерек, Ханшатыр, спорт сарайлары шетелдіктерді таң қалдырса, дұшпан көздер қызғанса, ал достар қуанады.
Астана – ірі экономикалық орталыққа айналды. Халқымыздың әлеуметтік деңгейі ондаған есе өсті, ертеңіне сенетін елге айналдық. Жаңа деңгейдегі темір жолдар, Ұлы Жібек жолының ізімен Қытай мен Еуропаны жалғайтын қатынас жол салына бастады. Бұл аса маңызды магистраль Қазақстанды 6000 км ұзындықпен басып өтеді. Еліміздің экономикасына ірі үлес қосады. 2017 жылы ЭКСПО көрмесі өткізіледі деп жоспарланып, қазір соған қарқынды түрде дайындық жұмыстары жасалуда. Көрмеге 110 ел келісім беріп отыр, олардың 90 мемлекеті шараға қол қойды.
Қорыта айтқанда, 25 жыл тәуелсіз жол жүрген Қазақстан экономикасы қарқындап дамып келе жатқан алып елдермен, басқа да шалғай жатқан елдермен, мұсылман елдермен достық қарым-қатынас орнатты. Еліміздің болашақта экономикасы, әлеуметтігі жоғары 30 мемлекеттің қатарына енуіне басты мақсат қойылып отыр. Елбасымыздың «Алға 100 қадам» жобасы жаңа бағыт, қарқын беріп, индустриямыздың дамуына жаңа жол ашты. Біз ертеңімізге нық сеніммен кірісіп, еліміз алдына қойылған мақсаттарға қол жеткіземіз.
Қостанай облысы
«Жітіқара ауданы әкімдігінің білім бөлімі» ММ
«№ 3 орта мектеп» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Жаңабаева Ақбота Алтынбайқызы