Ақмола облыстық сотында ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Әбдрәшит Жүкеновтің қатысуымен соттардың 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмысын талқылау бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Кеңес жұмысына Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров, облыстық соттың алқа төрағалары Ерлан Жанәділов және Раджаб Даминов, облыс судьялары, Соттар әкімшісінің басшылығы мен қызметкерлері, жергілікті соттардың кеңсе меңгерушілері қатысты.
Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот алқалары төрағаларының, судьялардың іс-әрекетіне шағым және арыздарды қарау бойынша топ жетекшісі және Соттар әкімшісі басшысының баяндамаларын талқылауға ұсынды.
Жоғарғы Сотының судьясы Әбдрәшит Жүкенов талқылауды қорытындылай келе, Жоғарғы Сот Төрағасы Ж.Асановтың әділ сот төрелігіне қол жетуге, құқық үстемдігі мен қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларын атап өтті. Жоғарғы Соттың судьясы судьяларға сот төрелігін жүзеге асыруда азаматтардың сенімін ақтау туралы басты тапсырманы еске салды.
Ә.Жүкенов облыс судьяларымен соттардың атына түсетін азаматтардың өтініштері мен шағымдарын талқылап, істерді қараудың сапасы мен шағымдарды азайту бойынша жұмысты күшейтуге, азаматтардың наразылық білдіруге себеп болып табылатын сот актілерінің сапасы жайлы еске салып, облыстық соттың судьяларының жауапкершілігін арттыруға тапсырма берді.
«Судьяның жауапкершіліксіздігінен сот актісінің күшін жою және өзгертуге жол берілсе, өрескел бұзушылық болып саналады» — деді Ә.Жүкенов.
Жоғарғы Соттың судьясы кеңес жұмысын қорытындылай келе, судьялар корпусына жауапкершіліктерін арттыруға шақырып, тұрғындардың сенімін нығайтуға және кемшіліктерді жою мен қойылған тапсырмаларды орындауға табыс тіледі.
Облыстық соттың төрағасы Д.Әміров облыс судьялары қойылған тапсырмаларды орындауға және сот төрелігі мен құқық үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істейтіндігін атап көрсетті.