«Білім беру қызметінде білім беру ұйымдары пайдаланатын қатаң есептегі құжаттардың нысандарын бекіту туралы» 2007 жылғы 23 қазандағы № 502 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығы бекітілді.
Өзгерістер орта білім ұйымдарында қатаң есептегі электрондық құжаттарды, оның ішінде электрондық журналдарды пайдалануға қатысты енгізіліп отыр.
Құрылымы дәстүрлі сынып журналының барлық талаптарына сәйкес келетін электрондық журналдың қосымша артықшылықтары бар: ата-аналар мен оқушылардың ақпаратқа жедел қол жеткізуін, электрондық оқыту контентіне жалғауды, мектеп деңгейінде үлгерім туралы статистикалық есепті автоматты түрде жинақтауды және т.б. қамтамасыз етеді.
Электрондық сынып журналын және мектеп құжаттамаларының басқа да нысандарын ендіру өзектілігі еліміздің 1159 білім беру ұйымдарында «E-learning» электрондық оқытуды, Қарағанды облысында «Білім ал», Астана қаласында «EduPage.kz» жүйелерінің енгізілуімен дәлелденіп отыр.
Демек, бұл нормативтік құжаттың қабылдануы оқу процесін автоматтандыру үшін жағдай жасауды, білім беруді басқарудың тиімділігін, сыртқы ортамен ақпараттық бірігуді қамтамасыз етеді.