Сабақтың мақсаты: Егеменді Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарының мән-мағынасы мен идеялық мазмұнымен таныстыру.
Мемлекеттік нышандарды құрметтеуге үйрету. Өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына патриоттық сезім, Отаншылдық рухты дарыту. Отанды сүюге, ел нышандарын қадірлеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Мемлекеттік нышандар бейнеленген плакаттар, АКТ
Сабақтың барысы:
І. Кіріспе:
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындау.
Мұғалім:
— Құрметті оқушылар, оқуда алда болып, табысты болуларыңа тілектеспін. Бүгінгі алғашқы сабағымыз Еліміздің нышандарының 26 жылдығына арналады. Қазақстан – шет елдермен керегесі кең, терезесі тең, біртұтас ел. Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары – елдің дербестігін танытатын негізгі белгілері. Бүгінгі сабақта мемлекеттік нышандарымыздың идеялық мазмұнымен таныс боламыз.
Мемлекеттік нышандар: ТУ, ЕЛТАҢБА – егемендік және тәуелсіздік идеяларының нақты заттық белгілері. ӘНҰРАН – осы ізгі ұғымдардың бірден-бір рухани жаршысы.
ІІ. Негізгі бөлім:
Слайд көрсету арқылы түсіндіру.
3 топқа бөлу. Елтаңба, Ту, Әнұран
1-оқушы: 1991жыл – тәуелсіздігіміз жарияланған жыл.
Мұғалім:
— Тәуелсіздік күнін қай айда тойлаймыз? (16-желтоқсанда). Еліміздің тәуелсіздік алғанына неше жыл толды? (24 жыл)
2-оқушы: Сол 1991 жылдың 1-желтоқсанында Қазақстанның тұңғыш Президенті сайланды. Ол кім? (Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев)
3-оқушы: Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. 1995 жылы мемлекетіміздің жаңа және негізгі заңы қабылданды.
Мұғалім:
— Конституция күнін еліміз қай айда атап өтеді? (30 тамызда).
4-оқушы:
Қазақстан – қасиетті мекенім,
Өзіңді жырлап мәңгілікке өтермін.
Елім үшін, жерім үшін жан пида,
Республикам, Отаным, Атамекенім.
5-оқушы:
Республикам – ұлан-байтақ жер болды,
Республикам – тәуелсіз ел болды.
Республикам – Республика атанып,
Халқымыздың көңілдері кең болды.
Мұғалім:
— Тәуелсіз Қазақстан Республикасы мемлекеттік нышандарын қабылдау барысында рәміздер жобасын жасау үшін үлкен байқау ұйымдастырылды. Елтаңба жобасына 245 сурет, 67 хат пікір ұсынылды. Солардың ішінен Шота Уалиханов пен Жандарбек Мәлібековтың үлгілері ең таңдаулы деп танылып, қазіргі Қазақстанның Елтаңбасы болып танылды.
6-оқушы: Елтаңбаның негізгі идеясы – шаңырақ. Шаңырақтың берік, мығым болуы – мемлекетіміздегі тыныштықтың, тұтастықтың белгісін білдіреді. Шаңырақтың екі жағындағы қос қанатты ай мүйізді ат пырақ суреті. Бұл Есік қорғанынан табылған алтын адамның бас киімінен алынған образ.
7-оқушы: Жылқы – қазақ халқы үшін ең қастерлі жануар. Елтаңбада самғап бара жатқан тұлпар – өркениетке көтеріліп бара жатқан елімізді бейнелейді. Пырақтың жеті буыннан тұратын мүйізі елді, шаңырақты, яғни егемендікті, бостандықты қорғайтын күш, қару ретінде берілген.
8-оқушы:
Қатар шапқан қос тұлпар,
Ай астында қазақ үй.
Қалықтаған жас сұңқар,
Шарықтаған таза күй…
Бұл – таңбасы елімнің,
Елдігімнің белгісі.
Мұнда да бар ерлігім,
Мұнда да бар жер күші.
Қара шаңырақ-ел күні,
Асқақтатып тұр мұны.
Елтаңбасы – елдігім,
Елдің тыныш тірлігі. Мұғалім:
— Мемлекеттік жалаудың авторы – Шәкен Ниязбеков.
9-оқушы: Мемлекеттік Туымызда алтын күні алаулаған зеңгір көк аспан және көк аспан төрінде қалықтаған дала қыраны бейнеленген. Қыран құс – қазақ халқының дарқан да, бітімшіл, бейбіт көңілін биікке шырқауы. Тудың негізгі идеясы – көк түсті болуы. Тудың көк болуы – бүкіл дүниеге көк жүзі, аспан әлемі ортақ дегенді білдіреді.
10-оқушы:
Айнымайды аспаннан,
Біздің тудың бояуы.
Оны халық қашанда
Биікке іліп қояды.
Көк аспанда алтын күн,
Көк аспанда жас қыран.
Естілгендей біздің үн
Сол ғарыштың астынан.
Туымызға жас туған
Бір қарамай өтпейміз.
Сол көк тудың астында
Көгереміз, көктейміз.
Мұғалім:
— Еліміздің тұңғыш Мемлекеттік Әнұранының авторлары: Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Мұзафар Әлімбаев, Қадір Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаеваның есімдері тарихқа жазылды. 2006 жылдың 7-қаңтарында еліміз жаңа Мемлекеттік Әнұран қабылдады. Сөзі мен әні бәрімізге белгілі ақын Жұмекен Нәжімеденовтың сөзіне жазылған композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнінің мәтініне өзгертулер енгізген-еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Сергіту сәті: Алтын күз
ІІІ. Қорытынды:
11-оқушы:
Мереке бүгін бақ күні,
Егеменді елімнің.
Желбірейді көк туы,
Түсіндей боп көгімнің.
12-оқушы:
Жарқыраған бес жұлдыз —
Белгісі достық салтының.
Ақ қанатты пырағы —
Азаттығы халқымның.
13-оқушы:
Жайнатып жанымызды,
Келтіріп сәнімізді.
Арнайық бас қосқанда,
Тәуелсіздікке әнімізді.
Ән: «Атамекен»
Мұғалім:
— Атамекен жеріміздің тәуелсіз екендігін, құдіретін, байлығын, бірлігін, мақсат-мұратын білдіретін осы қастерлі рәміздерді құрмет тұту, сыйлау, асқақтата дәріптеу – Қазақстанда туып
өскен және оны мекендейтін әрбір азаматтың ең қымбатты борышы.
Хормен:
ҚАЗАҚСТАН:
Туымен – Тұғырлы,
Елтаңбасымен – Еңселі,
Әнұранымен – айбатты ел!
Ел нышандары – елімнің мақтанышы.
Гулбаһрам Ахметжанова,
№177 жалпы білім беретің мектептің
бастауыш сынып мұғалімі,
Алматы қаласы, Жетісу ауданы