Home » Білім және заң » Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету туралы» Заң жобасы

Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету туралы» Заң жобасы

    Қазіргі таңда елімізде заң көмегінің сапасыз көрсетілуі, азаматтарды жосықсыз адвокаттар мен жеке кәсіп ететін заңгерлердің әрекеттерінен қорғау механизмінің жоқтығы, біліктілікті үнемі арттыру қажеттілігі, адвокаттардың тапшылығы, адвокаттар алқасы қызметтерінде ашықтық пен жариялылықтың жоқтығы сынды бірқатар проблемалардың орын алуынан конституциялық құқықты іске асыру толық қамтамасыз етілмеген. Осы аталған проблемаларды шешу мақсатында заң көмегін көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған «Адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету туралы» Заң жобасы Әділет министрлігімен әзірленген болатын.

Жалпы Заң жобасы 4 бөлімнен тұрады. Атап айтар болсақ:

Бірінші бөлім — «жалпы ережелер» заң көмегін көрсететін субъектілері мен оны көрсетілуінің жалпы шарттарын анықтайтын болады. Бұл бөлімнің нормалары құқықтық көмек көрсету қағидаттарын, құқықтық көмек көрсетудің түрлері мен нысандарын, заң көмегін көрсететін субъектілердің құқықтық жағдайын, заң көмегі саласында Үкіметтің және уәкілетті органның құзыретін және т.б. анықтайтын болады.

Екінші бөлімде — «Мемлекет кепілдік берген заң көмегінде» мемлекет кепілдік берген заң көмегінің көрсетілуінің жалпы шарттары мен тәртібін реттейтін болады.

Үшінші бөлім — «Адвокаттық қызмет» — адвокаттардың заң көмегін көрсететін негізгі субъектілер ретінде құқықтық жағдайын (құқықтары мен міндеттері, кепілдемелері, қызметін сақтандыру); адвокаттардың құқықтық мәртебесін алуға негіздемелер (үміткерге қойылатын талаптар, тағылымдама, аттестаттау, лицензиялау, мүшелік шарттары); адвокаттық қызметтің ұйымдастыру нысандары, аумақтық адвокаттар алқасының басқару органдары, олардың өкілеттіліктеріне, адвокаттар алқасы мүшелерінің қызметіне, басқару органдарына бақылау жүргізу, тәртіптік жауапкершілікке тарту, адвокаттар алқасы мүшелерінің адвокаттық қауымдастығының басқару органдарының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану нормаларын көздейтін болады.

Төртінші бөлімде — заң кеңесшілерінің құқықтық жағдайы, заң кеңесшілерінің өзін-өзі реттеу моделі, заң кеңесшілерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың тәртібі және шарты; заң кеңесшілерінің палаталарына мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізу шегі және т.б. анықталатын болады.

Аталған Заң жобасы «Адвокаттық қызмет туралы» Заң негізінде және қазіргі заман талабын ескере отырып әзірленген. Сондай-ақ, жоба мемлекетпен кепілдендірілген заң көмегін көрсету нормаларымен қатар, жеке кәсіп ететін заңгерлердің қызметі туралы кешенді нормаларды қамтиды. Аталған нормаларды бір заңға біріктіру – реттелетін қоғамдық қатынастардың біркелкілігімен түсіндіріледі. Заң жобасында «заң кеңесшісі» деп аталатын жеке кәсіп етуші заңгерлердің қызметі палатаға біріктірілмек. Заң кеңесшісі қызметінің басты принципті шарты, ол міндетті түрде сотта заң қызметін өкіл ретінде көрсетуге құқығы бар заң кеңесшілерінің палатасы мүшелігінде болу. Заң жобасында кешенді әлеуметтік заң көмегі деп аталатын Pro bono (пробоно) негізінде заң көмегін көрсету енгізіледі. Pro bono — халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына адвокаттар немесе заң кеңесшілері тарапынан тегін заң көмегін көрсету тәсілі. Заң жобасында адвокаттық кеңсе құрған адвокаттар арасында жай жазбаша серіктестік шартын жасау мүмкіндігі ұсынылады. Серіктестік шартына сәйкес адвокат-серіктестер заң көмегін көрсету барысында өз күш-жігерлерін біріктіруге міндеттенеді. Заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсаты болып бірінші кезекте, тұрғындардың әлеуметтік қорғалмаған, сондай-ақ шалғай жерлерде тұратын қабаттарына ұсынылатын қызметтердің сапалылығын және оның азаматтарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында заң қызметін көрсету саласын одан әрі жетілдіру болып табылады.

Н. Дайрабаев,

Сырдария аудандық Әділет

басқармасының басшысы, Заңгерлер

қоғамдық бірлестігінің мүшесі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.