Home » Жаңалықтар » Қазақстан Республикасындағы жаңартылған білім жүйесі негізінде мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиелеу — оқыту үрдістері

Қазақстан Республикасындағы жаңартылған білім жүйесі негізінде мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиелеу — оқыту үрдістері

Қазіргі таңда  Қазақстанда  дүниежүзілік білім берудің  жаңа жүйесіне  бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Осы үдерісті енгізу  негізінде  педагогиканың қалыптасқан  қағидалары мен оқу-тәрбие жұмыстарында да ауқымды өзгерістер болуы – заңды құбылыс. Жаңартылған мазмұнды іске асырудың негізгі бағыттарын, мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру процесін ұйымдастырудың әдістемелік тәсілдерін, Стандарт талаптарына сәйкес балаларды дамыту мен тәрбиелеу үшін оқу материалдарын дайындауда инновациялық әдіс-тәсілдерді   қолдану, мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлерінің қызметін ұйымдастыруды, тәрбиешілердің педагогикалық шеберліктерін арттырудың негізгі тәсілдерін қарастырады.   Ол – оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда тәжірибеде бар білімнің модернизациясының қосымша бөлігі  болып табылады.
Қазақстан Республикасындағы білім берудің жаңа жүйесінде әлеуметтік- экономикалық қайта құрылу,  болып жатқан өзгерістер, жаңартылған мазмұнды іске асырудың негізгі бағыттарын, мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру процесін ұйымдастырудың әдістемелік тәсілдерін, барлық талаптарға сәйкес балаларды дамыту мен тәрбиелеу үшін жағдайлар жасау ҚР «Білім  туралы» Заңы мен  2016-2017 оқу жылында мектепке дейінгі ұйымдарда меншік нысанына түрлері мен типтеріне қарамастан білім беру процесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 13 мамырдағы №292 қаулысымен бекітілген «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпыға міндетті мемлекеттік стандартына» және «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарларына»  сәйкес  ұйымдастырылады. Бұл құжаттарда мектеп  жасына дейінгі балалардың дайындық деңгейіне, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне қойылатын талаптар айқындалған.
          Білім беру үдерісін тиімді ұйымдастыру және балаларды мектепке дейінгі ұйымдарда сапалы тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету үшін келесі ұстанымдар және тәсілдер қарастырылуы қажет. Тәрбие мен оқытудың барлық қатысушылары – педагогтар, психологтар, ата-аналар мен баланың тұлғасын қалыптастыру, оның қабілеттерін дамытуда кешенді тәсілдер, тәрбие мен оқыту мазмұны мен әдістерінің бірлігі, сабақтастығы, үздіксіздігі және  ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы білім беру процесін интерактивті құруды мақсат етеді. Білім беру процесін іске асырудың инновациялық тәсілі мақсатында балалардың шығармашылық және интелектуалдық қабілеттерін арттыратын, эмоционалды-күштік саласын дамытатын, баланың танымдық қабілеттерін белсендіретін мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа, заманауи технологиялары мен әдістері енгізіледі.
          Тәрбие мазмұнын іске асыру жас ерекшелігі психологиясы мен мектепке дейінгі педагогика және білім беру салаларын кіріктіру негізінде жүзеге асырылады. Барлық білім беру салалары бір-бірімен байланысты. Бала оқи отырып таниды,  тани отырып не білгені туралы айтады, зерттеу және пайымдау барысында құрбыларымен бірлесіп әрекет етеді. Осылай білім беру салаларының өзара кірігуі және өзара байланысы балада қоршаған ортаның тұтас бейнесін – компетентті тұлға яғни қоршаған ортаға бейімделген жаңа тұлғаны қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
Барлық ТМД елдерінде жүзеге асырылатын мектеп жасына дейінгі балаларға арналған мектепке дейінгі ұйымда балалардың тіршілік әрекетін       ұйымдастыру – балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп, олардың физикалық, адамгершілік және зияткерлік дамуы үшін уақытты үйлесімді бөлу және қолайлы жағдайларды жасау.  Заттық-кеңістіктік дамытушы орта – бұл мектеп жасына дейінгі балалардың тұлғалық, эмоциялық, әлеуметтік және зияткерлік дамуын қамтамасыз ететін жағдайлардың жүйесі.
Күн тәртібі – бұл баланың қалыпты дамуына және оның денсаулығын нығайтуға мүмкіндік беретін тәулік бойғы уақытты ұтымды бөлу және түрлі әрекет түрлері мен демалыстың дұрыс өзара сабақтастығы. Ең бастысы – баланың жан-жақты мәдени тәрбие алатындығы.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламасының ерекшелігі:

  • күтілетін нәтижелер түріндегі мақсаттар жүйесіне жету есебінен мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнының сапасын арттыруға;
  • ұлттық дәстүрлерге, сондай-ақ жалпы адамзаттық қағидалар мен нормаларға негізделген рухани-адамгершілік және мәдени-әлеуметтік құндылықтарды қалыптастыруға;
  • тәрбиелеу, дамыту және оқытудың мақсат-міндеттерін ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына қойылатын талаптардың, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру деңгейлерінің арасындағы жүйелілік, тұтастық, сабақтастық және үздіксіздік қағидаттарының бірлігін қамтамасыз етуге;
  • балалардың, соның ішінде ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалардың денсаулығын сақтау мен нығайтуды қамтамасыз ететін психологиялық-педагогикалық жағдайларды жасауға;
  • мектеп жасына дейінгі балалардың жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып, ойын қызметінен оқу қызметіне біртіндеп өтуге дайындыққа;
  • жеке тәсілдер негізінде балалардың түрлі іс-әрекеттерінде олардың қабілеттерін, бейімділіктерін, талаптары мен дарындылықтарын дамытуға;
  • мектеп жасына дейінгі балалардың бастауыш мектепте оқуына тең мүмкіндік беруді көздейтін қарапайым қимыл-қозғалыс, коммуникативтік, танымдық, шығармашылық білім, білік және дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мақсаты осы жас кезеңінде тұлғаның қалыптасуы үшін қажетті алғашқы білім, білік және дағдыларды қалыптастыру болып табылады.  Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту:

  • балаға өмір бойы қажетті жеке қасиеттерін қалыптастыру үшін негіз болып табылатын жалпы адамзаттық құндылықтарға баулуға;
  • халықтық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға, әдебиет пен өнерге, фольклор мен еліміздің мәдени мұрасына негізделген білім беру мазмұнын іске асыруға;
  • мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылған және қамтылмаған балаларды дамыту  мәселелерінде ата-аналардың біліктілігін арттыру, оларды психологиялық-педагогикалық консультациялық қолдаумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Білім берудің  жаңа жүйесіне   негізделген мектепке дейінгі ұйымдарда дәстүрлі сабақ типі қолданылмайды, түрлі  ойындар түріндегі дайындықтар кеңінен көрініс тапқан, олар балалар белсенділігін арттырады. Мектеп жасына дейінгі балалардың жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып, ойын қызметінен оқу қызметіне біртіндеп өтуге дайындауды басты мақсат етеді.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын іске асыру «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында», «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпыға міндетті мемлекеттік стандартында» айқындалған міндеттерді орындауды талап етеді. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламасы жоғарыда аталған құжаттарда анықталған негізгі міндеттерді тиімді орындауды қамтамасыз етеді.
Бағдарламаның мақсаты:

  • балалардың жас ерекшеліктері мен жеке мүмкіндіктеріне, қабілеттері мен қажеттіліктеріне сәйкес білім, білік және дағдыларын қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарын, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясына негізделген сәйкес жалпыадамзаттық  құндылықтарды, патриотизм мен төзімділікті  тәрбиелеу.
  • Міндеттері:
  • баланың өмірін қорғау және денсаулығын нығайтуды қамтамасыз ететін заттық-кеңістіктік дамытушы ортаны құру;
  • мектепке дейінгі білім берудің сабақтастық және үздіксіз ұстанымдарын қамтамасыз ету;
  • балалардың дене, зияткерлік, адамгершілік, эстетикалық, коммуникативтік дамуына бағытталған білім беру салаларын кіріктіру;
  • мектепке дейінгі ұйым мен отбасының өзара ықпалдастығын қалыптастыру;
  • балаларды тәрбиелеу мен оқытудың тәрбиелік, дамытушылық, оқыту міндеттерінің бірлігін қамтамасыз етуді қамтамасыз ету.

«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» мен  ҚР  «Білім туралы»Заңында көрсетілген талаптарды мүлтіксіз орындау – мектепте оқуға қажетті біліктер мен дағдыларды игерген мектепке дейінгі ұйым түлегінің моделін сомдаудың нақты көрінісі. Есте болатын жағдай  –  Қазақстандағы жаңа заманға лайық жаңа білім беру процесін іске асыруда мектепке дейінгі ұйымдарда қолданылатын тиімді технологиялар мен әдіс-тәсілдерді пайдалану өз жемісін беретіні сөзсіз.
Білім беру кеңістігіндегі басты мақсат – әлемдік масштабтағы білім беру жүйесінен қалмай, озық  отандық жүйені қалыптастыру.

З.А.Калижанова
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
ПҚ БА институтының  академиялық
бөлімінің меңгерушісі
Қарағанды облысы
Г.О.Хасенова
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
ПҚ БА институтының  академиялық
бөлімінің  жетекші маманы
Қарағанды обласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.