Home » Сценарийлер » «Қазақстан – елім менің» «Атажұрт» тарихи-танымдық интеллектуалдық ойын

«Қазақстан – елім менің» «Атажұрт» тарихи-танымдық интеллектуалдық ойын

Мақсаты:

  1. Қазақстан Республикасы туралы оқушылардың дүниетанымын, таным-түсініктерін дамыту; сөйлеу дағдысын дамыту; туған халқына, Отанына, оның тарихи тағдырына деген құрмет сезімін қалыптастыру; туған жер табиғатымен, ел тарихымен таныстыру арқылы отансүйгіштікке, өз елі мен жерін құрметтеуге, қадір тұтуға тәрбиелеу. Патриоттық тәрбие беру.

Көрнекілік: «Атажұрт » жазуы, Қазақстан Республикасының картасы, безендіру құралдары.

Қатысушы: 3 «А», «В» сынып оқушылары.

Топтардың аттары: «Алаш» тобының эмблемасы

«Жерұйық» тобының эмблемасы

Жоспары: І тур: «Қанат қақты» — капитандар сайысы  1 минут, 10 сұраққа жауап.

ІІ тур: «Самғау» ұпайы көп команда бастайды. 5 сұраққа жауап беруге 1 минут уақыт беріледі. Ойынды ұпайы көп  топ бастайды. Сұраққа қосымша көмек беріледі.

ІІІ тур:  Шарықтау — жанкүйерлер сайысы. Көрерменге 2 сұрақ. 1мин.

IV тур: Шырқау. Бейнесюжет арқылы сұрақ. 5 мин. Әр командаға 2 сұрақтан беріледі.

V тур: «Жерұйық» — сұрақ-жауап. Әр командаға 5 сұрақ тапсырма. Соның ішінен 3 тапсырманы таңдап алып, 5 минутта жауап беру керек.

 

Ойын қортындысын шығару. «Саржайлау» күйі — Тәттімбет

Жүргізуші:  — Армысыздар, құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып жаңа жыл да келіп жетті. Той құтты болсын! Ұлыс оң болсын, бәле-жала жерге енсін, ақ мол болсын, ел тоқ болсын! – деп  дәстүрімізге айналған Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында мектебіміздің 3«А» және  3«В» сынып оқушылары мен ата-аналар арасында ұйымдастырылып отырған бұл ойнымызды туған қаламыз қазыналы Қарағанды қаласының 80 жылдығына арнаймыз.  «Атажұрт»  тарихи-танымдық ойынды бастауға рұқсат етіңіздер!

Жүргізуші: — Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар!  Отан.., Атажұрт…, Атамекен…, Туған ел… Адамға өте жақын, ауызбен айтып болмайтын түсінік бар ұғым. Өйткені, ежелден адамзат ата-бабасының қоныстанып, мекендеген жерін, мейлі ол құмды шөл, құрғақ дала, биік тау болсын, өзінің кіндік кесіп, кірін жуып, өсіп-өнген туған жерін жанындай жақсы көреді. Құрметтейді, қадірлейді. Ендеше, ортаға өздерін таныстыруға, ойын өрнегін көрсетуге келген 3 «А», «В» сынып оқушылары мен ата-аналарын шақырамыз. Құрманғазы «Сарыарқа» [күй әуенімен ортаға ата-аналар мен оқушыларды кіргізу]

      «Алаш» тобы: Жанайдарова Амина, әжесі Машрапова Майдаш; Мұсайын Расул анасы Мұсайын Алтын; Ертисова Зерде анасы Кокина Алия; Баянбекова Нұрсәулеанасы Сламболова Жадыра;

     «Жерұйық» тобы: Момбекова Гүлім, анасы — Тлеубекова Анар; Шәріполла Мерей, анасы — Блялова Айман; Тлеутаева Ақбота, анасы — Смагулова Гүлхан; Есимханов Мади, анасы — Ракишова Сайран

Наурыз мейрамы қарсаңында өткізгелі отырған кешіміздің құттықтау сөзін мектеп директоры Жалелов Абылай Армияұлына беріледі.

     Әділ қазылар мүшелері:

Мектеп директоры: Жалелов А.А

Оқу ісінің меңгерушісі: Ракишова Жайран Жақыпбековна

Тәрбие ісінің меңгерушілері: Исайынова Бақыт Қазбековна, Сая Сәтбергеновна

Бастауыш сынып бірлестігінің жетекшісі: Смағұлова Н

Жүргізуші: Алтын  ұяң – Отан қымбат,

Құт-берекең – атаң қымбат,

Аймалайтын – анаң қымбат,

Мейірімді – апаң қымбат,

Кіндік кескен – жерің қымбат,

Бәрінен де ұят пенен ар қымбат — деп, жырлаған Қаз дауысты Қазыбек шешен айтқандай  келесі сөзді топтарға береміз.

  1. «Алаш» тобының ұраны:

Таныған жұмыр жер Алаштың баласын,                                ,

Қазақтың елі мен даңқты даласын.

  1. «Жерұйық» тобының ұраны:

Қонақжай халықпыз, жомартпыз, дарханбыз,

Келешек күндерге тәтті үміт артқанбыз!

Сонымен  тарихи-танымдық «Атажұрт» ойынына хош келдіңіздер!

Біз әр ойын кезеңдерінде түсіндіріп отырамыз. Әділ-қазылар әр бөлімнің бағасын шығарып отырасыздар.

І тур: «Қанат қақты» — капитандар сайысы. Ортаға топ басшылары ата-анасымен шығады. [топ басшылары ортаға шығып, 1 мин ішінде 10 сұраққа жауап береді]

«Алаш» тобы:

  1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің авторлары:
  2. «Балалық шағымның аспаны» кинофильмі кім туралы? Н.Ә. Назарбаев
  3. Қазақстан Республикасының туының авторы Шәкен Ниязбеков.
  4. Қарағанды қаласының символы – қара алтынды кім тапты? Аппақ Байжанов
  5. Қазақстанда қандай таулар бар? (Алтай, Тарбағатай, Жоңғар, Іле, Алатау)
  6. 1998 жылы ЮНЕСКО шешімімен бұл қалаға «Бейбітшілік қаласы» атағын берді?
  7. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қай күн? 31 мамыр
  8. Қарағанды қаласының қала мәртебесін алған жылы? 1934 жыл 10 ақпан
  9. Үш бәйтерек ол кімдер? Сәкен, Бейімбет, Ілияс
    1. Қазақстанның ең биік шыңы (Хан тәңірі)
    2. Ақиық ақын, ірі қоғам қайраткері, әдебиет зерттеушісі, биыл туғанына 120 жыл толады. Ол кім? Сәкен Сейфуллин
    3. Қазақстан Республикасының ғарыш айлағы қай қалада? Байқоңыр
    4. Қазақстан Республикасының халық саны (15 млн жуық)
    5. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары. Шотаман Уалиханов, Жандарбек Мәлібеков
    6. Табиғат жыршысы, лирик ақын ол кім? Абай
    7. Қай жылы Қазақстан астанасы Астанаға көшірілді? (1997ж)
    8. Қазақта өлең атасы – Абай, күй атасы – Құрманғазы – десе, ән атасы деп кімді айтамыз? Әміре Қашаубаев
    9. 46 сөзден тұратын Абайдың нақыл сөздері не деп аталады? [қара сөз]
    10. Қазақтың ұлттық ойындарын ата: аударыспақ, қыз қуу, көкпар, алтыбақан, теңге алу, тоғыз құмалақЖүргізуші:  Туған ел!!  Бұл кішкентай үйіңнің табалдырығынан басталады. Содан шетсіз, шексіз қияға өрлеп кете барады. Оның жұпар атқан жусаны, оның кеудеңе құйылған мөлдір ауасы, жотаға өрлеген жалғыз аяқ жолдары – осының бәрі-бәрі сенің туған еліңді құрайды, — деп  келесі кезекті Самғауға береміз.

      ІІ турымыз. Самғау. 5 сұраққа жауап беруге 1 минут уақыт беріледі. Топ мүшелері кім сұраққа жауап беретінін ақылдасып, шешіп тұруға болады. Ойынды ұпайы көп топ бастайды. Сұраққа  қосымша көмек беріледі.

       «Алаш» тобына:

      1)  Сталиндік жазалаудың құрбаны болған Алты Алаштың рухани көсемі, «Алаш» партиясының негізін қалаушы тарихи тұлғаны атаңыз.

      [қосымша көмек]  Қазақ халқының азаттығы мен құқығы үшін күрескен ғасырдың басында  «Алаш» қозғалысының жетекшісі, тұңғыш президенті болған. [Әлихан  Бөкейханов]

      2) Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановта  бұл  алапты  зерттеп, сипаттаған. «Жұмбақ көл» деп ат қойған. Көлге Лепсі, Аягөз өзендері құяды. Көлдің қазіргі атауына байланысты халық ішінде бұрыннан айтып келе жатқан аңыз бар. Бұл қай көл?  [қосымша көмек]  Бұл көл Қарағанды облысындағы бір қала атымен аталады. [ Балқаш көлі]

      3) Жерлес, халқымыздың дарынды ақыны, Қасым Аманжоловтың өлеңі қарт Тянь-Шаньнің жүрегі…,  көк аспанның тірегі… , жер жүзіне жария. Лебі – боран, демі – жел. Қабағынан қар жауған,  бұлт жамылып, мұз киген, көкті құшып, күн сүйген. Жерге басын имеген қандай тау?

      [Хантәңірі]

      [қосымша көмек] Бұл  шың  Қазақстан Республикасының  Қырғызстанмен және Қытаймен шекарадағы ең жоғарғы нүкте.

      4) Елімнің кереметі! Түркістандағы қасиетті зат. Оны 7 металл қоспасынан құйып жасаған. Оған алпыс шелек су сияды, салмағы 2 т. Оның суы қасиетті су деп танылған. Оның бүйіріне өсімдік кейпіндегі өрнектер салынып, араб әріптерімен оюлап құйылған жазулары бар.Ол не?  [қосымша көмек]  Санкт-Петербургтегі Эрмитаждан Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі өз орнына қайта қойылды Бұл не? [тайқазан]

      5) Өздеріңе ұнайтын бір ақынның туған жер туралы өлеңін мәнерлеп оқып беріңдер.

       «Жер ұйық» тобына:

      1) Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы көл. Қарқаралы қаласының батысында Бұғылы тауының басында биіктікте орналасқан. Ұзындығы 60-75 м, Суы мөлдір, түбі тастақ, су сіңбейді. Оңтүстік, батыс, солтүстік жағаларын қоршап тұрған жартастардың биіктігі 10 м және одан да биік. Әңгіме қай көл туралы? қосымша көмек]  Оны  аққулар мекені  деп өлең жырға қосқан. [Шайтан көл]

      2) Бұл тау желісі аймақта орналасқан табиғи ескерткіштердің бірі. Таудың шыңы 1000 метрге дейін жетеді. Оның аумағында түрлі шатқалдар мен құздар орналасқан. Мұнда өсімдіктердің жүзге тарта түрі кең таралған, олардың 45 сирек кездесетін болса, Қызыл Кітапқа енгізілген. [қосымша көмек] Сонымен қатар тауда киелі саналатын тұзщы су көзі бар «Әулие» үңгірі орналасқан. Туристердің қызығушылығын тудыратын табиғат әлемінің ерекше бір туындысы. [Бектау ата]

      3) Мұздай, қойтас, ағып кіретін, алдамшы тыныш жылғалар мен құз биіктігінен құлап жатқан ашулы сарқырамалы ағыс. Бұл бұлақ Қазақстандағы ең үлкені. Олардың ең биігі (шамамен 120 м). [қосымша көмек] Бұлақ сарқырамасы Талдықорған қаласынан Жоңғар Алатауының ең шұрайлы жері – Кора өзенінің шатқалында орналасқан. Жетісу өңіріндегі ең биік сарқырама болып есептеледі. Құз басынан мұздай су құлай ағатын жұмбақ құбылыс. Қарақошқыл гранит құздан төгіліп жатқан ағыс кемпірқосақтың барлық түсімен құлпырып тұрады. Бұл [Сарқырама] не деп аталады? Бұрқан – бұлақ

      4) Қазақстан аумағында ірілі-ұсақты 85 мың өзен бар. (Ертіс, Тобыл, Есіл, Жайық, Сырдария, Іле, Шу). Оның ұзындығы 1000 км-ден асады. Бастауын Сарыарқадағы Нияз тауы етегінен алып, Ертіс өзеніне құяды. Ұзындығы 2450 км. Дүние жүзінде екінші реттегі ең ұзын өзен болып саналады. Бұл қай өзен? [қосымша көмек]  Бұл өзен бас қаланы қақ бөліп ағып жатыр. [Есіл өзені]

      5) Сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Жамбыл облысы Жамбыл ауданында  орналасқан. Сөз қай кесене туралы? [қосымша көмек]. Ескерткішті қалаған кірпіштердің әртүрлілігінің өзі таң қалдырады. Оның алғашқы қалпы біздің уақытымызға дейін тек батыс қабырғасында сақталған. [Айша бибі кесенесі]

      Жүргізуші: Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

      Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.

      Мен оның қасиетті тілін сүйем,

      Мен оның құдіретті үнін сүйем.

      Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,

      Бәрі маған «Отан» деп сыбырлаған.

      Жаным менің кеудемді жарып шық та,

      Бозторғайы бол оның шырылдаған –деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, келесі кезекті жанкүйерлер кезеңіне береміз.

      ІІІ  тур: Шарықтау — жанкүйерлер сайысы. 1 минутта 2 сұраққа жауап беріледі. Туған жердің тамаша көріністерін көрсетеміз. Жауап берілмеген жағдайда қосымша көмек беріледі.

      1) Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Түркістан қаласындағы орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Бұл қай кесене туралы айтылып тұр? [Ахмет Яссауи кесенесі]

      [қосымша көмек] Бұл кесене талай ғасырдан бері мұсылманшылықтың алтын рухани орталығы, бесігі болып келеді. Оны бүкіл қазақ жұрты, түркі әлемі ерекше қасиет тұтады.

      2) Халық арасында  бұл  тау хақында бұрыннан қалған аңыз бар. Қарт адамдардың айтуларына қарағанда, Алла о баста жерді, көкті жаратқанда, тауды да бірге жаратқан. Өзі аласа тау болса да, жер жүзіндегі таулардың қасиеттісі. Ілгеріде жер жүзін топан суы басып кеткенде, жалғыз осы тау аман қалған екен. Бұл тау қалай аталады? [Қазығұрт тауы]

      [қосымша көмек] Басқа жерлерді бұлт басса да, бұл таудың  басын бұлт шалмайды екен. «…. басында кеме қалған, Ол «әулие» болмаса, неге қалған?» — деген өлең жолдары да бар.

      Жүргізуші:

      Адамдық – борышың,

      Халқыңа еңбек қыл.

      Ақ жолдан айнымай,

      Ар сақта, оны біл.

      Талаптан да, білім мен өнер үйрен,

      Білімсіз, өнерсіз

      Болады ақыл тұл –деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, келесі кезекті Шырқау кезеңіне береміз.

      IV тур: Шырқау. Бейнесюжет арқылы сұрақ. Әр командаға 2 сұрақтан беріледі. 5 минутта жауап берілу керек.

      «Алаш» тобына: 1)  Әулиекөлдің сол жағында, Көкше мен Теміртау тауларының айырығында орналасқан жартас. Пішіні пирамида тәріздес, жиектері дөңгеленген граниттен тұрады. Биіктігі 18 м. Оның пайда болу тарихы туралы халық жадында сақталған аңызда: 17-жастағы тұтқынға түскен қалмақ қызы шыңынан Бурабай (ескі атауы Әулиекөл) секіріп кетеді де, сұлудың түскен жерінен таңғажайып жартас пайда болған. Егер көгілдір шығанақтан қараса, қыздың бейнесі байқалады, ал қарама-қарсы жағынан қараса мыстан кемпірдің бейнесін көруге болады. Орыс тілді авторлар «Сфинкс» деп атап кеткен. Қандай шың туралы? [Оқжетпес шыңы, Жұмбақтас,  Бурабай көлі]

      2)  Көрініс көрсетіледі. Наурыз мейрамы. Бұл мейрам туралы не білесіңдер?

      Тұсау кесу туралы не  айтасыңдар? Бұл сұраққа ата- аналар жауап беруге болады.

       «Жер ұйық» тобына: 1) Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым-ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Мысалы, салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Мына салт-дәстүр туралы ойларыңды ортаға салыңдар: бесікке салу (бесік жырын айтсаңыздар болады. музыкамен көркемдеу)

      2) Алматы қаласынан 195 шақырым шығысқа қарай орналасқан. 2004 жылдан құрылған  ұлттық паркінің құрамына кіреді. 12 миллион жылға жуық шөгінді тау жыныстардан қалыптасқан табиғат ескерткіші. Каньон құздарының биіктігі 150-300 метрге жетеді. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа 154 км созылып жатыр.Бұл шатқал қалай аталады? [Шарын шатқалы]

      Жүргізуші:

      Ұлтарақтай болса да,

      Ата қоныс жер қымбат.

      Ат төбеліндей болса да,

      Туып өскен ел қымбат, — деп Асан Қайғы бабамыз аңсап өткен Жерұйыққа да келіп жеттік.  Келесі кезең «Жерұйық»

      V тур: «Жерұйық» — сұрақ-жауап.

      Екі топқа 2 конверт таратылады. Әр командаға 5 сұрақ тапсырма. Соның ішінен 3 тапсырманы таңдап алып, 5 минутта жауап беру керек.

      «Алаш» тобына: 

      1 — тапсырма: Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі туралы пікірлерің.

      2 — тапсырма: Жаңа елорданың атау Астана болып қашан өзгертілді? 1998 ж. 6 мамыр

      3- тапсырма: Тұсау кесудің мағынасы неде?

       4-тапсырма:  «Ана тілі» тақырыбына бір өлең айту.

       5- тапсырма: Тіл, өнер, сөз тақырыптарына байланысты мақал-мәтелдер.

      «Жер ұйық» тобына:

      1-тапсырма: Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары – Туы, Елтаңбасы және Әнұраны туралы не айтасыңдар?

      2-тапсырма: Астанадағы  архитектуралық  құрылыс кешені, сәулет өнерінің бірегей туындысы. Елорданың ең көрнекті ғимараттарының бірі. Металлдан, әйнек пен бетоннан жасалған бұл «терек» сәулеттік мағынасы жағынан да, Есіл өзенінің сол жағалауында бой көтерген зәулім «Бәйтеректің» биіктігі 97 м.  97 деген сан нені білдіреді?

       3- тапсырма: Наурыз көженің құрамын атаңыз.

       4-тапсырма:  «Туған жер» туралы бір өлең айту.

       5- тапсырма: Отан, туған жер, ана тақырыбына мақал-мәтелдер.

      Ойынды қорытындылау. Сөзді әділ қазылар алқасына береміз. Номинациялармен марапаттау. «Білімді», «Алғыр», «Зерек», «Талапты», «Ұшқыр ойлы», «Жүйрік», «Ел болам десең, бесігіңді түзе!»;

      Ахмет Гүлбақша Төлегенқызы

      Әлихан Бөкейхан атындағы №76

      жалпы білім беретін орта мектеп,

      бастауыш сынып мұғалімдері,

      Қарағанды қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.