Тараз қаласының Дмитрий Карбышев атындағы №16 орта мектебінде 21 ақпан-Халықаралық ана тілі күніне орай Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында «Қазақстан-біздің ортақ үйіміз!» атты фестивалі өткізілді. Іс-шара мақсаты: оқушыларды қазақстандық патриотизмге, толеранттылыққа тәрбиелеу, ұлттар достығын дәріптеп, шығармашылық қабілеттерін арттыру.
Қазақстан Республикасын мекен еткен 130-дан астам ұлт өкілі күні бүгінге дейін ынтымақтастықта, бір үйдің баласындай тату-тәтті жарасымды тіршілік кешіп келеді. Жүзі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды, сондай-ақ қазақ халқының қарапайымдылығы, қонақжайлылығы, бауырмалдылығы үшін ерекше бағалайды, бастысы-өздері қоныс тепкен Қазақстан жерінің барлық ұланымен ауыз бірлікте, туыс болуды көздейді.
Іс-шара барысында оқушылар көпұлтты Қазақстанды мекен еткен халықтардың ұлттық салт-дәстүрлерін көрсетіп, ұлттық өнері мен тағамдарын таныстырды. Бұл іс-шарадан ата-аналар ұжымы да тыс қалмады. Олар өз кезегінде ұлттық дүниетаным айдарында әртүрлі тапсырмаларды шешуге балалармен жұмыла кірісіп, белсене қатысты.
«Қазақта бірлік болмай, тірлік болмайды»-деген ұлағатты ұғым бар. Ендеше елімізде бейбіт өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің татулығы артып, Қазақ елінің нығайып, өркендеуіне өз үлесімізді қоса берейік.
Орысбекқызы Сандуғаш,
Тараз қаласы Дмитрий Карбышев атындағы
№16 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары