Home » Шығармашылық бұрышы » Қазақстан – бейбітшілік пен келісім мекені

Қазақстан – бейбітшілік пен келісім мекені

Эссе

Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың асыл құндылықтарының бірі. Бүгінгі таңда Қазақстанда бейбітшілік пен өзара келісімде 140 этника мен 40-тан аса конфесиия өмір сүруде. Республикамыз көпұлтты және көп дінді қоғамнан тұрады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: «Қазақстан – бұл ортақ мекен, ортақ ұлт пен діннің тоғысқан жері. Барлық қазақстандықтарды ұлтаралық және дінаралық келісімдерді сақтауға шақырамын. Бұл біздің мәңгі еліміз бен Астанамыздың мақтанышы».

Жалпы бейбітшілікке, тыныш өмір сүруге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені тарихтан белгілі. Біздің елімізде 1-наурыз – Алғыс айту күні. Бұл жалпыхалықтық мереке туралы Президент: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне  мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», — деген болатын.

Газет басылымдарында мерекенің басты мақсаты – өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынас нығайту деп көрсетілген.

Мен өзім Алғыс айту күні – қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын мерекесі деп білемін. Қазақстан халқы бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы атап өтті. Тарихқа көз жүгіртсек, Столыпин реформасы кезінде елге тұтас этностар депортацияланды. Түрлі этнос өкілдерін вагондармен ашық қазақ даласына әкеп тастады. Онсыз да күнін әзер көріп отырған қазақ халқы оларды үйлеріне кіргізіп, бір үзім нанымен бөлісіп жеді. Бұл қазақ халқының бауырмалдық, жанашырлық, сүйіспеншілік қасиеттерге бай халық екенін көрсетеді. Өзім қарастырған бір дереккөзде «Алғыс айту күні – осындай тарихта болған қиын кезеңде халықтың басына түскен ауыртпашылықты бірге көтеріп, Тәуелсіз Қазақстан құруда Елбасының жетекшілігімен басталған игі бастамаларды бірге қолдап, аянбай тер төккен азаматтардың бір-біріне деген құрмет көрсету күні» деп беріледі. Яғни еліміздің өркендеуіне үлес қосқан қазақстандық әрбір азаматтың мерекесі, еңбегі деп ойлаймын.

«Сырт көз – сыншы» деген мақал бар ғой қазақта, қазақ жерін зерттеген саяхатшылар, ғалымдар, елшілер қазақ халқының меймандос, сабырлы, момын, ешкімге жамандық, қаскөйлік жасамайтын халық екенін, қазақ елі ежелден бейбітшілік сүйгіш, өз бетімен ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған.

«Бірлік бар жерде – тірлік бар дейді» біздің дана халық. Дана жұрт мұны тегіннен тегін айтпаса керек. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.

Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі — еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады.

Мысалы: менің балалық шағым өткен ауылда әр түрлі ұлт өкілдері тұрады. Ең қызығы, мен олардың бөлінгенін ешқашан көрген емеспін. Бала кезімнен бастап мәдениет үйіне барып жүрдім. Онда түрлі ұлттардың фольклорымен таныстым. Бізді халықтардың дәстүрлерін құрметтеуге үйретті. Қазақстанда тұрып өзіміздің төл мерекелерімізбен бірге өзге ұлттардың мерекесін тойлаймыз. Маған ерекше әсер еткен мәдениет үйінде жұмыс істейтін шешен ұлтының әдіскер апайы еді. Ол кісінің арқасында мен Кавказ елінің мәдениетімен, өнерімен танысып, жақсы көріп қалдым. Өкінішке орай, біздің ортамызда ұлтқа, халыққа бөлінетін адамдар да бар. «Жаман ұлт жоқ,  жаман адам бар» дейді ғой. Кейбір кезде өз қазағымыз да ішінен руға, жүзге, ауыл мен облысқа бөлініп жатады. Осы кемшілігіміз мені ойландырады. Менің қаным аралас: қазақ, украин және түрік. Сол үшін мен әрқайсын құрметтеймін. Кейбір кезде қазақи ортаға  тап болғанда «Сен қазақсың ба?», «Қазаққа ұқсамайсың!», «Қазақ қызы болсаң, руың кім?» деген сұрақтар жиі қойылады. Бүгінгі уақытқа дейін бұл сұраққа еш ойланбастан «Орта жүз- Арғын – Бәсентейін — Барлыбай» деп жіпке тізгендей қуана айтып беретінмін. Кейін есім кіргеннен бері сол сұрақ қойған адамға «Ал енді бауырым деп жақтайсың ба, не болмаса жат бауыр деп санаймысың» дегендей телміріп қарап тұрамын. Себебі бауырмалдық, сыйластық сияқты жақсы қасиеттер бүкіл жалпы адам баласына бірдей. Бір-бірімізді көптеген категорияларға бөлмей, сыйлап, жақсы көре білсек бола бермейді ме?… Қорытындылай келе, Абай атамыз айтқандай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» ешкімді бөлмей, бөлектемей, бәріміз бір үйдің баласындай тату-тәтті тұрсақ екен деймін.

 

Ильяшева Аида
Қаратай ЖОББМ
9-сынып оқушысы

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.