Home » Жаңалықтар » «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жеңімпаздарымен кездесу

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жеңімпаздарымен кездесу

Ағымдағы жылдың қазан айында «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарын облыс педагогтеріне насихаттау, таныстыру мақсатында кездесулер ұйымдастырылды.

Бірінші кездесудің кейіпкері Белла Асланбековна Газдиевамен онлайн-кездесу 19 қазанында өтті. Белла Асланбековна филиалдың профессорлық-оқытушылық құрамын «Қазақстандық ауыл мектептері оқушыларының кәсіпкерлік және STEAM дағдыларын қалыптастыру» тақырыбындағы жобасымен таныстырды. Жобаның авторы Газдиева Б.А. өз сөзінде бұл жобаның тақырыбы ауылдық мектептерді дамытуға өзекті екенін негіздеді.

Ауылдық мектептердің оқушыларының кәсіпкерлік және STEAM білім беруды дамытуға бағытталған жобаның мақсаттары мен міндеттерін сипаттады. Қазақстандағы ауылдық мектептердің қазіргі жағдайын және НЗМ үздік тәжірибесін ескере отырып магниттік мектептің моделін және зерттеу әдістемесін түсіндірді. Ол Қазақстандағы ауыл мектептерінің оқушыларына кәсіпкерлікті және STEAM білімді дамытуға бағытталған жобаның мақсаттары мен міндеттерін сипаттады. Ол ауылдық мектептердің, ауылдық жерлердің мәртебесінің көтерілуіне және тұтастай елдің инновациялық тұрақтылығын және бәсекеге қабілеттілігінің арқасында жобаның ұзақ мерзімді әсерімен бөлісті. Жобаны Ақмола облысының ауылдық мектептерінде әрі қарай тарату, Инновация және кәсіпкерлік орталығын ашу сияқты алдағы жұмыстарымен таныстырды. Филиалдың профессорлық-оқытушылық құрамы жобамен таныса отырып, Батыс Қазақстан облысы ауылдық мектептерінің оқушыларына Кәсіпкерлік және STEAM білім беру тәжірибесін таратуда бірлесіп жұмыстану ұсынысын білдірді.

Екінші кездесудің кейіпкері Музыка академигі, халықаралық байқаулардың лауреаты, «Жаншуақ» сыйлығының иегері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Саида Қалықовамен «Өнерге тағзым» атты кездесу кеші өтті. 25 қазаны күні ұйымдастырылған шараға 250-ге тарта облыс педагогтері, институт ардагерлері мен ұжымы қатысты.

Шырайлы шараның шымылдығын ашқан «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО ПҚБАИ» директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты С.С.Измуханбетова ықылас гүлін табыстап,  адамның мүмкіндігі шексіз екенін тума талантымен дәлелдеген, он екі мүшесі сау адамдарға ісімен үлгі болған Саида Қалықоваға алғыс білдіріп, оның шығармашылығын Ақ Жайық жұртшылығы, соның ішінде ұстаздар қауымы  әрдайым мақтанышпен айтып жүретінін жеткізді.

Бүлдіршін шағында, яғни 9 жасында жасалған отадан кейін қос жанарынан бірдей айырылған кезде музыканы жанына серік еткен Саида 4-сыныпта оқып жүргенде-ақ өзінің туған қаласында алғашқы концертін беріп, 15 жасында алғашқы туындысын жазған екен.

Туа біткен талантының арқасында ата-анасының қолдауымен  қаламыздағы №3 музыка мектебін, 2006 жылы Оралдағы Құрманғазы атындағы саз колледжін, 2010 жылы Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетін фортепиано класы бойынша үздік аяқтаған. Шығармашылық жолын одан әрі шыңдау мақсатында пианист Саида  білімін «Болашақ» бағдарламасы арқылы Италияда жалғастырды. Кеш қонағының үнемі мақтанышпен айтар тағы бір жетістігі Саиданың еліміздегі жалғыз музыка академигі екендігі. Саида Тұрарбекқызы қазіргі таңда Астана қаласының мемлекеттік академиялық филармониясында қызмет атқарады.

Елбасынан бата алып, қазақ елін төрткүл дүниеге танытып жүрген Саидадай өнерлі жастың бойынан тек қана қазаққа тән қайсарлылық, өмірге деген құштарлығы өшпейтін жігерлілік, адамгершілік көрініп тұр.

Жылы жүздесуде бекзат өнердің талғампаз өкіліне көрермен ұстаздар тарапынан сұрақтар қойылып, Саидамен сыршыл сұхбат, әсерлі әңгіме өрбіді. Музыка тұңғиығына бойлаған әдемі шара жүрегі «қазағым» деп соққан әрбір жанды қанаттандырып, ерекше жанрдағы әуенмен сусындатты.

 

Динара Жумагалиева, Рысханым Куанаева
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Батыс Қазақстан облысы
бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.