Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының керектігін айта келсек, «Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадына біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды» деп жазды. Мемлекет басшысы осы жалпыұлттық қасиетті орындарды «… неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы» деп атап көрсетті.
Осы мақалада аталып отырған Ұлытау өңірі де – исі қазақтың тұтастығының алтын діңгегі. Солтүстік географиялық белдеуде орналасқан және қазақ үшін қастерлі орындардың бірі – Ұлытау жері. Қазір мұнда зиялы қауым, тарихшылар, археологтар, атқарушы билік бірлесіп, аталған мақсат аясында маңызды жұмыстарды іске асыруға бел шешіп кірісті. Археологтардың айтуынша, халқымыздың тарихи астанасы саналатын Ұлытау жерінде 6 мыңға жуық ескерткіш бар екен. Өкінішке орай, қазір соның 20 пайызы ғана зерттеліп, мемлекет қорғауына алынған екен.
Тоқтамыс пен Едіге батырдың да жатқан жері – осы қарт Ұлытау. Енді бұл киелі орындарды Елбасының тапсырмасымен географиялық белдеуге енгізу үшін тарихшылар тынбай еңбектеніп жатыр. Нұрсұлу Раймова, Ұлытау Ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайының ғылыми қызметкері: — «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламасына сай «Ұлылыққа тағзым» экспедициясы бірнеше жылдар бойы қорық-мұражайда жүріп өтті. Оңтүстіктегі Түркістанмен, Берелмен, Бекет ата, Өскемен, Семей, Ордабасы, Отырар, Тараз қорық-мұражайларымен өзара байланыс жұмыстары жүріп, өлкенің тарихын бір-бірімізге таныстыру мақсатында жүріп өткен экспедициялар болды.
Ұлытау жеріндегі киелі орындардың бірі – көне металлургиялық Талдысай қонысы. Бұл жерде ерте қола дәуірінде ата-бабаларымыз мыс балқытып, бұйым жасапты. Шахталық тәсілмен жұмыс істейтін жерасты пештері – соның дәлелі. Тарихшылар «Ұлы Жібек жолынан» бұрын «мыс жолының» болғанын, керуеннің дәл осы Ұлытау жерінен өткенін айтады. Ғабдол Әуезов, тарихшы, археолог: — Бұл біріншіден, бізге қатысты евроцентристік көзқарасты жоққа шығарады. Қазақ халқының ата-бабалары, яғни көшпенділер, бәріміздің ата-бабамыз тек ғана мал бағып, егін егіп қана қоймаған, адамзаттың үшінші шаруашылығы – металлургияны игерген, одан бұйым жасағандығын көрсетеді. Сан ғасыр бұрын салынған тарихи-мәдени ескерткіштерді құртып алмау үшін, жыл сайын қалпына келтіру жұмыстары да жүйелі жүргізіліп тұрады. Бұған дейін Жошы хан, Домбауыл мазарлары мен Хан ордасы қалпына келтірілсе, былтырдан бері Дүзен кесенесі жөнделіп жатыр.
Ардақ Асылханұлы, тілші: — Дүзен кесенесі – 19-ғасырдағы сәулет өнерінің озық үлгісі. 1980 жылдары құрылысшылар кесенені жөндейміз деп, қабырғасын бүлдіріп алған. Содан бері тіреумен тұрды. Тек былтыр ғана республикалық қазынадан 20 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған болатын. Игі жұмыс биыл да жалғасады деп жоспарланып отыр. Елбасы өз мақаласында «елдегі ішкі және сыртқы туризм халқымыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуі тиіс» деген болатын. Бұл бағытта атқарылатын ауқымды жұмыстар жуырда ғана қабылданған өңірді дамытуға арналған үш жылдық бағдарламада толық қамтылыпты. Мамандардың айтуынша, ауданға жылына 10 мыңдаған турист келеді екен.
Әнуар Омаров, Ұлытау ауданының әкімі: — Бірнеше ғасырлық тарихы бар нысан бізді сол ғасырларға қарай жетелеп алып кету емес, керісінше, барлық өзінің қадір-қасиетімен біздің қазіргі шынайы өмірімізге бері қарай шығып, ол біздің ұлттық мәдениетімізді, тарихымызды әлем халқына паш етуге қызмет жасауы керек. Яғни бұларды әлем халқына таныстыру, осы арқылы туризмді дамыту, оларға инфрақұрылым жеткізу керек. Мақаланың мәйегі – мәдени-географиялық белдеуге енетін орындардың маңызын әр қазақстандыққа жеткізіп, оқу-ағарту жұмыстарын жандандыру. Қазір Ұлытаудағы мектеп оқушыларына аптасына бірнеше мәрте өлкетану сабақтары өткізіліп тұрады. Мұражай қызметкерлері туған жердің бай тарихын жас ұрпақтың санасына сіңіруге барын салып жатыр.
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Отан – өткенімізді танып, бағалай білу, ең әуелі, өзімізді қадірлей білу» — деген екен. Ендеше, ежелгі атауы Ертағы, кейінірек Ұлытау аталған ұлы өңірдің тарихы да кең-байтақ Қазақстан тарихының қасиетті бір бөлшегі ретінде еліміздің игілігіне қызмет жасаса игі. Осылайша, кешегіміз бен келешегіміздің екі ортасын көктей ойлап, елеп-екшер болсақ, бар-жоғымызды түгендеп, қарыз бен парызымызды таразыға тартар тұста қамсыз отырып, қапы қалмас үшін туған топырақ түлектері біздер, бірінші кезекте не істей алар едік деген сауал алдыңды өне бойы орап тұруы тиіс. Бізге Елбасының маңызды жобаларының бірі «Туған жерді» жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналдырып, халқымызды, әсіресе, жас ұрпақты туған жерге, елге деген сүйіспеншілікке баулу үшін тер төгуімізге, ата-бабаларымыз аңсаған, қанын да жанын да аямаған, бүгінгі таңда қол жеткізген ең асыл құндылығымыз – тәуелсіздігімізді қорғап, сақтап, нығайта беруге күш-жігер жұмсауымызға тура келеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Аудандық «Ұлытау өңірі», «Егемен Қазақстан» газеті
- Сәбит БАЙДАЛЫ, журналист, алаштанушы — Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, 2017ж
- «Ұлт ұясындағы ұлағат» атты жинағы, 2014ж
А.Ж. Шаркенова,
«Сәтбаев қаласының №1мектеп-гимназиясы» КММ,
бастауыш сынып мұғалімі,
Сәтбаев қаласы