Home » Мақалалар » ҚАЗАҚСТАННЫҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУЫ ҮШІН КАДРЛАРДЫ ДАЯРЛАУ —  УАҚЫТ ТАЛАБЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУЫ ҮШІН КАДРЛАРДЫ ДАЯРЛАУ —  УАҚЫТ ТАЛАБЫ

85 жылдық тарихы бар еліміздің жетекші университеті – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жоғарғы оқу орындары арасында әлемдік көшбасшыларының бірі болып саналады. ҚазҰУ даңқты жолды жүре отырып, Қазақстанның әлеуметтік-саяси және экономикалық дамуына  елеулі үлес қосып келеді. «Қазақстан – 2050 қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» стратегиясында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі жəне келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстау керек» деп атап өтті. Осыған байланысты, мемлекеттің күш-жігері өнеркәсіптің басым бағыттары бойынша республиканың индустриялық-инновациялық дамуын іске асыру үшін кадрлар даярлауға бағытталған. Кадрларды қайта құру мәселесін шешу тек ғылым мен білім үшін ғана емес, өнеркәсіп үшін де қажет болды. Экономиканың қайта өңдеу секторын дамыту химик-технологтарды, химик-инженерлерді және жаңа форматтағы мамандарды дайындап шығаруды талап етеді. Білім берудің бірінші кезектегі міндеті – идеяларды іздестіру және оларды дамытуға ғана емес, сонымен қатар, өндіріске жаңа технологияларды енгізуге қабілетті, сонымен қатар бәсекелестікке түсетін өнім шығаратын кәсіпорындарда жұмыс істеуге қабілетті және инновациялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін түрлендіруге (конвертациялауға) бағытталған мамандар даярлау болып табылады.

Қазақстанның индустриялық-инновациялық экономикасын дамыту мақсатында жасалған Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңін (МИИДБ II)  іске асыру шеңберінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өз қызметін ел экономикасының нақты секторының субъектілерімен толық біріктірді. Осыған сәйкес университет, студент және кәсіпорын арасында оқу, өндірістік практикадан өту және әрі қарай жұмысқа орналастыру мәселелері қарастырылған үш жақты келісімшарттар жасалды. Мұндай білім беру процесін жүзеге асыру химия және қайта өңдеу өнеркәсібі саласында жоғары кәсіби біліктіліктері мен шеберліктері бар, бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие мамандарды даярлауды қамтамасыз етті. Ол үшін, ең алдымен, білім беру процесі өндіріс қажеттіліктерімен және қазіргі заманғы ғылыми жетістіктермен тығыз байланыста болды. Сондықтан, білім алушылардың бойында кәсіби білімнің кең спектрін меңгеруге шығармашылық қызығушылық тудыратын интеграцияланған білім беру бағдарламаларын әзірлеу маңызды болды. Оған оқу процесіне құзыреттілік және тұлғалық-бағдарлы тәсілге негізделген кредиттік-модульдік білім беру бағдарламаларын енгізу ықпал етті. Бұл ретте білім беру процесінің акцентін пәндік-тәртіптік және мазмұнды жағынан ғылымның жаңа жетістіктеріне негізделген кәсіби білімді, біліктілік пен іскерлікті өз бетінше меңгеру бағытына көшіру жүзеге асырылды. Бұл түлектердің әрі қарайғы кәсіби қызметінде қажет болып табылады.

Химия саласы үшін жоғары білікті инженерлік кадрларды дайындау мақсатында Қазақстанның инновациялық-индустриялық дамуының мемлекеттік бағдарламасын орындай отырып, факультетімізде «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша магистратура үшін негізгі оқу жоспары әзірленді. Оқу жоспары Қазақстанның химия өнеркәсібі кәсіпорындарының кадрларды даярлау жөніндегі ұсыныстарын ескере отырып құрастырылды.

Магистранттар елдің тау-кен өндіру саласының қазіргі жай күйін, минералдық шикізатты өңдеу тереңдігін арттыру әдістерін, минералдық шикізатты өңдеудің өзекті мәселелерін, минералдық шикізат ресурстарын қайта өңдеудің әртүрлі технологияларын, мысалы, кендер мен минералдарды бағалы компонеттерімен алу үшін электрохимиялық қайта өңдеу; өнеркәсіптік шикізат пен сирек металл өндірісінің қалдықтарын кешенді қайта өңдеу; шикізат пен оның өңделген өнімдерін талдаудың қазіргі заманғы әдістері; қайта өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының экологиялық тәуекелдерін есепке алу және алдын алу қарастырады.

Технологиялық мамандықтарда оқитын магистранттардың кәсіби даярлығын жетілдіру бойынша міндеттерді шешу үшін өндірістік кәсіпорындармен ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Бұл келісім магистранттардың өндірістік практикасы мен әрі қарай жұмысқа орналасуын қарастырады. Үш жақты келісімшарт «AltyntauKokshetau» ЖШС, Қазақстанның ең ірі алтын өндіруші компаниясы болып табылатын Васильков тау-кен байыту комбинатымен (Қазмырыш); «ҚазАтомПром» ҰАК;  «Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК, «Қазақмыс» және тағы басқа кәсіпорындармен жасалды.

Осылайша, Қазақстанның индустриялды-инновациялық экономикасының дамуын қарастыратын  мемлекеттік бағдарламаны (МИИДБ II)  сәтті жүзеге асыру нәтижесінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультеті өз қызметін ел экономикасының нақты секторының субъектілерімен біріктірді, бейорганикалық материалдар технологиясы саласында 350 маман даярлап, шығарды.

 

       х.ғ.к., доцент Мусабекова А.А.,
 х.ғ.к., доцент Аргимбаева А.М.,
х.ғ.к., доцент Кудреева Л.К.,
PhD, аға оқытушы Рахымбай Г.С.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.