Home » Мақалалар » ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ АРТУЫНДА АДАМИ КАПИТАЛДЫҢ РӨЛІ

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ АРТУЫНДА АДАМИ КАПИТАЛДЫҢ РӨЛІ

Кез келген қоғамның, компанияның және отбасының дамуында адами капиталдың құндылығы жоғары.

Жаһандағы ғылыми-техникалық және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер адамзатқа жаңа талаптар қоюда. Адами капитал – мемлекеттің дамуы, оның мызғымас болашағы мен экономикасының күре тамыры.

Қазақстан Республикасының Президенті- ««ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ» атты жолдауында: «білімнің сапасы мен қолжетімділігі әрбір қазақстандық отбасына маңызды»,— деп атап өткен болатын.

Халықаралық тәжірибелерге сүйенсек, адами капиталға жұмсалған инвестициялар, соның ішінде білім беруге, әсіресе, ерте жастан бастап есейген шаққа дейінгі оқыту — экономикалық көрсеткіштер мен қоғамның әлеуетіне айтарлықтай үлес қосады.

Егер белгілі бір мемлекеттің орта білім беру ұзақтығы бір жылға ұлғайса, бұл елдегі ішкі жалпы өнімнің көрсеткіші 3-6 пайызға артады екен. Ал елдегі білім беру саласына жұмсалған қаржының тек 1 пайызы жалпы ішкі өнім мен елдің білімге қолжетімділігін 0,35 пайызға арттырады. Мұндай мәліметтерді Экономикалық ынтымақтастық пен тұрақты даму қоры жариялады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: — «барлық дамыған мемлекеттер, «ақылды экономикаға» бет бұруда. Ал оны жүйелі дамыту үшін адами капиталдың маңыздылығы жоғары», деп атады. Қазір әлемде білім беру саласын дамытуға жұмсалған қаражат – әлеуметтік салаға бөлінген қолдау ретінде қарастырылмайды. Ұлттық білім беруге арналған қаржы – мемлекеттің өз болашағына құйған және ауқымды кіріс әкелетін тікелей инвестициясы. Ғаламдық бәсекелестікте озық елдер қатарындағы мемлекеттердің барлығы өзінің білім беру жүйесін ұдайы дамытуда.

Мыңдаған қазақстандық мұғалімдердің күнделікті тынымсыз еңбегінің нәтижесінде елдегі білім беру саласы Тәуелсіздік жылдарында ауқымды жаңашылдықтарға бет бұрды. Оның нәтижесінде сана мен сапаға басымдық жасалған шәкірттер саны көбейді. Бұл жетістіктер халықаралық, тәуелсіз сарапшы ұйымдардың көрсеткіштерінде көрініс тауып келеді.

Елбасының қойған тапсырмасына сәйкес, Назарбаев мектептері ұлттың зияткерлік әлеуетін арттырумен қатар, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін және оның үздіксіз дамуына үлес қосуы тиіс.

Сондай-ақ, «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» дербес білім беру ұйымдарының тағы бір мақсаты: үздік қазақстандық және халықаралық оқытудың тәжірибесін жалпы білім беру ұйымдарына тарату арқылы барлық қазақстандық оқушының заманауи білімге қолжетімділігін жеткізу болып табылады. Бұл тапсырмаларды орындау үшін осыдан он жыл бұрын еліміздің барлық аймақтарында көшбасшы мектептер құрылды. Зияткерлік мектептерде үздік қазақстандық және әлемдік білім беру тәжірибесінің моделі жасақталды. Бұл оқу орындары өзінен кейінгі басқа орта білім беру мекемелерінде білім шамшырағын жаңғыртуды негізге алып отыр.

Әрине, жаңа білім беру жүйесі елімізде және халықаралық деңгейде мойындалғаны қуантады. Өйткені, «Назарбаев Зияткерлік Мектептерінің» оқыту үдерісі ұзақ жылдар бойы сараптамалар мен апробациялардан өтті. Сайып келгенде бұл оқу бағдарламасы Ұлыбританияның ұлттық квалификациялық орталығымен (зияткерлік мектептердегі 12 жылдық білім беру жүйесі) GCE A-Level халықаралық сертификатына тең деп расталды.

Германияның білім және мәдениет министрлігі Назарбаев мектептерін тәмамдаған түлектерді қосымша емтихандарсыз бірден немістің жетекші жоғары оқу орындарына қабылдауға шешім шығарды.

Сол секілді Назарбаев Университеті Кембридж Халықаралық емтихандар Кеңесінің сертификатын мойындап, емтиханның нәтижесі бойынша жоғары ұпай жинаған түлектерді бірден (Foundation – бір жылдық университет алды даярлық курсы) І курсқа қабылдауға бет бұрды. Ал 2018 жылдың қыркүйегінен бастап елдегі жоғары білім беретін 8 университет «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» түлектерін бірден ІІ курсқа қабылдайды.

Мемлекет басшысы жолдауында, «Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқыту стандарты елдегі барлық мемлекеттік білім беру мекемелеріне енгізілуі қажет. Осылайша мектептердегі білім берудің реформаларын аяқтаймыз.», делінген.

«Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі» білім беру жүйесі нені көздейді? Елбасы мектептеріндегі оқыту әдісі қалай іске асады деген сұраққа жауап келтіретін болсақ, жауап – жүйелі-әрекеттік тәсілге басымдық жасау.

Оқу үрдісін ұйымдастыруда жүйелі-әрекеттік тәсіл – көпкезеңдік оқыту мақсаттарын негізге алады. Бұл тәсілдің тиімділігі сонда – білім алушы әзір ақпаратты меңгермейді. Яғни оқушы, білімді іздеу, ақпаратты талдау, көру, есту және оқу арқылы – өзіндік түйінді жасауға машықтанады. Мұнда баланың функционалдық сауаттылығы, алған білімін өмірде қолдана білу, теориядан бұрын практикаға бейімделуін – жүйелі-әрекеттік тәсіл дейміз.

Оқытудың бұл жүйесін енгізу арқылы, біз — академиялық білімі терең, аса өнегелі, қоршаған ортаның өзгерістеріне өзіндік баға беретін, экономикалық және әлеуметтік процесстерді болжайтын, идеяларды дамыту арқылы прагмматикалық шешімдер қабылдай алатын жан-жақты тұлғаны қалыптастыруды көздейміз. Бәсекелестік ортада сұранысқа ие, заманауи дағдыларды игерген маман қашанда ел экономикасының негізі. Өйткені қазіргі өркениет дәуірі ойлау қабілеті мүлдем басқа, ақпараттар ағынында адаспайтын және бітімгершілік қабілеті зор жандарға талап қоюда. Осыған орай қазіргі мұғалімдердің де оқыту шеберлігі, оларға жүктелетін жаңа міндеттердің артуы негізссіз емес. Себебі баланы оқытатын мұғалім – оқушыдан білімі мен біліктілігі жағынан кем түспеуі керек. Бала білетін гаджеттерді, мобилді құрылғылардағы қосымшаларды туралы мұғалімдер де хабардар болғаны жөн. Хабардар болудан бөлек оларды қолданудың жолын, баланың ой-санасын дұрыс қалыптастыруға, оң бағытқа зерделеуге және көшбасшылық икемін дамытуға көмектесуі қажет. Өйткені қоғамда бірнеше дәуірдің адамдары өмір сүреді. Ал бүгінгі ұстаз алдында тұрған ең үлкен міндет ХХІ ғасырдың азаматын тәрбиелеу. Біз кейде мұны Y және Z ұрпақтар деп атаймыз. Сіз бен біздің өмір сүріп отырған ортамыз секунд сайын жаңаратын, минут сайын өзгеретін, ай-сайын мың құбылған ақпараттық-технологиялар дәуірі. Бұл жағдайда адамның тұрақты дамуына мүмкіндік туғызу, оның әлеуметтік және рухани сұранысын қанағаттандыру басты назарда болуы тиіс. Міне, Елбасының жолдауында бұл көріністер жан-жақты сипат тапты.

Биылғы жолдаудың тағы бір ерекшелігі қазан айында аталатын ұстаздар күні қарсаңында педагогдартың мәртебесі туралы айтылу. Біздер, білім беру саласының мамандары өз қызметімізге Елбасынан жоғары баға алдық деп білеміз. Өйткені «ұстазын ұлықтаған ұлт қана — ұлы бола алады», -дейді данышпан Ыбырай. Педагогтардың мәртебесі туралы арнайы заң жобасының қабылдануы — сала мамандарының қызметін одан әрі дамытуға, мұғалімдердің әлеуметтік проблемаларын шешуге мұрындық болары сөзсіз. Демек, ұстаздар қауымы да сәйкесінше еңбек етуге, ізденуге, жаңаны тануға құлшынысын арттырады деген үміт ұялайды.

Жолдау жүктеген міндеттердің арасында білім беру саласына қатысты нақты тапсырмалар бар. Олар: мектептердегі писхологтардың жұмысын жандандыру, мектеп бітіретін жоғары сынып оқушылары арасында кәсіби-бағдарды ұйымдастыру арқылы нарықтағы сұранысы жоғары мамандықтарға оқытуды қолға алу. Осылайша мектеп бітіретін түлек пен ұстаздың ауыртпалығы азаяды.

Мемлекет басшысы әр жолдауында жас буынды тәрбиелеу, олардың алаңсыз білім алуына жағдай туғызуды шет қалдырған емес. Сөзімізге дәлел, Елбасының жасөспірімдер арасында патриоттық тәрбиені арттыратын «Жас ұландар» клубын құру, «Туған жерді танып біл» идеясы негізінде жаппай мектепшілік туризмін дамыту — келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан игіліктер. Осы орайда айта кетсек, аталған жобалардың басым көпшілігі еліміздегі зияткерлік мектептерде он жылдан бері табысты іске асып келеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті, Ұлт Көшбасшысы негізін қалаған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының тәжірибесінің мойындалуы торқалы тойға жасалған ең үлкен сыйлық деп түсінеміз.

 

Айтбөкешев Айдарбек Төлепұлы

«Назарбаев Зияткерлік Мектептері» дербес білім беру ұйымдарының Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы филиалының директоры

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.