Бес әлеуметтік бастаманың аясында студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында Елбасы ҚР БҒМ 2022 жылға дейін кемінде 75 мың орынға жаңа студенттік жатақханалар құрылысын бастауды тапсырды. Осы мәселені шешу үшін ЖОО, колледждер, МЖӘ қағидаты бойынша девелоперлік компаниялардың жатақханалар салу жұмысын бастауды ұсынды.
Елбасы тапсырмасын орындау барысында Министрлік жобаны іс жүзінде жүзеге асыруды бастау үшін белсенді дайындық жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда қаржыландыру сұрақтары шешілді. Қолданысқа берілетін жатақханаларға мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін республикалық бюджеттің келесі үш жылдық кезеңіне арналған жобасында 15 млрд теңге қарастырылған. Студенттерді жатақханаларда орындармен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібі бекітілді. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібін реттейтін заңға тәуелді актілер әзірленді. Нормативті актілер жобаларын талқылау мүдделі мемлекеттік органдар, ҮЕҰ және бизнес қауымдастығы өкілдері қатысуымен өтті.
18 қыркүйекте ҚР Білім және ғылым министрінің «Студенттерді, магистранттарды және докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларын бекіту туралы», «Студенттерді, магистранттарды және докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін анықтау әдістемесін бекіту туралы», «2019 жылға арналған студенттерді, магистранттарды және докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру туралы», «Мемлекеттік білім беру тапсырысына байланысты қызметтер көрсетудің Тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 1 тамыздағы № 350 бұйрығына толықтыру енгізу туралы» бұйрықтары мемлекеттік тіркелу рәсімінен өтті.
Бұл нормативті актілер бірінші рет ресми жарияланған уақыттан 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді (бұйрықтар мәтінімен «Қаржы орталығы» АҚ сайтында танысуға болады — www.fincenter.kz). ҚР БҒМ барлық мүдделі тараптарды жобаны іс жүзінде жүзеге асыру аясында белсенді ынтымақтастыққа шақырады. Студенттік жатақханаларды салу бойынша оператор болып ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ белгіленді.
ҚР БҒМ Баспасөз қызметі