Ислам діні – адамзатты тура жолға бастайтын дін. Адамды имандылыққа, мейрімділікке,қайрымдылыққа,бауырмашылыққа бастайды.Имансыз ұлт болмайтынын түсінген ата – бабаларымыз, ислам дініне қатты көңіл бөлген. Дей тұра, бүгінгі күні Қазақстанда діннің ахуалы бөлек.Өйткені Қазақстан географиялық тұрғысынан алғанда Евразияның кіндігінде орналасқан. Батысы мен солтүстігінде христиандық Ресей,Шығысында Конфуцилік-Буддалық Қытай т.б.Осының бәрі атейстік кеңес үкіметі құлаған заматта қазақ жеріне лап қойды. Қазақстан тәуелсіз ел атанғалы 1992 жылы «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» Заң, 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа Заң қабылданды. Алғашқы асығыс қабылданған заң қазақ жеріне миссионерлерді ағылтқаны аян. Соның әсерінен, кейбір деректер бойынша, 1989 жылы 30 конфессияға тиесілі 700-ге жуық діни бірлестік болса, 2008 жылы Қазақстанда 46 конфессияға тиесілі 4000-нан аса діни бірлестік жұмыс істеген. Ал қазіргі таңда Қазақстанда 4551 діни бірлестік бар делініп отыр (салыстыра кетсек: 1990-жылдары олардың саны небәрі 670 болатын).Соның бірі 1992 жылы көктем айында Алматының қақ төрінде Лермонтов театрында өткен христиан дінінің І-ші сьезінен кейінгі түрлі діндердің,діни секталардың.түрлі ұйымдардың өсіп-өнуі,онысыз да одақтың құлағаннан кейінгі халықтың әлеуметтік топтарын өз қатарларына жергілікті ұлт өкілдерінің есебінен көбейтуіне ықпал жасады. Кеңес билігі кезеңінде ұлт зиялылары руханиятқа деген қажеттілікті әдебиет пен өнер арқылы өтеп, халыққа шама-шарқынша дұрыс тәлім — тәрбие беріп келді. Ал тоқсаныншы жылдардағы әлеуметтік — экономикалық дағдарыс осы тәрбие мектебіне де өз салқынын тигізді. Дәлел келтіретін болсам, Мемлекет халықтың рухани бағытын айқындап бермеген соң, қаталаған қалың бұқара шөлі қанбаса да секталардың жалаң діни ақпаратынан су ұрттай бастады. Ал, миссионерлер болса, халықтың осы мағынауи һәм материалдық қажеттілігін өз мақсаттарына ұтымды пайдалана білді. Егер біздің билік Кеңестік кезеңде белгілі бір деңгейге көтерілген мәдениет пен әдебиетімізді аман сақтап қала алғанда, бәлкім, дәл бүгінгідей рухани дағдарыс орын алмаған болар еді.
Уақыт өте келе қазіргі таңда кездесіп отырған келеңсіз жағдайлардың ең күрделісі — діни экстримизм мәселесі болып тұр.
Экстремизм деген не? Қоғамға тигізер әсері қандай?
Қазіргі таңда діни — ахуал жағдайында жалпы экстремизм деген терминге зерттеушілер ортақ бір нақты мазмұн беретін балама сөз тапқан жоқ. Әр ғалым өзінше сөз саптайды. Бір анығы, қоғам үшін бұл – үлкен қауіпті құбылыс.
Экстремизм (ехtгеmus) деген латын тілінен енген термин, сөздік мәні соңғы, шеткі деген мағынаны білдіреді, ал саяси мағынасы шектен шыққан көзқарас пен іс — әрекет арқылы ерекшеленетін күрделі әлеуметтік феномен. Сонымен қатар, бұл – тікелей немесе жанама түрде парламенттік демократияны жоққа шығаратын саяси қызмет түрі.
Экстремизмнің негізгі белгілерін қалай ажыратамыз?
Менің ойымша бұл ұйымдардың мақсаты: біріншіден, мемлекетте диктатура орнатуды ашық жариялайды, яғни бұл дегеніңіз елдегі азаматтардың саяси және азаматтық құқықтарын кемсіту; екіншіден, елдегі конституциялық құрылымды үзілді — кесілді мойындамайды, оны зорлық — зомбылық күшімен жоюға және билікті заңсыз басып алуға ашық түрде насихаттайды; үшіншіден, заңсыз қарулы жасақтар құрады; төртіншіден, елде әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, тіл және діни алауыздықты қоздырады, сонымен қатар, осы ерекшеліктер бойынша азаматтардың құқығын шектеуді мақсат етеді; бесіншіден, елде белгілі бір ұлттың немесе діни конфессияның тоталитарлық режимін орнатуға ұмтылады.
Енді осындай қадамдарға, осындай ортаға біздің азаматтардың баруына не нәрсе итермелейді.? Соның ара жігін ашып алсақ. Бірінші сананы тұрмыс билеген заманда осы жолға қоғамның қорғалмаған әлсіз топтары жұмыссыз, үйсіз-күйсіз жастары мен жас отбасылары түседі.Екінші; діни фанаттар (әсіредіншілдер) қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанған ислам дінінің Ханафи мазхабын (дәстүрлі бағыт) жоққа шығару жолында қайшылық тудырып келеді. Себебі: қазақ халқының дәстүріндегі әдет-ғұрыптар: тәңіршілдік,ата – баба әруағына тәу ету т.б.көптеген нормаларды «аллаға серік қосу» деген айыппен өз ортамыздан шыққан адасушы ағайындар түсінбей іріткі салуда. Енді оларға айтарым қазақ елінің ғасырлар бойы ұстанған Ханафи мектебінің негізін салушы — Әбу Ханифа ағзамның өмірінен аздап хабардар етейін.
Ханафи мазхабының негізін қалаған имам Әбу Ханифа (699 – 767 ж.ж.) өз мазхабын саналы түрде араб емес халықтар үшін жасады. Әбу Ханифа исламнан бұрын да, тек пұтқа табынушылар ғана емес, сондай-ақ, зороастризм, иудаизм, христиан дінінің көптеген ағымдары секілді жоғары дамыған діндер жүйесі таралған Месопотамияда (қазіргі Ирак жері) өмір сүрді. Ол діндердің әрқайсысының Қасиетті кітаптары, ғибадатханалары және ғасырлары бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптары бар еді. Оның үстіне ол халықтарға араб тілі мен араб мәдениеті мүлдем жат болатын. Сондықтан имам Әбу Ханифа араб еместерді үркітіп алмас үшін аздаған жеңілдіктер қарастырды. Онда да ол жеңілдіктер идеологиясына емес, тек құқықтық және ғұрыптық нормаларына қатысты болды. Яғни, жергілікті халықтың исламға қайшы келмейтін ырым-жоралғыларына тиым салмай, керісінше діни-құқықтық нормалардың кейбірін соған қарай икемдеді. Сол себепті біздің жерімізге келген алғашқы дін таратушы миссионерлер көшпелі халықтың ыңғайына қарап, бастапқы канондарды аздап трансформациялаған. Енді негізгі мәселеге келетін болсақ, билік органдары ең бірінші жастарды жат пиғылды ортадан арашалау үшін жұмыспен қамтуы керек. Қазіргі көптеген мемлекеттік мекемелердегі зейнет жасындағы азаматтар жастарға орын босатуы тиіс. Қазақтың кіндігі ауылда болғандықтан ауылды көркейту,ауылдық жерлерде жұмыс орындарымен қатар орта кәсіптік оқу орындарын ашу,спорттық базалар құру мемлекетке тиімді болары хақ. Өйткені бүгін әлемдегі 250-ге жуық мемлекеттегі 7,3 милиард адамды асырап отырған 10 шақты аграрлы мемлекет қана. Соның бірі әрі бірегейі болуға Қазақстанның толық мүмкіндігі бар. Бұл дегеніміз орасан көп ауыл аймақтардағы жұмыс орындары.Қорыта келгенде әлеуметтік-экономикалық мәселе шешілмей бұл діни экстримизм мәселесі шешуін табуы ұзағырақ процесс.
Үшінші; қауіпті әдебиетке тиым болмай діни экстримизмнің алддын алу мүмкін емес. Діни бағыттағы түрлі бағыттағы әдебиеттер ҚМДБ тарапынан қатаң бақылауда болуы шарт.
Түйін: әрбір азамат қоғам тыныштығы үшін діни экстремизмге табанды түрде қарсы тұруы тиіс. Қазақ халқы ертеден — ақ бірліктің, ынтымақтың маңызын жете түсінген. Бабаларымыздан өсиет болып бізге жеткен «Бақ қайда барасың ынтымағы мен бірлігі жарасқан елге барамын»- деген қанатты сөз бүгінгі күн ішінде өз көкейкестілігін жойған жоқ.
Аманбаев Қалиақпар Амангелдіұлы
№2 Алматы мемлекеттік гуманитарлы-педагогикалық колледжі
әлеуметтік пәндер оқытушысы