Home » Жаңалықтар » ҚазАТУ-да І Республикалық студенттік театрлар фестивалі өтті  

ҚазАТУ-да І Республикалық студенттік театрлар фестивалі өтті  

2019 жылы 25-26 ақпан күндері С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Жастар жылы мен Сәкен Сейфулиннің 125 жылдығына орай  «Бабалар жолы — халқының мұрасы ұрпаққа аманаты!» атты І Республикалық студенттік театрлар фестивалі өтті.

Фестивальға Қостанай, Алматы, Көкшетау, Тараз және басқа да студенттік театрлары қатысуға ниет білдірген. Театр өнерпаздарының шығармашылығын ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері, Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының актерлері  Кеңес Нұрланов, Жанат Чайкина және Күлия Қожахметова бағалады.

Екі күнге созылған өнер додасына театр труппалары үлкен дайындықпен келген.  Оқу ордамыздың «Ақ желкен» театры бесінші болып өнер көрсетіп, Ғазиз Ештанаевтың «Жол басы» қойылымын сахналады. Қойылым режиссері – Нурфат Вахитов. Дәл осы спектакль «Үздік режиссерлік шешім» номинациясымен марапатталып, ІІ орынға қол жеткізді.

Фестиваль қорытындысы бойынша, «Жоғарғы деңгейлі шығармашылық үйлесім» атағына Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің «ТИГУ» жастар театры лайық деп танылып, дәл осы шығармашылық құрам мүшесі өзгелерден дараланып, актерлік шеберліктері өз замандастарынан басым түскен «Желтоқсан жаңғырығы драмасындағы» Қайрат Рысқұлбековтың рөлін сомдаған Байғазиев Асылбек «Үздік ер адам рөлін» жеңіп алды. Қалалық мәдениет және спорт басқармасының арнайы сыйлығымен  «Абақты ғұмыр» қойылымы үшін Қостанай қаласының «Шаңырақ» театры марапатталды. «Мен бір адамға ғашықпын» лирикалық қойылымын сахналаған  Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің «Жауқазын» жастар театры «Үздік дебют — Сәкен Сейфуллин атындағы арнайы сыйлығын»  қанжығасына байлады.

«Тар заманда тарихты түгендеген Ермахан Бекмаханов» спетаклімен келген  Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның «Дебют» театры І орын және «Үздік қойылым» номинациясын еншіледі.  Дәл осы қойылымда Ермахан Бекмахановтың жұбайы Халиманың рөлін асқан шеберлікпен  сомдаған Нұрай Айтуароваға «Үздік әйел адам рөлі» номинациясы бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом мен ақшалай сертификат табысталды.

 

Бота Жұмабайқызы
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті
Баспасөз орталығының редакторы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.