Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Тұңғыш» атты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы экскурсия жобасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Шараға Елбасы кітапханасының директоры Ә.М.Рахымжанов, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректоры А.Қ.Күрішбаев, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары К.К.Актаева, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Салтанатты іс-шара шымылдығы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің әскери дефилесімен ашылды. Сондай-ақ (Елбасы жеке архивының құжаттарынан жасақталған) «Қазақстандағы президенттік институттың құрылу және даму тарихы» көрмесі ашылды.
Көрмені ашқан Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов:
– Тәуелсіздік жылдарында мемлекет өмірінде орын алған тарихи оқиғаларды ескере отырып, халықтың үміті ақталды деуге толық негіз бар. Қазақстан қарқынды дамып келе жатқан елдердің қатарына қосылып, жаңаша ойлау мен тың көзқарастың үлгісіне айналды. Осы тұста Елбасымыз таңдаған президенттік институт қоғам бірлігін нығайтып, мемлекет егемендігін күшейтті. Мұның бәрі Қазақстанның әлем алдындағы абыройын асқақтатты, — деді.
Басқарма төрағасы А.Күрішбаев көшпелі экскурсияның маңыздылығына тоқталып, шара ұйымдастырушыларына алғыс білдірді. «Елбасымыздың қайраткерлік жолындағы барлық маңызды құжаттары топтастырылған бұл көрменің орны ерекше. Игі шараның біздің оқу орда қабырғасында өтіп жатқандығы көңіл қуантады. Өскелең ұрпаққа үлкен тәлім, тағылым, жігер сыйлайтыны анық», — деп түйіндеді Ақылбек Қажығұлұлы. Сондай-ақ ректор университеттің ғылыми жетістіктерінің көрмесімен таныстырды.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Тұңғыш» көшпелі экскурсиялық жобасы Мемлекет басшысының жасампаз идеялары мен бастамаларын, кітапхананың бірегей қорларын насихаттап, келушілерді Н.Ә.Назарбаевтың өмір жолы мен қызметімен таныстырады.
Студенттер назарына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының тарихи жолын ашатын бейнехрониканың сирек кадрлары, фотосуреттер мен мұрағаттық құжаттар жиынтығы ұсынылды. Келушілер Елбасының даңғыл жолын бейнелейтін бірегей материалдар кешенін тамашалап, бейнехрониканың сирек кездесетін кадрларымен, суреттер мен архив құжаттарымен, ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы құжаттармен, мемлекеттік және қоғамдық наградалары, Н.Ә.Назарбаевқа отандық және шетелдік спортшылар тарту еткен сыйлықтар топтамасымен танысты.
Көрмеге ҚР Тұңғыш Президенті Жеке мұрағатының қорынан және Елбасы мұражайының қорынан алынған заттық бұйымдар, фотосуреттер, жеке заттар ұсынылды.
Шара барысында кітапхана директоры Ә.М.Рахымжанов «Ұлы дала ұлағаттары» «Модель Назарбаева», «Нурсултан Назарбаев. Биография» және өзге де кітаптарды сыйға тартты.