Home » Мақалалар » Қадыр Мырза Әлі өлеңдеріндегі қазақ болмысы

Қадыр Мырза Әлі өлеңдеріндегі қазақ болмысы

 

 «Қадыр Мырзалиев өзінің өлеңдерімен,

 ақындық қасиеттерімен әр

қазақтың  жүрегіне жазылған есім…»  

 

Әр дәуір өз ақынын тудырады десең, Қадыр шығармалары оның өзі өмір сүрген жылдардағы көркем тілмен жазылған шежіре десек те болады.Оның поэзиясы сан қырлы. Олар адал еңбек, махаббат, адамгершілік, Отан, қазақ мінезі, елге, жерге деген сүйіспеншіліктен бастап, барлық жақсылық атаулыға сүйсініп, соғыс қаупінен бастап, туған жер табиғатына деген немқұрайлыққа дейінгі барлық келеңсіздіктерге  ашынады.

Әр ақын – өзінше бір-бір әлем. Қадыр Мырза Әлі – сөздің сәйгүлігі, ойдың озарманы. Оның өлеңдерінде ұлттық мінез, ұлттық тіл, ұлттық дін, т.б. айрықша өрнектеліп қазақ болмысын суреттейді.

Ол бастан жомарт қазақ топырағы,

Ол қашан дастарқансыз тоқырады.

Мейманға нәрін беріп, барын бәріп,

Қонақтан қалғанын жеп отырады.

Сондай-ақ:

Қазақ осы

Құда бол деп қинайтын,

Құдаларын құдайындай сыйлайтын.

Қазақ осы

Дүние мен малыңды,

Онды солды шашу үшін жинайтын.

Бұл өлең жолдары қонақжайлық, меймандостық жайында. Ал «Жеті» өлеңінде жеті санының неге қымбат екеніне, салт-дәстүрімізге тоқталады. Жеті саны – қазақта киелі. Оны мынадай өлең сөздерінен де көруге болады. Жетіге келген бала күрт өседі, яғни есейеді. Сарапшылар еш уақытта жаңылмайды, егер жеті рет өлшеп, бір кессе. Аптамыз – жеті күннен, қайтыс болған адамның жеті күн садақасын береді. Мұсылмандар балаларына жеті атасын жаттатады. Қазақстан жерінде Жетісу деген әсем жер бар. Аспанымызда жеті жұлдыз шоғырланып орналасқан. Соңында жеті санының үш түгілі, екіге бөлінбейтіні айтылады.

Ақын өлеңіндегі ұлттық мінездің жарқырай көрінетін тағы бір тұсы:

Аман қалған шабуылдан жүздеген,

Батыр халық екенбіз ғой біз деген.

Аямаған жұрттан нанын, тұзбенен,

Жомарт халық екенбіз ғой біз деген…

Ақын қазақтың қонақжайлығын,салт-дәстүрін жырлай отырып,ұлттық мінезін дәл басып, суреттейді.

Ұлт болудың ең басты және негізгі шарты – ұлттық тіл болса, ақынның:

«Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!» деген тұжырымы бұл – барлығымызға қойылатын талап. Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да  қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы.

Қадыр Мырза Әлі  – ең алғаш өзінің шығармашылық жолын балаларға арнап өлеңдер жазудан бастаған ақын. Ол өзін балалардың психологиясын, мінез-құлқын жазумен айналысқан педагог жазушы ретінде танытты. Оның өлеңдері – қазақ балаларының білім қорын байытып, өмірлік сабақ алуына ұйымды түрде тікелей жәрдемдесетін еңбектер. Тек бір «Не үшін?» өлеңін алсақ,осы өлеңнен қазақ баласының образын көргендей боламыз.

-Екі көзің не үшін керек?

-Жақсыларды көру үшін!

-Екі қолың не үшін керек?

-Елге көмек беру үшін керек!…

-Тіл мен жағың не үшін керек?

-Ақиқатты айту үшін.

-Ал аяғың?

-Шетте жүрсем,

Туған жерге қайту үшін!…

Оның «Көктем», «Кішкене Қожанасырлар», «Ноян қоян», «Сабақ», «Алуан Палуан» сияқты кітаптары – қазақ балалар әдебиетінің алтын қорына қосылған туындылар.

Қадыр ақын үнемі адам бойындағы ізгілікті, жақсылықты іздеп табуға ұмтылады, сонымен қатар оның бойындағы кемшіліктерді де көре біледі. Адамдарда жиі-жиі ұшырайтын ашқарақтықты, қанағатсыздықты, дүниеқоныздықты, тойымсыздықты т.б. қазаққа жат қылықтарды өткір жыр тәсілімен түйреп отырды. Ол тәсілдер мазақтамаларында, қалжыңдарында көрініс тауып, ұлттық күлкіні құрайды. Қомағайға арналған мазақтамасы:

Әй, қомағай, қомағай!

Екі ұртың тола май,

Соғып жатсың қарамай.

Мешкейліктен қомағай,

Болмайсың ғой Толағай!

Ұлттық күлкі «Сақал саудасы», «Түрт,сайтаным түрт!» комедияларында да кеңінен көрінеді.

Қадыр Мырза Әлі шығармалары бар қазақты өмірдегі, табиғаттағы сұлулықпен бірге жақсылықты көре біліп, ұлттық тәрбие алуға көмектеседі. Оның өлеңдері адамның мәдениетін өсіреді, туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін оятады.

От ішінде,

Өрт ішінде күйгенде.

Басыңды име,

Тізе бүкпе,

Именбе!

Ер еңкейсе, еңкейеді

Жалғыз-ақ,

Туған жердің топырағын сүйгенде! деген тамаша жолдары – адам бойындағы ар-намыс, патриотизм ұғымына поэзия тілімен берілген ең асқақ анықтамасы.

Оның жырлары – жүздеген мың жолдан тұратын шетсіз, шексіз терең мұхит.Оның жырлары – қазақ болмысын жырлаған қолтаңбалар.

Ақын К.Ахметованың сөзімен түйіндесем, «Қадыр Мырза Әлі –  ұлт ақыны. Қазақ деген тегі мықты, тарихи бай, тағдыры күрделі, түйсігі мың қатпар, астарлы, алапат тілді, қабілетті, қаһарман, қайсар халықтың тұңғышына бойлап, кеңдігіне кепіл боп, бітімімен біте қайнасып, ұлылығын, рухын, ар-ұятын, үмітін барынша әспеттей отырып, кемшіннің мінін, қайғысын, сорын азаматтық тұрғыда қазып айта алған сыншыл да ойшыл ұлы ақын».

Сөздің сәйгүлігі, ойдың озарманы, үлкенге де, кішіге де өзінен кейін мол үлгі болар мұра қалдырған ақын еңбектері «Қадыр мектебі» деп атауға тұрарлық. Балаларға арналған өлеңдері, жаңылтпаш, жұмбақтары бастауыш орыс сынып оқулықтарына және орта буын, жоғары сынып оқулықтарына көркем тілмен айтылған ойлары (афоризмдері) «Елтаным» бағыты бойынша мектеп бағдарламасына енгізіліп, өз өңірімізден шыққан Қадыр, Жұбан сынды ақындар мен басқа да өнер майталмандары туралы айтып, оларды балалардың санасына жеткізе білсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Ақ Жайық  өңірі қашанда ақынға да, азаматқа да ежелден кенде болмаған. Әр ақыны мен азаматының өз шығар биігі бар.

…Қош бол, аға, бақыл бұл, бір аунап жат,

Көз тігіп жат әрқашан бұл ауданға.

Қабырғасы қайысқан елің барда,

Мәңгі өлмейсің,артыңнан сұрау барда, – деп жерлес апамыз Дәмелі Құсайынқызы жырлағандай, Қадыр Мырза Әлі мәңгі біздің жүрегімізде.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Таңдамалы туындылар» I том 2010 жыл.
  2. Қадыр Мырза Әлі «Өлеңдер» 2005 жыл.
  3. «Қазақ жырының Қадыры» 2010 жыл.
  4. «Қазақ шайыры» Ана тілі 2012 жыл.

Гүльжан Бидалықызы
Есеналиева,

Ақсай қаласының  ЖББ №6 орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің І санатты мұғалімі,

Бөрлі ауданы, БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.