Қараша айының 29 жұлдызында Қарағанды қаласындағы №5 жалпы білім беретін орта мектебі әлеуметтік серіктестік шеңберінде «Бәсекеге қабілетті жастар – Қазақстанның болашағы!» атты алғаш рет квест ойындарын өткізді. Қалалық білім бөлімінің қолдауымен қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, оның ішінде «Кәсіптік білім және педагогика» кафедрасының І курсс магистранттарының ұйымдастыруымен өткен бұл шараның мақсаты – дарынды жастарды қолдау және кәсіби білімге дайындау. Қаламыздың оңтүстік шығыс бөлігіндегі мектептердің 11 сыныптарының қатысуымен өткен бұл сайыс – басқа сайыс түрлеріне қарағанда тартысқа толы болды. Айта кетсек №27 мектеп, №16 мектеп, №5мектеп, №39 мектеп гимназиясы, №59мектеп, №81 мектеп және №57 мектептерінің қазақ, орыс сыныптары командаларының қатысуымен ойын өрби түсті. Бұл жерде қатысушылардың миссиясы қолындағы бағдар парағына сүйене аялдамаларға кезекпен кіріп, командасымен бірге жұмыла жұмыс істеу. Көлік құрастыру, құрылыс инженер, ақпараттық технология, алғашқы әскери дайындық, медицина және экономика бағыттарында жабдықталған кабинеттерге кезекпен кіріп, тапсырмаларды орындау. Ең бірінші бөлменің атауы құрылысшылар бөлмесі. Онда құрылыс жабдықтарының атауымен жасырылған жұмбақтардың жауабын шешіп, қандай мақсатта қолданылатыны жайлы қысқаша айтып өтеді. Оны орындап болған соң келесі бөлмеге кезекпен кіріп, орындай береді. Әр орындалған тапсырмаларға модераторлар командалардың белсенділігі үшін бағалап, әділ қазылар алқасына ұсынып отырды.
Әділ қазылар алқасының құрамында №5 мектеп директоры К.Е.Құрмашович, директордың орынбасары Ж.М.Нұрымбетовна, оқу-ісі жөніндегі директоры К.А.Мырказиевна сонымен қатар ҚарМТУ-дың «Кәсіптік білім және педагогика» кафедрасының аға оқытушылары М.Ж.Каржумбаевич, Б.Н.Сабыровна төрелік етті. Командалардың жинаған бағаларымен қатар команданың ұжымдылығы, дайындығы және эмблемасы мен киімдеріне қарап әділ шешімін шығарды.
Орыс топтары арасында №57 мекетеп пен №39 гимназия командалары 74 балдан жинап тең түсіп, бірінші орынды теңдей бөліп алды. Қазақ топтары арасынан І орынды №5 мектеп қанжығасына байласа, №16 мектеп кубокқа иелік етіп қайтты. Қалған мектептің ұжымдарын алғыс хаттармен марапаттап, құр қол қайтармады. Бұл ойын түріне деген оқушылардың қызығушылығы оянғаны сөзсіз. Алдағы уақытта ерекше ойын түрі жалғасын табады деген ойдамыз.
Ербол ЕРБОЛАТ
Қарағанды облысы бойынша Республикалық
«Білім айнасы» газеті мен «bilimainasy.kz» сайтының тілшісі