Бүкіл дүние жүзінің ақындық мәдениетінің маңызды элементтерін қамтыған Абай шығармалары қазақ әдебиетін, оның әлем мәдениетін ғасырлық оқшаулану, мешеулік қалпынан шығарып, жоғары тарихи сатыға көтерді. Данышпанның халықтығы мынада: ол өз халқының рухани көзі болып, алысты көре білді, халық үшін ойлап, халық үшін сезіне жүріп, оның тарихи келешегін көрсетіп берді.
Кемеңгер ақынның: «Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла…» дегендегі жұмбағын тура түсіне білу, батыл, санасы көреген, батыл көзді, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған дарынды түсіну, ол кез — келген адамның қолынан келмейтін нәрсе.
«Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» — деген Абай қағидасын дұрыс түсінсек деймін. «Отыз сегізінші сөзде» Абай «Хакім, ғалым асылда бір сөз, бірақ дүниетануда басқаланады» дейді. Абайдың түсінігінде бұрыннан айтылып келе жатқан қағидалы өсиет (нақыл) сөзге жүйріктер ғалым аталады.
Демек, Абайдың ең басты жұмбағының шешуі іздеушілік, зертеушілік, ол хакімдік, данышпандық, философтық жол. Ол даму жолы, ол ғылым жолы…
Абай шығармаларын зерделей келе, оның экономикалық жағынан қарастырған көзқарастарына тоқталғым келді. Өздеріңіз көріп тұрғандай ақынның шығармалары өмірдегі барлық тақырыпты қамтитындығына көзіміз жетті. Ол тек қазақ халқын ғана емес, қазіргі таңда бүкіл әлемді өзінің даналығымен, ерекше даралығымен де тамсандыруда. Осы орайда «Абай экономист емес, оның бұл салада арнаулы білімі де жоқ»,- деген сұрақ қоюы да әбден мүмкін. Сауал орынды шығар. Бірақ ойшыл-философ ақын үшін дүниетаным шеңбері тар емес. Ол өмір заңдылықтарынан тыс қалмайды. Сөз саралап, ой қорыту үшін алдымен табиғат пен өмір заңдылықтарын жақсы білу шарт. Сонда жоғарыдағы сауалға дана және дара Абайдың өз сөзімен жауап берейік. Ол былай дейді: «Ғалым-хакім емес, әрбір хакім- ғалым». Міне, осы тұжырымнан- ақ дананың әрбір ғылымның саласынан хабары бар, ой қорыта алатынын көруге болады.
Сондықтан ұлы ойшыл-философ өлеңдері мен сөздеріндегі қөзқарастың экономикалық қағидаларға тоғыстыруға әбден болады. Оған мысалдар ақын поэзиясынан да, қарасөздерінен де көптеп табылады. Оның ойы айқын, тұжырымды әрі мысалдар арқылы түсінікті. Халықтың экономикалық өміріне, тұрмыс-салтына салыстырмалы түрде сипаттама беруі ұлы ақынның негізгі ерекшелігі. Мәселен, «екінші сөзі» негізінен қазақ халқының экономика меңгеруіндегі ісін басқа ұлттармен салыстыра айтуы осыны дәлелдейді. Ол өз халқын қастерлеумен қанағаттанып қалмай, басқа халықтарды да бағалай білді. Ұлы дана қазаққа егіншілік мәдениетін меңгеруді, сауданы үйрену, реттілікті сақтауды, терлеп еңбек етуді аманат етеді. Солай істесең ғана байлық, салтанаттың болғандығын баса айтады. Бұл қағида бүгінгі күні ерекше өміршең. Нарықтық экономика кезінде көп салалы шаруашылықты дамытудың маңызы зор екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Тек мал өсіру табысқа жеткізбейтінін көріп, біліп отырмыз. Бұл жөнінде Абайдың отыз үшінші сөзі тұтасымен қазақтар арасында қолөнер кәсібінің сипаты мен оны ұйымдастыру жайын тұжырымдау, одан әрі дамыту жолдарын белгілеу мәселелеріне арналған. Абай: «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренуі керек. Мал жұтайды, » — дейді. Бұған қарсы пікір айтуға болмайды. Шыны осы. Ал егер Абай айтқандай ауылда егіншілікпен, саудамен қолөнермен айналысқан болсақ тап бүгіндей ауыл жұтамас еді. Абайға қайта жүгінейікші. Осы сөзінде: «Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі- қазақтың әулиесі сол». Данышпан Абай үшінші қара сөзінде адамның бойынан кездесетін мінездерді айта келіп былай дейді. «Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге: егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді». Қазақтың бас ақыны Абай мал шаруашылығының экономикасын даму мәселелерін терең де жан-жақты білетінін аңғару қиын емес. Абай қазақтың момын баласы бөтен жаққа шығып, еңбек қылып, мал іздемейтіндігіне ренішін білдіре отырып жазған. Абай поэзиясы мен қарасөздеріне үңілген сайын оның саудаға ерекше мән бергенін аңғарасыз.
Нарықтық экономика барымызды ұйқыдан оятты. Самарқаулықты жеңіп, сілкіндік. Бұл күнде қазақ бөтен жерге шығып, еңбек қылып, егін салып, саудамен шұғыл айналысқан халықтың бірі бола бастады.
Абай төртінші қарасөзінде мынадай экономикалық пікір танытқан: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ — өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға екінші қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды»,-дейді.
Қазақтың бас ақыны Абайдың алтыншы қарасөзінде — Егер ырысты болсаң, мал беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар жалданып бірлік қылады. Сонда олар бөтен жерден күнкөріс іздемейді дегенді айтады. Бұл бүгінгі күннің ұраны болса керек. Бұл өсиетті тек экономиканы көтеру арқылы ғана жететіндігімізді, бәсекеге қабілетті ұрпақтың болашағына қажеттігін сол кезде-ақ түсініп, ұлы дана көрегендікпен болжап айтқан. Ортасы басқа, діні басқалармен жағдайының жақсы болса бірлікте тұрады, дегенді де айтады. Бұл қағидалардың өміршең екендігін қазіргі таңда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Астанадағы Бейбітшілік және Келісім сарайында жүргізілген әрбір келісім сөздерінен аңғаруға болады.
Абай: «Көкірегің тірі болсын, ақыл тап, сөз ұқ, алға ұмтыл, әрекет жаса, ерінбей мал табуға жігер қыл»- дейді. Яғни, ақылмен адал еңбек ет дегенді айтудан жалықпаған. Оның пікірінше, адамның абыройын көтеретін де, оны кеселді кесірлерден арылтып, халықтың әл-ауқатын жақсартатын да ол әрине –еңбек. Абай сонымен қатар еңбек пен байлық туралы құнды экономикалық тұжырымдар да жасаған: «Ерінбей еңбек қылса түңілмей ізденсе орын тауып істесе, кім бай болмайды?»— деген тұжырымы бүгінгі нарықтық экономика заңдылықтарымен астасып жатыр. Ақын байлықты еңбектен ізде, өйткені «Құдай саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді!»- сол Алла берген қуатты адал кәсіп қыларлық орынға, ғылымды оқуға, ұғарлық ақыл іздеуге, байлық жинауға жұмса»,- деп өсиет еткен.
Ойшыл-ақын белгілі бір халықтың мәдениеті, ғылымы, өнері елінің экономикасымен тығыз байланысты екенін жақсы түсінді. Сондықтан да ол адам дәулет жинауға, бай болуға ұмтылуы керек, сол арқылы ғана кейін білім алып, ғылым бұлағынан сусындай алады, өйткені, ғылымсыз рахат жоқ.
Бір қарағанда оныншы қарасөзінде әке мен баланың мәңгілік мәселелері қарастырылған тәрізді. Бұл шын мәнінде де солай. Ал, оған үңілсеңіз ақын рухани өсудің, тәрбиенің экономикалық-әлеуметтік негіздерін қарастырған. Өмір тіршілігінде әке мен баланың рухани қарым-қатынастарында экономикалық астарлары сан қырлы, әр түрлі сырлары бар. Соларды ақын қарастырып, жан-жақты сараптаған. Мұның бәрі де рухани өмірге деген экономикалық көзқарас болып табылады.
Абай қоғамның экономикалық дамуында халық білімін көтеру мен ғылымның алатын орнын жоғары бағалады. Ағартушы-ақын ғылым мен білім ең алдымен мәдении артта қалушылықтан шығуға, сонымен қатар патриархалдық-феодалдық қоғамның кертартпа кеселдерінен құтылып, қазақтардың еркіндік алып, басқа халықтармен терезесі тең болуға жеткізеді деп есептеді.
Сайып келгенде, Абай әлеуметтік-экономикалық көзқарасын әрқашанда ашық білдіре отырып, оны өсиет етіп, болашаққа аманат етеді. «Мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ».
Абай шығармаларында көптеген экономикалық мәселелерді көтеріп, оларды ағартушылық және демократтық көзқарас тұрғысынан шешеді. Ол көшпелі шаруашылықты жете білетіндіктен де Қазақстанды экономикалық жағынан дамытуға байланысты озық ойлар ұсынды. Өзінің тарихи жағдайлардан туындайтын кейбір шектеулеріне қарамастан, бұл пікірлер қазақ халқының қоғамдық-демократиялық қозғалысына қосылған қомақты үлес болып табылатын ұлттық сананың оянуында үлкен қызмет атқарды.
Ұлы Абайдың қарасөздері мен өлеңдерін оқыған сайын экономиканың негізгі қорғаушы күші Еңбекке мән бергенін байқамаса болмас. «Сегіз аяқ» өлеңі тұнып тұрған өмірлік мәні бар экономикалық қорытулар. Өлеңде: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.»— дегені мәлім. Адам екеніңді ұмытпа. Еңбегіңді сат, арыңды сатпа, арың таза болсын, сонда ғана сен адамсың,- дейді ұстаз жанашарлықпен өзінің халқына.
Ең бастысы- «адал еңбекпен бай бол, мал тап» дегенді өмірлік көзқарастарына айналдырған. Байлықты мансұқ етпеген. Байлық ғылымға, бірлікке шақыратын тіпті діні басқаның да сені сол үшін құрметтеп еңбек ететінін, ешқайда кетпейтіндігін айтады. Данышпан ақын адал еңбекті ғылыммен ұштастырып, тәртіппен қорғау арқылы табысқа жетуге болатындығын қайта — қайта біздің есімізге салады.
Смадиярова Мадина Арипбаевна,
Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы,
Атакент кенті.
«Қ. Сәтбаев атындағы №6 жалпы орта мектебі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- «Абай» Энциклопедия. А., «Атамұра»1995ж.
- Ақжан Машанов «Әл—Фараби және Абай». А., «Қазақстан»1994ж.
- «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы А., 1995ж. 10- 12 -бет.
- Ханғали Сүйіншалиев «Қазақ әдебиетінің тарихы». А.,«Санат» 1997ж.
- «Жасымда ғылым бар деп екермедім» А., «Рауан» 1995ж.
- «Абай» Өлеңдер мен аудармалар жинағы А., «Кітап» 2001ж