Home » Білім және тұлға » Ғылым қуған дарынды қыз

Ғылым қуған дарынды қыз

«ЖЖА» жобасы бойынша

Бүгінгі күнгі дамып келе жатқан экономика күн санап қарқындылықты көрсетуде. Әрине, бұл жаңа жаңалықтар мен инновациялық дамудың әсері болар. Қазақстан өзінің серпінді дамуы барысында өркендеудің соңғы сатысы – ақпараттық кезеңге аяқ басып келеді. Бір қуантарлығы, қазір үкімет тарапынан жас ғалымдардың кәсіби қалыптасуына, шығармашылық өсуіне, ғылыми-зерттеу қызметіне тартуға, кәсіби және әлеуметтік салаларда олардың мүддесін көрсетуге ықпалы тиіп келеді. Міне, осы тұрғыда ізденіп, ғылымға өзіндік үлесін қосып, жан-жақты ізденіп жүрген жас ғалым қыздың бірі павлодарлық Рахымова Сәуле Абайбекқызы.

«Болар адам – жасынан» дегендей, кішкентайынан өзінің білімқұмар, ізденгіштігі мен зеректігінің арқасында көзге түскен талантты да, дарынды қыз. Мектепті өте жақсы бітірді. Жоғары оқу орнын да үздік аяқтады. Осы еңбекқорлығының нәтижесінде ол дарынды жас ғалым атанды. Әрине, ғылым жолына түсу – инемен құдық қазғанмен бірдей. Бұл оған оңайлықпен келген жоқ.
Сәуле Рахымова бүгінде бес минутсыз экономика ғылымының докторы. Қазіргі күнде осы сала бойынша ғылыми дессертациясы аяқталу барысында.
«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын»,- дегендей, ізденушінің адал маңдай термен келген еңбегін айтып, жігеріне жігер ұялатып, рухына күш қадамының сәттілігін тілеп, осындай дарынды сіңлімізбен мақтанып, көпшілікке паш ету – әрқайсымыздың адами парызымыз.
Сәуле Рахымова – студенттік қоғам өміріне белсене араласып, оқу бөлімінің ішкі жұмыстарымен біте қайнасып келе жатқан талап иесі. Осы аралықта ғылыми-зерттеу клубының, студенттік ғылыми қоғамының жетекшісі болды. Өзін-өзі басқару кездерінде студенттік ректордан С.Торайғыров атындағы стипендиясын да алды. Ғылыми жұмыстары нәтижесінде облыс әкімінің грантына ие болды. Жоғары оқу орындары арасындағы «Үздік мұғалім» конкурсында «Үздік доцент» номинациясының иегері. Екі рет «Жас талап» сайысының жеңімпазы атанды.
Оның қолынан кәсіпорындағы инвестициялық және инновациялық қызметті басқару, инновациялық менеджмент, инновациялық жобаларды бизнес-жоспарлау сынды тақырыптарда екі тілде көптеген монографиялары жарық көрді. 100-ден аса ғылыми мақалалардың, бінеше оқу құралдарының авторы. Ең бастысы, ол ғылыми жұмыстарын тек қана құрғақ тілде жазып қоймай, оның жүзеге асуына көп мән береді.
Ол студенттер мен магистранттарға дәріс бере отырып, 30-ға тарта студенттерге жетекшілік етті, 10 магистрант диссертация жазып, докторантқа ғылыми іздену жұмыстарын берген үш докторанттың 2-уі докторлық дәрежелерін қорғап шықты. Сәуле Абайбекқызының өткізген тәжірибелік және семинарлық сабақтары ғылыми сипатқа ие. Сондығынан да, экономика кафедрасында студенттердің, магистранттар мен докторанттардың академиялық жинақылығы мен ғылыми машығын қадағалап, жауапкершілігінде ұстайды. Бірлескен жұмыстарды жүргізу, өзара тиімді қарым-қатынастар мен ғылыми жобаларды ресейлік және шетелдік ғылымдармен байланыс орнатуға мүмкіндік алуда.
Магистрлік диссертация комиссиясының эксперттік және мемлекеттік емтихандар, дипломдық және магистрлік жұмыстарды қорғау мемлекеттік аттестациялық комиссиясының мүшесі. Төрт авторлық курс және «Кәсіпорындардағы инвестициялық және инновациялық қызметті ұйымдастыру», «Бизнесті ұйымдастыру», «Инновациялық жобаларды бизнес-жоспарлау» сияқты оқу-методикалық жинақтарды құрастырды.
«ПНХЗ» АҚ-мен шаруашылық келісімшартына сәйкес тақырыптамасы бойынша жасалған жұмыстың жетекшісі бола білді. Оның жасалған жобалары мен қорғалған ғылыми жұмыстарының бәрі оқу үрдісінде, ғылыми орталықтарда тәжірибе жүзінде қолданылып, оның қайтарымы ғылыми және іскерлік орталықтарда куәліктермен, нығайтылған әрекеттермен, алғысхаттармен, мадақтама-дипломдармен, медальдармен қайтарылуда. Сөзімізге дәлел, 24 жасында экономика ғылымдарының кандидаты болса, 29 жасында ҚР БжҒМ БжҒСБК-нін доценті атануы.
Сәуле Павлодар облысы көлеміндегі жас ғалымдардың белсенді өкілдерінің ғылыми жұмыстары мен жобаларының жетекші етуші көшбасшылары қатарындағы шебер ұйымдастырушы, әрі бағалы кадр.
Доцент Рахимова Сәуленің іскерлік шеберлік жұмыстары республикаға танылып, Білім және Ғылым Министрлігінде жоғары оқу орындары арасында «Үздік оқытушы» деген дәреже алды. Сондай-ақ, жас талантты ғалымдардың мемлекеттік ғылыми стипендиясын қанжығасына байлады.
Ол білімін үздіксіз дамыту мақсатында кәсіптік шеберлігін жетілдіру мен біліктілігін жоғарылату курстарына қатысып, инновациялық әдістер мен жаңа оқыту технологияларын шебер қолданушы, білікті маман ретінде танылып отыр.
Мысалы, оның «Болашақ» Ассоциациясының «Самұрық Қазына» өкілдерінің қатысуымен өткізілген дөңгелек үстелде оқытылған «Жастар ғылымнан алшақтамау керек» және «Жастардың ғылымда алатын орны» тақырыбындағы баяндамалары «Жыл үздігі оқытушысы» және «Ең үздік ғылыми жоба» деген атқа ие болды. Жас ғалымдар мемлекеттік стипендиясының иегері.
Осыдан 4 жыл бұрын Павлодар облысы Жастар саясатының мәселелері басқармасының жанында облыстық деңгейде Жас ғалымдар кеңесін құру туралы қабылданған шешімдегі кандидатуралар арасындағы э.ғ.к. доцент Рахимова Сәуле Абайбекқызы қолдау тапқаны тегін емес.
Сәуле Абайбекқызының соңғы жылдардағы еңбектері де ауыз толтырарлық. Ол: Халықаралық ғалымдар мен оқытушылар Ассоциясының профессоры, «Білім және ғылымға еңбегі сіңген қайраткер», «Халықаралық ғалымдар, оқытушылар мен мамандар Ассоциясының, ғылым және экономикаға еңбегі сіңген қайраткер» атақтарының иегері.
С.А. Рахымова – сертификаттандырылған жаттықтырушы. Жастар корпусын дамыту тәлімгері мен жаттықтырушысы.
Посемитация дағдыландырылған тренингтерді жүргізу, Көшбасшылық және командалық, жастарда позитивтікті дамыту мен өмірлік маңызды дағдыларды және қоғамдық-пайдалы қызмет пен жобаны басқару тақырыбында тренингтер өткізеді.
Сондай-ақ, Сәуле түрлі номинациялар бойынша облыстық жас ғалымдар байқауының, ғылыми жобалар байқауының бастамашысы бола білді. Ғылыми жобаларды әзірлей отырып, облыстық ғылымның дамуының басым бағыттарының ұйымдастыра білуі – оның өз ісіне деген қызығушылығы мен туған жеріне деген сүйіспеншілігі шығар. Неліктен экономиканы таңдады екен?
Бұл сауалға Сәуле:
— Жалпы Павлодар облысы – энергетика, экономика, жаңа үрдістер мен инновацияның орталығы. Экономика табиғатпен тікелей байланысты. Егер біз экономиканы жақсы білсек, ол бізге барлық мұқтаждығымызды әкеледі. Экономиканы білмесек, тұрмысымыз төмендей береді. Мұны үй шаруашылығын да басқаратын өнер деуге толық негіз бар. Бұл – үлкен ғылым. Біз ұрпақтың қамын ойлауымыз керек. Сол үшін тапжылмай еңбек етіп жатырмыз. Баланы, отбасыны, денсаулықты, өзіңізді ойлаудың бәрі – экономикаға келіп тіреледі. Егер оны тиімді пайдалансақ, ол бізге барлық жарқын жолды ашады.
Мен Баянауылдан талай дарындылар мен әйгілі тұлғалар елінде туған қызбын. Соны мақтан етемін. Осы ауыр болса да, жарқын жолды таңдауыма есімдері тарихта алтын әріптермен жазылған Мәшһүр, Сұлтанмахмұт, Қаныш, Әлкей, Шапық сынды ғалымдарымыздың еңбектері көп әсер етті. Оқыдық, үйрендік. Ойға түйдік. Оларды әркез үлгі тұтамын. Ұстадарымнан алған білім де нәтижесіз қалған жоқ. Жалпы, ғылымнан жастар қорықпай, нық қадам жасаулары керек. Өйткені, оқимын, ізденемін деген жастарға мүмкіндік зор екенін айтып жүремін, — деп жауап берді дарынды жас.
Міне, білім мен ілімнің жолында жүрген қазақ қызының есімі бүгінде республикаға танылып, одан қалды Ресеймен қоян-қолтық жұмыс жасап, Ф. Достоевский атындағы докторантурасында оқып жатыр. Бүгінгі күнде 3 докторанттың ғылыми жетекшісі.
Әке тәлімі мен ананың ыстық алақаның сезіп, ата-ана сүйіспеншілігіне бөленіп өскен Сәуле – бүгінде өзі де екі балапан мәпелеп отырған мейірімді ана, аяулы жар.
Мадақтайық! Мақтанайық! Еліміздің атын шығарып, ғалымдардың ізін басып, жеріміздің даңқын асқақтатып, ауыр жүкті жеңілдетіп жүрген қазақтың қаракөз қыздары Сәуледей-ақ болса екен!

Ләззат Теміртасқызы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
Павлодар қаласы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.