2017 жылғы 19-20 наурыз күндері Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Ғылымның шексіз сырлары» тақырыбына арналған Жетінші Наурыз кездесулері болып өтті.
Осындай ауқымы кең оқиға алғаш рет Шымкент қаласында орналасқан физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі шаңырағында өткізілді. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-да жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі кездесулер биыл Қазақстан үшін ерекше маңызы бар уақиға – «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне арналады.
VII Наурыз кездесулерін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова ашты.
Қазақ халықының тарихында көрнекті орын алған үш біртуар ғалым – әл-Фараби, Шоқан Уәлиханов пен Қаныш Сатпаев театрланған қойылымда сомдалды. Сахнаға Наурыз кездесулеріне арнайы шақыртылып, Зияткерлік мектептер мен Оңтүстік Қазақстан облысы мектептерінен келген республикалық және халықараралық олимпиадалардың жеңімпаздары шықты. Іс-шараның бағдарламасын әрмен қарай айрықша әсер қалдырған ғылыми тәжірибелер жалғастырды – оқушылар барша көрермендерді от жалынды таңғажайып көрініспен тамсандырып нағыз шоу жасады. Балалар өздері ойлап шығарған роботтар ортасында белгілі «Қара жорға» биін билеп берді.
Барлық 20 Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары арнайы ұйымдастырылған көрмеде өздерінің ең үздік ғылыми жұмыстары мен жаңалықтарын паш етті. Жалпы білім беретін мектептерден келген оқушылар мен саны болмаған қонақтар еліміздің Зияткерлік мектептерінің креативті идеяларымен қатар инновациялық әзірлемелерімен таныса алды. Жас зерттеушілердің ғылыми қызығушылықтарының тақырыптары әртүрлілігімен ерекшеленді – олардың қатарына роботтар, мобильді қосымшалар мен жаңа аппараттар құрастыру; зертханалық және химиялық зерттеулер; медицина мен фармацевтика; экология және көптеген басқалары кіреді. Қазіргі кезде маңызы артып отырған «ақылды технологияларды» Қазақстанның ұлттық ерекшеліктеріне бейімдеуді ерекше атап өтуге болады – мәселен, «Smart — Yurta» үлгісі» мен «Ақылды тақия» сияқты жұмыстар көрермендерді қатты қызықтырды.
Сондай-ақ Назарбаев Университетінің Инновацияларды дамыту департаментінің аға менеджері Дәмел Мектепбаева (баяндама тақырыбы — «Болашақ сіз ойлағаннан да жақсы …»), Зияткерлік мектептердің оқушылары: «Ақылды тақия» жобасының авторы ақтаулық Жолдасбай Сәттіғали мен «Жылжымалы микроскоп» жобасының авторы астаналық Альбина Абдосова қатысқан панелді сессия өтті.
Екі күн бойы Назарбаев Университетінен келген қазақстандық және шетелдік ғалымдар, олармен бірге «Korea STEAM» (Оңтүстік Корея) білім беру үлгілерін зерттеу командасының жетекшісі Джангхун Чой, STEAM-білім беру (Венгрия) технологиясының сарапшысы, инженер-технолог Акош Векчей сынды шетелдік сарапшылар оқыған лекторийлер жұмысын жүргізді.
Бірінші күні STEAM (Science — Ғылым, Technology — Технология, Engineering — Инженерия, Art — Өнер, Mathematics — Математика) инновациялық идеялары бойынша қатысушылардың жобалық жұмыстарын қорғау рәсімі басталды. Жұмыстар 4 секция бойынша қаралды: «EXPO-2017: Баламалы қуат көздері», «Болашақтағы физика», «STEAM идеялары», «Өмірді өзгертетін технологиялар (медицина саласында)».
Назарбаев Университетінің Astana Business Campus инновациялық кластері бизнес инкубаторының директоры Болат Сұлтанғазинның «Ғылым және кәсіпкерлік» тақырыбында оқыған дәрісі зор қызығушылықты оятты. Сонымен бірге қатысушыларға арнап Оңтүстік Қазақстанның ірі кәсіпорындарына экскурсия ұйымдастырылды.
Астана мен Семей қалаларындағы Зияткерлік мектептердің оқушылары және беделді халықаралық олимпиадалардың қатысушылары мен жеңімпаздары өздерінің тақырыптарын үлкен аудитория назарына ұсынып, TEDx үлгісінде сөз сөйледі.
Іс-шараның жабылу салтанатында жеңімпаздар мен үш категория бойынша жүлделі орындарға ие болғандар марапатталды. Олардың бәрі сертификаттар мен естелік сыйлықтар алды.
VII Наурыз кездесулерінің нәтижесінде барлық шаралар ойдағыдай жүзеге асты деп түйіндеуге болады. Дәрістердің мазмұнды бағдарламасы, қызықты жұмыстармен танысу әрі жобалардың презентациясы, жинақталған жаңа білім, ғалымдармен танысу – осының барлағы Наурыз кездесулерін мектеп оқушыларының ғылыми әлеуетін шынымен дамытатын бірегей алаңға айналдырады.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ баспасөз қызметі
Фото Мақсат Шағырбаев