Home » Білім және өнер » Ғылыми жұмысқа дайындау – ізденіс әрекетіне бет бұру

Ғылыми жұмысқа дайындау – ізденіс әрекетіне бет бұру

 

                                                                     «Ғылым ешқашан да және

                                                                             ешуақытта да жазылып біткен

                                                                                   кітап емес, олай болмайды да»

А.Энштейн

      «Елдің келешегі бүгінгі жастардың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» деп Елбасы бізге үлкен міндет артып отыр. Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы болатын – ұстаз қолында, сондықтан да біздің басты мақсатымыз – оқушыларды жан-жақты тәрбиелеу.

Қазіргі уақытта мектептерде оқушылар мен мұғалімдердің зерттеушілік дағдыларын дамыту үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Оның басты мақсаты: оқушыларды өздігінен білім алуға ынталандыру, ізденіске баулу болып табылады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде оқушылардың білім мен біліктері артады.
Бүгінгі көтергелі отырған мәселем, менің жеке тәжірибемнің нәтижесінде яғни түрлі семинар, курстарға қатысуымның салдарынан орын алған өзгерістер туралы болмақ. Жеке басымның (мұғалім ретінде) оқушыға деген көзқарасым, ой-пікірім өзгере бастағанын байқадым. Балаға сырттай нұсқау беру емес, оның қызығушылығын іштен оятатындай жүйелі әдіс-тәсілдер қолдану керектігін түсіндім. Кез келген мұғалім оқушыны ғылыми жұмысқа дайындамас бұрын, ғылыми жоба жазуға арналған әдістемелік нұсқаулықтарды, ережелерді көптеп оқығаны дұрыс. Әуелі ғылыми жұмыспен айналысу үшін оқушыны тани, түсіне білу керек. Ғылыми жұмыс дайындау бұл 1 күннің немесе 1 айдың жұмысы емес. Сондықтан мұғалім мен оқушы бірігіп жұмыс жоспарын дайындауы тиіс.

Оқыту мен тәрбиелеу процесінде оқушы шығармашылығын дамытудың қажеттілігі қоғам талабынан туындайды. Қоғам қашан да қабілетті адамға мұқтаж. Оқушының өз бетімен жұмыс жасай білуі, ізденімпаздығы, шығармашылықпен жұмыс жасауы қазіргі кезде білім алудың алғышарттарының бірі болып саналады.

Оқушыны ғылыми-зерттеу жұмысына қатыстыру үшін алдымен, оны қызықтыра отырып, зерттеу талабын қалыптастыру керек. Яғни оқушы ақпаратты ала білуге, оны басқаларға хабарлай білуге талпынуы тиіс. Ең алдымен оқушыны өздігінен шешім қабылдауға, ақпараттар алуға, оны басқаларға жеткізе білуге үйрету қажет. Оқушыға ойда-жоқта келіп «сен мына ғылыми жұмыспен айналыс» десек, оқушының оған деген қызығушылығы да, талпынысы да төмен немесе мүлдем жоқ болады. Сондықтан да тақырыпты өздері таңдауға жұмылдыру қажет. Тақырыпты таңдағанда «Мені не қызықтырады?»- деген сұраққа жауап беру керек. Тек мұғалім оқушыға жоба жаза алатынын және жақсы идеялардың барлығы да жазу кезінде болатынын түсіндіріп, оқушының жазуға деген қызығушылығын арттырса сонда бала зерттеу жұмысын жазуға талпынады.

оқушылардың ғылыми жұмыспен айналысуы, болашақта өз ойын барлық жерде еркін айтып, жаңа жетістіктерден көрінетін оқушыларға айналары сөзсіз. Ендеше мектепте оқушыны ізденушілікке баули отырып ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес армандарына жетуге, ғылымға жетелеу арқылы өздерінің қабілеттерін ашуларына көмектесуіміз қажет. Дарынды да, қабілетті оқушыларды ғылымға баулып, ғылым арқылы егемендігімізді нығайтуға үлес қосайық!

 

Елдос Нуралиев,

№30 Қақпатас орта мектебінің

география пәні мұғалімі,

Жамбыл облысы, Қордай ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.