Home » Жаңалықтар » Ғибраты мол ғұмыр

Ғибраты мол ғұмыр

Солтүстік Қазақстан облысы жақсы адамдардан кенде болып көрген емес. Киелі топырақтан талай тарлан өскені әмбеге аян. Сонау Қожаберген жыраулардан бастау алған от тілді орақ ауызды, аты аңызға айналған талай мықтының қасиетті мекені. Тума таланттар елінен небір қоғам қайраткерлері де шыққан. Солардың бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, ел Президентінің кеңесшісі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Қазақстан Парламенті мәжілісінің депутаты, Республика ардагерлері Орталық кеңесінің бұрынғы төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Мақтай Рамазанұлы Сағдиев.

Бүгінде көзі тірі болса 90 жасқа келетін еді. Бірақ, табиғаттың тылсым күшіне ешкім қарсы тұра алмайды. Артында еске алатын қара ормандай халқы барда жақсының аты, ғалымның хаты өшпесі анық. Дәл сондай, ғибаратқа толы, тағылымды ғұмырын еске алу мақсатында  Мақтай Рамазанұлы Сағдиевтің туғанына 90 жыл толуына орай облыс ардагерлері конференция ұйымдастырды. Аталмыш конференцияға Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әлішев Руслан Қанатқанұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елеусізов Ескендір Есмақұлы және Мақтай ағамызды көзімен көрген үзеңгілес достары, бауырлары ағайын-туыстары мен қызы Ғалия қатысты.

Қазақ халқының абыз ақсақалы, мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Рамазанұлы Сағдиевтің өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа ғибаратты ой салып, нұрлы болашаққа, асқақ арманға жетелері қақ. Осындай ел ардақтысы болған азаматқа лайық құрмет көрсетіліп, өзі туған Есіл ауданының орталығы Явленка селосындағы мұражайда үлкен бөлім ашылды. Ал облыстық өлкетану мұражайында қоғам қайраткерінің ұзақ та тағылымды өмірінен сыр шертетін құжаттары, ол туралы жазылған кітаптар мен естеліктер, фотосуреттерден көрме ұйымдастырылды.

Мақтай Рамазанұлы туралы естелік айтқан өңір жұртшылығы ол кісінің еліміздің түкпір-түкпірінде еліне адал, халқына сенімді қызмет атқарғанын тілге тиек етті. Қызмет бабымен Мақтай Рамазанұлы Торғайда тоғыз жыл қиын да, жанкешті еңбек етті, деп еске алады Аубакиров Еренбек Жамшитұлы.

Көкшетау облысында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келген жылдары да жанкештілікті талап етті, дейді Әлиев Шияп Шәріпұлы. Көкшетауда бес жыл қызмет атқарғанда сол елдің өсіп-өркендеуі үшін аянбай еңбек еткен. Бүгінде Мақтай Рамазанұлының атына Ақмола облысы орталығы Көкшетау қаласынан көше аты берілген.

Солтүстік Қазақстандық ақсақалдар алқасы және өңір халқы атынан сөз алған жазушы, публицист Жарасбай Сүлейменов облыс орталығы Петропавл қаласының бір көшесіне талай  еңбегімен елінің ардақты ұлы атанған Мақтай Рамазанұлы Сағдиевқа көше атын беру керек деген бастама көтерді. Алдағы уақытта көтерілген бастама өз шешімін табады деген ойдамыз.

Конференция соныңда Ғалия Мақтайқызы облыс әкімі Ақсақалов Құмар Іргебайұлына, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елеусізов Ескендір Есмақұлына және өңір жұртшылығына әкесінің халқының көз айымына айналғанын, оны ардақтап, құрмет тұтқанына алғыс білдірді.

Көкбасқызы Жазира

«BILIM AINASY»,

СҚО

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.