Қазақ елінің маңдайына біткен кемеңгер жазушы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің биыл мерейтойы. Күллі қазақтың атынан үн қатып, ғасырларға сын бермес мұралар қалдырған жазушы әлі де болсын бізбен бірге ғұмыр кешуде. Мұхтар Омарханұлы Әуезов осыдан 120 жыл бұрын 1897 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Шыңғыс болысында көшпелі қазақ отбасында дүниеге келген. Мәдениеттің ордасындай болған Семей қаласында білім алып, әдебиет арнасында мөлдір де кіршіксіз бұлақ бола білген жазушы шығармашылығына киелі жердің киесі тұнған десек те артық айтпаймыз. Ал болашақ жазушының тұңғыш тәлім-тәрбие алған алтын бесігі, қанаттанып ұшқан ұясы – Абай мектебі еді. Хакім Абайдың ғұмырын танытқан, дара жолын әйгілеген шуақты таланттың еңбегі – тек қазақ елінің байлығы емес, барша адамзат баласының байлығы. Еліне еңбегі сінген ердің елі де бүгін өз ұлының ұлылығын дәріптеп, жазушының мерейтойына орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырып жатқан жайы бар. Алаштың арқалы азаматтары Бөрілінің төрінен бастап киелі Семей шаһарына дейін жол жүріп, ғұлама ұлағатына арналған іс-шаралар басында болды. Солардың нүктесі болып қойылған – қазан айының 6-жұлдызында ұйымдастырылған «М.О. Әуезов мұрасы және әлемдік өркениет» атты ғылыми-практикалық конференция. Конференцияға мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлы Мұхтардың мұрагері Мұрат Мұхтарұлы Әуезов, ғалым, философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, абайтанушы Ғарифолла Есім және тағы да басқа ұлт зиялылары қатысты. Жиынды ұйымдастырушы Шәкәрім атындағы білім ордасының көшбасшысы Ескендіров Мейір Ғарипполаұлы мен филология ғылымдарының докторы, профессор Еспенбетов Арап Слямұлы келген қонақтарды жылы лебізбен қарсы алып, конференцияның жоғары деңгейде өтуіне барын салды.
-Басқа жиындардан бүгінгі жиынның орны мен үшін ерек. Тарихи тағдыры бір әртүрлі ұлт өкілдері келіп отырған бүгінгі конференцияға көңілім толып отыр. Абай – расул, Тәңірдің жіберген сыйы, бойында талант біткен тұлға. Ал сол талантты көретін, тани білетін, айтар сөзді тыңдай білетін орта керек, дарынды жырлайтын дарын керек. Хакім Абайды біздің ортамызға алып келген, оның өнегелі өмірін қағаз бетіне түсіріп, талмай жазған ол – Мұхтар Әуезов. Тек бұл емес, қазақ елінің болашағы үшін басқа да құнды еңбектер жазған Әуезовтің шығармашылығын бүгінгі жастар білу керек, оқу керек. Сол үшін де осындай танымды жиындар бізге өте қажет, — деп Мұрат Әуезов ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдірді.
Халықаралық деңгейде өтіп жатқан жиынға өзге ұлт өкілдері өз ойларын қосып, баяндамалар оқыды. Әуезов мұрасының маңызы қазақ халқы үшін ғана емес, түркі тілдес елдер үшін де ерекше екені дәлелденді. Түркия мемлекетінен келген тіл маманы Джамиля Кынаджының берген сұхбаты бұл сөзіме дәлел.
Түркия мемлекеті, Анкара қаласынан осы Әуезовтің жеріне, Шығыс Қазақстанға асыға жеттім. Осындай халықаралық конференцияға арнайы шақыртқаны үшін Семей қаласына, оның ішінде осы Шәкәрім атындағы білім ордасына алғысым шексіз. Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетінің ескірмейтін, классик жазушыларының бірі. Әуезов – барлық әдеби түрлерге сай тамаша шығармалар жазған жазушы. Мұхтар Әуезовтың қаламынан шыққан «Абай жолы», Қазақстанның шекараларын асып, әлем тілдеріне аударылып жарияланып келеді. Осылайша, Әуезов өз туған өлкесінде ғана емес, бүкіл әлемге танымал жазушы ретінде атаққа ие болды. Мұхтар Әуезов – Түркияда ең танымал қазақ жазушысы. Әуезов туралы, әсіресе 1997 жылы жазушының 100 жылдығына арналған ғылыми жұмыстар жарық көрген. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы, әңгімелері және фольклор туындылары түрік тіліне аударылып, түрік оқырмандарының назарына ұсынылды. Бұнымен қатар, қазақ жазушыларының Әуезов және шығармалары туралы мақала, зерттеу жұмыстары жинақ ретінде жарияланып, түрік оқырмандарына жетіп отыр. Түркияда Әуезов туралы аздаған магистрлік және докторлық диссертациялық жұмыстар жарық көрген. Бүгінгі күні Түркияда Әуезов туралы жүргізілген зерттеу жұмыстары тапшы екендігін көріп отырмыз. 1997 жылдары аударылған Әуезов шығармалары, бүгінгі күні Мұхтар Әуезовтің көркем шығармашылығы, тілдік шеберлігі және қазақ тілінің күшін көрсету үшін өте аз болып отыр. Қазақстан және Түркия арасындағы әдеби ынтымақтастықтың күн сайын нығаю себебіне байланысты, 2017 жылы жоспарлы және мықты жобалармен Мұхтар Әуезовтің шығармаларының әр екі тілді жетік меңгерген мамандармен бірлесіп қайта қолға алынып аударылуы тиіс. Осылайша, Мұхтар Әуезовтің шығармашылығының ерекшелігі түрік халқына дұрыс танытылар еді. Мұхтар Әуезовтің әдеби шеберлігін танытатын, заманауи көзқараспен жазылған монографияға қажеттілік туындап отыр. Мұндай жобаны қазақ және түрік әдебиеттанушылары бірігіп қолға алатын болса, бұл туындап отырған кемшіліктерді азайтар еді. Бүгінгі күні Мұхтар Әуезовтің әдеби шеберлігін атағына сай етіп жазылған шығарма қажетті.
Жиын соңында Мейір Ғарипполлаұлы келген қонақтар мен қауымға алғысын айтып, ыстық ықылыстарына риза екенін айтты. Қазақтың қара шапанын кемеңгер Әуезовтің мұрагері Мұрат Мұхтарұлының иығына жапқан сәт кештің нүктесін қойды.
Лаура Көкше
Білім айнасы
Семей қаласы