Home » Мақалалар » Ғасыр көрген колледжім

Ғасыр көрген колледжім

Қыс. Көзімді ашсам таңғы сағат бес. Орнымнан атып тұрып,жұмысқа дереу дайындала бастадым. Жүректе тулаған сезім. Ия, өйткені бүгін атаулы күн. Ақ түйенің қарны жарылған күн! Қуанышты күн! Себебі, бүгін Алматы облысы, Талғар қаласының биік тауларының етегінде орналасқан, өзім қызмет атқарып жүрген Талғар агробизнес және менеджмент колледжі 100 жасқа толып отыр. Бір ғасырлық тарихы бар колледж сонау 1918 жылдың 27 қазанда құрылған еді. Содан бері қаншама студентті оқытып, қаншама ұстаздарды нағыз педагог маман етіп тәрбиеледі десеңізші!
Осы уақытқа дейінгі бір ғасырлық ғұмыры бар колледж тарихын айта берсең тамыры тереңде жатқан бәйтерек секілді. Суының дәміне қанбайтын тәтті бұлақ секілді тарихы тереңде жатыр ғой, шіркін!

Әдемі киініп, жуынып, таранып, колледжге қарай асығып барамын. Осындай мақтанышпен ауыз толтырып айта алатындай алып колледждің бүгінгі өтетін шарасына кішкене болса да қол ұшын тигізіп, атаулы қуанышымыз көңілдегідей өтсе екен деген үміт.
100 жылдыққа арналған іс-шараға қаншама күннен бері талмай еңбек еткен ұстаздар ұжымының колледж басшының еңбегі ақталатын күн.

Талғар ауылшаруашылық техникумы – елімізде іргесі ертеректе қалыптасқан арнайы оқу орындарының бірі. Негізі 1918 жылы 27 қазанда Жетісу Кеңес жұмысшылары мен солдат депутаттарының қаулысымен салынған. Алғашқыда училище алты сыныптық бағдарламаға негізделген Жетісу орта ауылшаруашылық колледжі деп аталды және оның алғашқы директоры ғалым әрі агроном Владимир Федорович Баудер болды. Ғасырлық тарихы бар оқу орнынан қаншама маман иелері шықты, қаншама ірі тұлғалар шықты. 1919 жылдары бұл Қазақстан тарихындағы алғашқы орта ауылшаруашылық техникумы еді.1997 жылы 3 қарашадағы Қазақстан Республикасы өкіметінің №1485 Үкімімен Талғар Агробизнес және менеджмент колледжіне М.Бейсебаевтың есімі берілді.

Тарихи ғұмыры бар колледж қызыққа және сан түрлі жаңартуларға толы бұл тарихтың ішіне Ұлы Отан соғысы жылдарының беттері де жазылған. 1941 жылы осы техникум қабырғасында Бауыржан Момышұлы соғысқан 8-гвардиялық Панфилов дивизиясының 1073 Талғар полкы жасақталған. 1942 жылы Мәскеуге 31 шақырым қалғанда, неміс басқыншыларын талқандап, кері қайтарғандардың алғашқылары болған. Соғыстың соңына қарай Б.Момышұлы Гвардия девизиясын басқарды. Осы девизия құрамында біздің техникум түлектерінің бірі техникумның бұрынғы директоры А.Н.Нүсіпбеков соғысқан. Ұлы Отан соғысы жылдары техникумнан 150-ден астам оқушылар мен оқытушылар және қызметкерлер арасынан 23 адам майданға аттанған. Бұдан бөлек соғыс жылдары техникум тың және тыңайған жерлерді игеруге үлес қосты.

Колледж құрылғаннан бергі уақытта ауыл шаруашылығының ең маңызды салаларына 28000-нан астам маман даярлады.

Қазіргі таңда колледжіміз жылдан жылға көркейіп, гүлдене түсуде. Осыған дейінгі атқарылған жұмыстар мен маңдай термен алынған мадақтауларымызды көкірегімізде мақтанышпен сақтайтай отырып, алдағы көптеген жоспарлар мен мақсаттарға сеніммен нық қадам басып отырмыз.
М.Бейсебаев атындағы Талғар Агробизнес және менеджмент колледжінің 100 жылдығына арналған іс-шарамыз өз деңгейінде өтіп, еліміздегі басқа колледждерге үлгі болатындай дәрежеде деген ойдамын.

 

Бектұрсынқызы Фариза,
Алматы облысы,Талғар қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.