Home » Ашық сабақтар » Ғарышқа математикамен бірге

Ғарышқа математикамен бірге

 Сабақтың мақсаты: Балалардың сандар, геометриялық пішіндер туралы білімдерін бекіту, үлкен-кіші ұғымдарын ажырата білу дағдыларын қалыптастыру. Ғажайып саяхат арқылы балалар қиялдарын шыңдау.

Қисынды есептерді шығара отырып, баланың логикалық ойлау қабілетін дамыту, тапқырлығын арттыру.

Сабақтың әдістері: Саяхат, қисынды есептер, дидактикалық ойындар.
Қажетті құралдар: зымыран, «жұлдызды қалашық», ғаламшарлар, жұлдызшалар, жатпланеталықтар бейнесі, қисынды есептер.

Алдын-ала жұмыс: ғаламшарлармен танысу, жатпланеталықтар ұғымымен танысу.

Сабақтың барысы:

Әуенмен балалар залға кіріп келеді

Сәлемдесу

Амансың ба, нұрлы күн!

Амансың ба, қара жер!

Аман-есен болайық

Бейбітшілік қалайық.

Балалар, біздер бүгінгі сабақта ғарыш әлеміне саяхатқа барамыз, яғни ғарышкерлер боламыз.

Тәрбиеші: Ғарышқа бару үшін бізге не керек?

Балалар: Зымыран.

Тәрбиеші: Олай болса, біздер барлығымыз бірлесіп зымыран құрастырайық.

Балалар геометриялық пішіндерді пайдалана отырып, тақтаға зымыран суретін құрастырады.

Тәрбиеші: Зымыран құрастыру кезінде қандай пішіндерді пайдаландық?

Балалар: Үшбұрыш – төбесі, кеудесі – төртбұрыш, 2 қанаты – көпбұрыш.
Тәрбиеші: Міне, балалар зымыранымыз да дайын. Енді біздер «Жұлдызды қалашықта» даярлықтан өтуіміз керек. Ол үшін бізге «Жұлдызды қалашық» мынадай тапсырма даярлаған екен. Тапсырма аты: «Орныңды тап». Бұнда біздер «Жұлдызды қалашықтағы» үйлерді дұрыс орналастыра білуіміз керек. Сіздердің алдарыңда үйлер тұр, үйлер артында сандар тығылып тұр, сол сандар арқылы шытырман жолдан өтіп өз орыныңды табуың керек.

Балалар тапсырманы орындайды

Тәрбиеші: Өте жақсы, ғарышкерлер, сіздер берілген тапсырманы жақсы орындадыңдар. Енді дайындалыңдар, ғарыш әлеміне ұшуға рұқсат берілді. 10,9,8,7,6,5,4,3,2,1 Кеттік! (музыка ойналады)

Тәрбиеші: Ғарышқа да келдік. Біздің алдымызда – аспан әлемі және ғаламшарлар. Ғаламшарлардың біздерге даярлаған құпия тапсырмалары бар.

Тақтаға аспан әлеміндегі ғаламшарлар көрінісі бейнеленген сурет ілінеді.

  1. Күн: кемпірқосақта неше түс бар?

— Балалар: 7 түсі бар

  1. Жер: бағдаршамда неше көз бар?

— Балалар: 3 көзі бар

  1. Ай: қолғапта неше саусақ бар?

— Балалар: 5 саусағы бар.

  1. Шолпан: адамда қанша көз бар?

— Балалар:2 коз бар.

  1. Марс: жұлдыздың неше бұрышы бар?

— Балалар: жұлдыздың 5 бұрышы бар

  1. Сатурн: аспанда неше күн бар?

— Балалар:1 күн бар.

  1. Нептун: бір жылда неше ай бар?

— Балалар: Бір жылда 12 ай бар.

  1. Плутон: бір аптада неше күн бар?

— Балалар: Бір аптада 7 күн бар.

  1. Уран: адамда қанша саусақ бар?

— Балалар: Адамдың 10 саусағы бар.

Тәрбиеші: Балалар, ғаламшар тапсырмаларын мүлтіксіз орындадық. Енді өзімізге естелік ретінде ғаламшардан жұлдыздар алып кетейік. Ол үшін сіздердің алдарыңдағы даярланған конверттер ішінен пішіндерді пайдалана

отырып жұлдыздар құрастыру керек.

Құрастыру жұмысы болады. Жәй әуенде музыка ойналып тұрады. Балалар геометриялык пішіндерді құрастырады.

Тәрбиеші: Балалар, өте әдемі жұлдыздар құрастырылды. Жұлдыздар қандай пішіндерден тұрады екен?

Балалар: 5 үшбұрыш, 1 бесбұрыш.

Тәрбиеші: Өте жақсы. Жұлдыздарымызды қалташаларымызға салып алайық.

Мында қараңдар, балалар, біздер жұлдыздарымызды құрастырумен айналысып жатқанымызда біздің ғаламшарға жатпланеталықтар келіп қалыпты. Мынау солардың іздері ғой (музыка ойналады). Жатпланеталықтар құпиясын ашу үшін іздерді рет санымен орналастырып көрейік.
Балалар табан іздеріне салынған сандарды рет санымен қатар орналастырады.

Тәрбиеші: Балалар, сіздер рет санымен сандарды орналастырдыңдар, бірақ сандар құпиясы ашылған жоқ. Олай болса барлығымыз бірлесіп, күш жинап, жаттығу жұмысын жасап көрелік.

Сергіту сәті

Біздер тату баламыз

Гүл-гүл жайнап жанамыз

Жаттыгулар жасасақ

Жақсы сергіп қаламыз.

Балалар бой сергіту жаттығуын жасайды.

— Күшімізді жинап келдік, қайтадан іздер құпиясын ашуға кіріселік.

— Олай болса, сандарды жұбымен қойып шығайық.

Балалар сандарды жұбымен қояды.

— Өте жақсы. Бізге арнап жатпланеталықтар іздері келесі тапсырманы беріп

отыр. (Қисынды есептер )

— 1-тапсырма: (суреттерін іле отырып) Мен жүріп келе жатып, еменнің тасасынан екі ұзын құйрық және төрт ұзын құлақ көрдім. Олар нелер және

нешеу? (2 түлкі, 2 қоян)

2-тапсырма: Дарбаза артынан 8 дөңгелек көрініп тұр. Дарбазаның артында неше машина тұр деп ойлайсың? (2 машина)

3-тапсырма: Екі мысықтың аяғы нешеу? (8)

— 4-тапсырма: Үш сиырдың мүйізі нешеу? (6)

— Балалар, өте жақсы, сіздер бұл тапсырманы да жақсы орындай білдіңдер. Қараңдаршы, біздің ғаламшардан іздер ғайып болып кетті ғой.
— Балалар, сіздерге енді соңғы тапсырма беріліп отыр. Біздің ғаламшарда жатпланеталықтардың 3 түрі бар екен. Мына алдарыңдағы суреттің әр қатарында 1 түрі жетіспейді соны дәл тауып орналастыруымыз керек.

Дидактикалық ойын «Не жетіспейді».

— Барлық тапсырманы жақсы орындадық, енді балабақшамызға қайтуға жиналайық. Қане бәріміз бірге: 10,9,8,7,6,5,4,3,2,1 Кеттік (музыка ойналады).

Балалар балабақшаға жетеді.

Тәрбиеші: — Балалар, сіздердің білімдеріңнің арқасында, бүгінгі ғарышқа сапарымыз сәтті аяқталды. Сіздерге көп рахмет!

Балаларды мадақтау, бағалау.

Мажитова Насиба Нишанбаевна

                                    «Айша-Биби» бөбекжай-балабақша тәрбиешісі

Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласы

                                                   Қарнақ ауылы

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.