Home » Балабақша » ҒАРЫШҚА МАТЕМАТИКАМЕН БІРГЕ

ҒАРЫШҚА МАТЕМАТИКАМЕН БІРГЕ

Алтынбаева Ботакөз Жумановна
Оңтүстік Қазақстан облысы
Түркістан қаласы

 

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекет мақсаты: Балалардың сандар, геометриялық пішіндер туралы білімдерін бекіту, дағдыларын қалыптастыру. Ғажайып саяхат арқылы балалар қиялдарын шыңдау. Баланың логикалық ойлау қабілетін дамыту, тапқырлығын арттыру.

Көрнекілігі:     1-10 дейінгі сандар жинағы, үйшік, ағаш,

үлестірмелі материалдар, зымыран, үнтаспа т.б.

Барысы:                       1 психологиялық дайындық

2      өткен сабақты пысықтау

3      жаңа сабақты түсіндіру

4      алған білімді бекіту

5      қорытынды

I-бөлім.

—           Сәлеметсіздер ме балалар?!

—           Сәлеметсіз бе?

—           Көктем мезгілінің алғашқы айында сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Менің есімім Ботагөз.. Қараңдаршы балалар қонақтарға, менімен бірге сіздерге қонақтар келді. Қазақ халқы қонақжай халық, қонақтарды жақсы сыйлаған. Ал олай болса бәріміз орнымыздан тұрып, қолымызды көкірегімізге қойып, қонақтарға қарап, басымызды изеп сәлемдесейік.

—           Жарайсыңдар балалар, әдептен озбай, үлкендермен амандасу рәсімін жасағандарың адамгершіліктің бір белгісі. Жарайсыңдар, балалар бәрекелді.

 

II -бөлім.

—         Енді біз қол ұстастып, алақан арқылы жылулық таныта отырып аспанға, күнге, жерге жылы лебіздерімізді білдірейікші. Балалар, сендер менің артымнан қайталап отырыңдар.

—         Күн шығыпты алақай!

Қуантатын келді күн!

Қайырлы таң!

Қайырлы күн!

Күліп шықты күн бүгін Бәріміз күндей жарқырайық Бәріміз тату болайық.

—         Дұрыс достығымыз жарассын. Балалар алақан арқылы берілген жылулықты сезіндіңдер ме?

—         Ия

—         Олай болса, бәріміз орын-орнымызға отырамыз. Бүгінгі күніміз балалар ерекше болмақ. Сендер ойнағыларың келе ме?

—         Ия, апай.

—         Олай болса, біз — «Қуаныш ғаламшарына» саяхат жасаймыз. Онда сендерді қызықты тапсырмалар, көңілді ойындар күтіп түр. Сендер дайынсыңдарма, балалар?

—         Ия

—         Кәне, бәріміз зымыранға отырамыз. Қауіпсіздік белдігін тағып алайық. Мен де тағып аламын. Тақтық.

—          Бір, екі, үш «Қуаныш ғаламшарына» үш. Балалар біз қуаныш ғаламшарына үшып бара жатырмыз. Жолымыз қысқару үшін, «көңіл- күй» ойынын ойнайық. Қараңдаршы маған, сендер мені былай көргілерің келе ме (ашулы қабақпен) әлде былай ма? (күлімдеген бет әлпетін көрсетеді).

—         Ия, осылай көргіміз келеді.

Менде сендерді дәл осылай көргім келеді, бір-бірлерімізге жылы жүзбен қараймыз. Балалар, кәне, күлейікші. Кәне, даусымызды шығарып күлеміз. Көтеріңкі көңілімізді, жүректегі жылумызды алақан арқылы жердегі қалған адамдарға жіберейікші. Жарайсыңдар, олар да төменде тұрып, бізге сәлемдерін жіберіп жатқан болар. Ия, балалар (балалар қолдарына үрлей отырып).

ІІІ-бөлім

—         Біз қуаныш ғаламшарына келіп жеттік. Белдігімізді шешеміз, балалар, зымыран сатыларынан абайлап түсіңдер. Не деген тамаша. Ой балалар, шар. Қараңдаршы ол бізбен ойнағысы келіп тұр. Балалар ойнаймыз ба?

—         Ия, ойнаймыз (төбеде ілінігі тұрған шарды алып тәрбиеші мен балалар допты бір-бірлеріне лақтырып ойнай бастайды. Сол кезде шар жарылып қалады)

—         Кәнекей, ойнайықшы. Бір-бірімізге лақтырамыз. Ой-ой ұста, жерге түсіріп алмайық. Балалар шарымыз жарылып қалды ғой. Өкінішті-ақ (үнтаспадан қуаныш ғаламшарының патшасы сөйлейді).

Дауыс: қуаныш ғаламшарын сиқыршы сиқырлап тастады, сол себепті біздің ғаламшарымызға көңілсіздік орнады. Суретті бөлшектеп, жан-жаққа тығып қойыпты. Сиқырлы суретті тауып, бізге көмек берулеріңізді сұранамыз.

—         Балалар көмектесеміз бе?

—         Ия, көмектесеміз.

—         Сиқырланған ғаламшар тұрғындарына көмектесу үшін, біз сиқырлы суреттерді тауып алайық. Кәне, балалар, барлығымыз суреттерді іздейміз (балалар суреттерді іздеп, бір деген саны бар сурет бөлігін тауып алады.)

—         Балалар не таптыңдар?

—         Апай 1 сурет таптық.

—         Бұл суреттің сиқырлы екенін білесіңдер ме? Қараңдаршы суреттің екінші жағында І саны берілген. Бұл санның өзіндік тапсырмасы бар екен. Егер біз тапсырманы орындай алсақ, қуаныш гүлі ашылып, бүкіл ғаламшар түрғындарына бақыт сыйлаймыз. Ал қазір балалар біз бірінші тапсырманы орындайық. Балалар біз тапсырманы орындау үшін

—         1 тапсырма. «Сандар үйшігі» ойынын ойнаймыз.

— қараңдаршы көше бойындағы үйшіктерді сиқырлап қойған екен. Сондықтан көрші сандар бір-бірлерінен алыстап калыпты. Көршілер өкпелеп жатыр. Сандарға өз үйшіктерін табуға көмектесеміз бе?

—         Ия.

—         Көмектесу үшін алдымен біз 1-10 дейінгі сандарды есімізге түсірейік. Кәне, барлығымыз 1-10 дейінгі сандарды атап шығамыз.

—         1 ,2,3,4,5,6,7,8,9,10. Тамаша

—         Енді адасқан сандарды үйшіктеріне ретімен орналастырамыз (бірінші үйшікке үлгі ретінде санды өзім орналастырамын). Кәне, Гүлжан мына үйшікке өз санын апарып қойшы. Толқын екі санының көршісі қандай сан.

—         Үш.

—         Дұрыс айтасың Толқын. 3 санын өз үйшігіне апарып қой.

—         Балалар 4 санының көршісі қандай сан екен. Кәнекей, кім айтады. Жарайсың. Дұрыс. Одан кейінгі үйшікке қай санды орналастырамыз.

—         5.

—         Дұрыс айтасың, менің балаларым қандай ақылды. Енді 5 санының көршісін кім айтады.

—         6.

—         Адасқан көршісін өз үйшігіне апарып қоямыз. Балалар байқадыңдар ма? Барлық сандар үйшігін сиқырлап тастапты ғой. Балалар сендердің ойларыңша, 6 санының үйшігінен кейін қай санның үйшігі тұрады.

—         7. Балалар қараңдаршы 7 санының үйшігі сиқырланбай қалыпты. Сендер қалай ойлайсыңдар неге 7 саны сиқырланбаған?

—         Қалып кеткен шығар.

 

—         Балалар жеті саны киелі сан, сиқыршының әлі келмеген ғой. 7 санынан кейін қандай сан?

—         8. Сегіз санын үйшіктердің ішінен тауып алайықшы.

—         Жарайсың. Сегіз саны саған рахмет айтып тұрған сияқты. Енді сегіз санының көршісі қандай сан ?

—         9.

—         Сиқырланған тоғызды үйшігіне апарып орналастырайық. Балалар енді ең соңғы үйшік саны 10. 10 үйшік санын сиқырлап үлгермепті, қараңдаршы 10 саны өз үйінде тұр.

—         Балалар бір санының тапсырмасы орындалды. Қараңдаршы балалар, сиқырланып қалған сандар өз үйшіктерін тауып, көше бойындағы үйлер ретке келді. Балалар, суретке назар аударайықшы, 1 санының екінші бетінде не бейнеленген, түсініксіз сурет болды ғой, ия балалар, бұл сиқырлы суреттің бір ғана бөлшегі. Олай болса, біз суреттің қалған бөлшектерін іздейік. Ал бұл суреттің бөлшегін тақтаға іліп қоямыз. Кәнекей, сиқырлы суреттің қалған бөлшегін іздейікші.

(балалар жақын жерге тығылып қойылған 2 санын табады)

—         Жарайсыңдар, біз екі санын таптық. Бұл біздің екінші тапсырмамыз.

—         2 тапсырма «Санамақ».

—         балалар қараңдаршы сендер не байқап тұрсыңдар?

—         Ағаш қарайып кетіпті / ағаш солып қалыпты.

—         Дұрыс айтасыңдар, ағаштар да сиқырланып қалған ғой. Ағаштар өз қалпына келуі үшін, бүл жердегі біздің тапсырмамыз санамақ айту екен. Балалар сендер санамақ айтуды білеміз бе? біз әрбір ағашқа сол үйдің әр түрлі санамағын айтуымыз керек. Балалар мен сендерге бастап берейін. Сендер ары қарай жалғастырасыңдар (үйдің жанында солып қалған қара ағаш тұрады).

Бір дегенің — білім,

Білім — жарық күнің.

—         балалар қараңдаршы менің санамағым ұнаған екен. Ағаш көгеріп шыға келді. Келесі үйдің ағашына кім санамақ айтып береді? Кәне, Досжан сен айта қойшы, ағаштар сенің санамағыңды тыңдағысы келіп тұр.

Екі дегенің — еңбек,

Еңбек бәрін жеңбек.

—         бәрекелді тамаша. Қарашы сенің санамағыңмен ағаш жап-жасыл болып көгере шықты. Балалар үшінші үйшіктің санамағын кім айтып береді.

—         Мен.

—         Кәне, айта ғой.

Үш дегенім үміт,

Үмітсіз жоқ жігіт.

Жарайсың, балалар барлықтарың белсенді балалар екенсіңдер. Келесі

ағашты кім көгерткісі келеді.

—   мен, олай болса, сен төрт санының санамағын айт. Балалар қараңдаршы,
санамақ ағашқа ұнаған сияқты, ағашымыз жайқалып шыға келді.

 

Төрт дегенің — талап,

Талмайтұғын қанат.

Бес санына байланысты санамақты кім біледі?

Бес дегенің — бірлік,

Бірліксіз жоқ — тірлік.

Алты дегенің — арман,

Атар таңың алдан.

Жеті дегенің — жігер,

Жеңер жолын білер

Сегіз дегенің — сенім,

Сүйенішің сенің.

Тоғыз дегенің — талғам,

Тура жолға салған.

Он дегенің — Отан
Отанды сүй, ботам!

Міне, қараңдаршы? Көше бойындағы үйдің ағаштары жап-жасыл болып, жайқалып қалды. Біздің санамақтарымыз ағаштарға ұнаған-ау деймін. Балалар екі санының тапсырмасы орындалды, сиқырланған ағаштарды қалпына келтіріп, көгалдандырып кеттік. 2 санының сиқырлы суретіне қарайықшы. Мұнда да түсініксіз сурет, а, бұл балалар бүтін бір суреттің бір бөлшегі ғой, олай болса біз балалар суреттерді құрастырайық (тақтадағы сурет бөлшегімен құрастырамыз). Балалар біз көше бойындағы адасқан сандар үйшігін ретке келтірдік, сиқырланған ағаштарды көркейттік. Енді балалар «Қуаныш ғаламшарының» сиқырын жою үшін әрі қарай жүрейік.

—   3 тапсырма «Қызықтыру сәті» (есік қағылды).

—   Балалар тыңдаңдаршы есікті қағып жатыр, кәне сендер отырыңдар, ал мен көріп келейін (балаларды отырғызып кетеді).

(хат тасушы келеді)

—   Ой, балалар, бізге хатымен бірге біздің іздеп жүрген сурет бөлшектерін алып келіпті. Мұнда біздің 3 тапсырмамыз бар. Кәне, барлығымыз тыныш отырамыз, хатты оқып көрейікші, онда не жазылған екен. Балалар мұнда барлықтарыңа жеке -жеке хат бар екен. Хаттың ішінде сиқырланған ойыншық бөлшектері салынған. Сиқыршы ойыншықтарды жеке бөліктерге бөліп-бөліп тастапты. Біз сол бөлшектерден бүтін ойыншық құрастыруымыз керек. Балалар біз ойыншықтарды құрастыра

аламыз ба?

 

—         Ия

(1 үлкен конверт ішінде үлестірмелі материалдар салынған әр балаға

арналған конверт болады. Балалар геометриялық фигуралардан ойыншық

құрастырады).

—         — жарайсыңдар, тапсырманы жақсы орындадыңдар. Кәне Гүлжан, сен қандай ойыншық түрін құрастырдың, бұл неге ұқсайды? (3-4 баладан не құрастырғанын сұрап шығамыз) Жарайсыңдар, балалар, біз 3 тапсырманы да орындадық. Ал енді сиқырлы сурет бөлшегін құрастырайықшы (тақтаға сурет ілінеді). Балалар суретіміз түгел шықпады, қалған сиқырлы бөліктерін іздестірейікші.

—         Кәне, барлығымыз орнымыздан тұрып, «қуаныш ғаламшарына» саяхатымызды жалғастырайық.

4 тапсырма «Тосқауыл».

(жүріп келе жатқан балалардың алдында тосқауыл — үлкен көктас тұрады).

—         балалар қараңдаршы жолымызды бөгеп тастапты, мынау не балалар көктас емес пе? Еритін уақыты келген жоқпа? қалай өтсек болады. Кәне, орнынан қозғап көрейікші. (сол кезде көк тас айналып артқы жағынан сөзжұмбақ шығады) Мұнда, балалар 4 саны жатыр ғой. Балалар біз тосқауылдан өту үшін мына сөзжұмбақ шешу керек екенбіз.

—         Балалар сендер сөзжұмбақ шеше аласындар ма?

—         Ия

—         Олай болса, мен оқимын, сіздер жауап бересіздер.

1.    Ас атасы не? (нан)

— дұрыс айтасың ас атасы нан, нан дастарханымыздың сәні.

2.     біз немен дем аламыз? (ауа). Кәне кім айтады?

3.     біз қуанғанда алақай дейміз, ал орыс бауырларымыз қуанғанда не дейді? (ура)

4.     жақында аналар мейрамы болды, сендер аналарыңа қандай гүл сыйладыңдар? (раушан) Қандай гүлдің түрін білесіңдер?

5.     Жаз келгенде ұйқы бермейтін масалар қалай ән салады. (ыз-ыз- ыз) бәріміз көрсетейікші.дұрыс айтасыңдар ызыңдайды (ызың).

6.     ең соңғы сұрағымыз балалар: біз «қуаныш» ғаламшарына немен келдік. (зымыран)

(сөздер, сұраққа жауап берген сайын көктасқа ілініп тұрады)

Балалар сөзжұмбағымыздың кілті табылды — ол «Наурыз» сөзі екен.

Наурыз жайлы не білесіңдер? күн мен түннің теңелген күні. Наурыз

айы қай мезгілде болады.

—         көктем

—         көктем мезгілі келуімен табиғатта қандай өзгерістер болады.

—         Күн жылынады, қар ериді, ағаштар бүршік атады, жер көгереді, көктем жаршысы- қарлығаш келеді. Көктас еріп, жер жыли түседі. Балалар көктас еріп жолымыз ашылды. Алақай! Балалар біз 4 санымен белгіленген суретті тауып, тапсырмасын да орындадық, ал енді сиқырлы суреттің бүл бөлшегін де барып құрастырып көрейікші.

 

(тақтаға сиқырлы суреттің 4 бөлшегін құрастырамыз) балалар сиқырлы сурет толық шықпады ғой. Түсініксіз сурет болып тұр. Қалған бөліктерін табайықшы. (осы сәтте қорылдаған дыбыс шығады).

Балалар бұл не дыбыс? Сендер ұйықтап қалғансыңдар ма? Қайсысың ұйықтап қалған?

—         Жоқ

—         Қараңдаршы біреу ұйыктап жатыр, Мынау Жалқаубек емес пе?

—         Жалқаубек тұр, көктем мезгілі келді. ( Жалқаубек тұрмайды)

—         Балалар Жалқаубекті ояту үшін бір қулық жасап көрейік. Кәне, дәмді тағамдарды атап шығайықшы.

—         Нан, бесбармақ, палау, бауырсақ, наурыз көже.

(Жалқаубек ұйқысынан тұрады)

—         кәне, бауырсақ, менің қарным ашты.

—         Балалар біз Жалқаубекті ұйқысынан оятып алдық, тәтті тағамдарды жақсы көреді екен. Бірақ Жалқаубек тәтті тағам жегің келсе, сен ұйқыңнан оян.

—         Менің ұйқым келіп жатыр, ұйықтаймын.

(Жалқаубектің артында сиқырлы сурет бөлшегі ілініп тұрады. 5 саны ілініп тұрады.)

—         тоқта, Жалқаубек, артыңдағы не қағаз?

—         Білмеймін.

—         Балалар, мынау қағаз біз іздеп жүрген сиқырлы суреттің бір бөлшегі емес пе?

—         Ия

—         Ол не қағаз?

—         Жалқаубек, сендерді сиқырлап кеткен, сиқырды жою үшін біз кедергілерден өтіп , тапсырмаларды орындап жүрміз. Ия балалар?

—         Ия

—         Балалар бұл  суреттегі тапсырмамыз -би билеу екен.

—         Менің ұйқым келіп тұр,

—         Жоқ Жалқаубек, сен ұйықтама, Кәне балалар Жалқаубекпен бірге «балалапандар» биін билейікші. Шеңбер құрып, би билейміз.

(балалармен шеңбер құрылып, балалар балапандар биін билейді)

Балалар біз «Қуаныш ғаламшарындағы» барлық кедергілерден өтіп келе жатырмыз. Сиқырлы суреттің 5 ші бөлігін де таптық. Қараңдаршы бір бөлшегі жетіспейтін сияқты. Кәне балалар, сиқырлы суреттің 6-шы бөлігін табайықшы. Бәріміз іздейміз.

(Жалқаубек 6 саны жазылған сурет бөлшегін тауып әкеледі)

Ой, Жалқаубек, балалар қараңдаршы Жалқаубек те бізге көмектесуге кірісіп кетіпті ғой. Ол сиқырлы суреттің алтыншы бөлшегін тауып әкелді. 6-тапсырма. Жасырын сұрақтар

Кәне Жалқаубек 6 бөлшегінде не берілген екен. Балалар 6 бөлшегінде бізді сынауға сұрақтар беріліпті, Жауап беруге дайынбыз ба?

Жалқаубекке өз ой жүйріктіктерімізді көрсетейікші. Жалқаубек сен де тыңда. Мен қазір сұрақтар қоямын.

 

1.     Үш картоп 10 минутта піссе, жалғыз картоп неше минутта піседі?

—      балалар барлық картоптар бір минутта піспей ме? Солай ма?

2.     Әтеш алдымен 5 жұмыртқа, тағы 1 жұмыртқа салды. Барлығы неше жұмыртқа салды?

—      ойланыңдаршы, әтеш жұмыртқалайтын ба еді ?

3.     Қайың ағашында 7 жаңғақ өсіп түр, 2 жаңғағын тиын алып кетті, қайың ағашында неше жаңғақ қалды.

Жалқаубек мүмкін сен білетін шығарсың, кәне ойланып көрші.

—      балалар қайың ағашында жаңғақ өспейді ғой.

4.     5 банан көп па? 5 алма көп па?

—      Екеуі тең

Ой жарайсыңдар, сендер көп нәрсені біледі екенсіңдер ғой, білімдеріңді көрсеттіңдер.

Жалқаубек: Балалар мен сендермен жүріп көп нәрсені үйрендім, жақсы достар таптым, сендер ақылды екенсіңдер. Ендеше, мен қайтайын. Әжем мені іздеп қалған болар. Сау болыңдар, балалар!

—        Сау бол!

—        Балалар біз барлық кедергілерден өттік. Кәне соңғы бөлшегін барып құрастырайықшы. Балалар мынау ненің суреті? (тақтада ғаламшардың суреті тұрады).

—        балалар бұл — ғаламшар, қандай әдемі міне балалар бөлшектеніп кеткен ғаламшарымыз сиқырдан арылды. Балалар «Қуаныш» ғаламшарындағы сиқырдың күшін толығымен жойдық. Ғаламшар тұрғындары мәз- мейрам.

ІҮ-бөлім

—        Сендер «Қуаныш» ғаламшарында ойын ойнағыларың келе ме?

—        Ия

—        Ойынымыздың аты — «Сен қандай кереметсің!»

—        Кәне, барлығымыз шеңбер болып тұрып,алақан арқылы жылулық таныта отырып, жылы лебіздерімізді білдірейікші. Бір-бірімізге жылы сөздерімізді айтамыз. Сен сондай көріктісің.

1 . көріктісің

2.     ақылдысың

3.     әдемісің

4.     бақыттысың

5.     көркемсің^

6.     көңілдісің

7.     сымбаттысың

8.     күндейсің

9.     тәттісің

10.    гүлдейсің

—        балалар, қараңдаршы бұл не?

—        Гүл

—        Біз бір-бірлерімізге жылы сөздер айтып жатқанда, ғаламшардың негізгі бақыт гүлі ашылды. Бәрекелді, сендер өз еңбектерің, білімдерің

 

арқылы «Қуаныш» ғаламшарына бақыт сыйладыңдар. Біз мақсатымызға жеттік. Достарымыз бізге гүл дайындап қойыпты (әуен орындалады.)

—         Балалар біз, зымыранымызға отырып, өз үйімізге оралайық. Кәне, «Қуаныш» ғаламшар тұрғындарына жақсы тілектерімізді айтып кетейікші.

—         Бақытты болыңыздар! Әрқашан қуаныш болсын! Сау болыңыздар!

Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рақмет!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.