Ұлттық мемлекет құру қай халықтың болса да өзекті және оның жанына жақын, нәзік проблема. Бұл салада ғылыми ізденіс жасаған, қалам тартқан азаматқа оның еліне, халқына деген сүйіспеншілігіне ерекше талап қойылады. Осы тұрғыдан Ханкелді Махмұтұлының ұлтжандылығы, мемлекеттілігі, өзінің терең білімімен ұлттық мемлекетті құру, дамыту, сақтау жолындағы күресі, азаматтық ұстанымы халықтың оған зор құрметін әкелді. Туған халықтың өзін-өзі билеу еркіндігі, тәуелсіздігі ұлттық мемлекет болып қалыптасуына зор үлес қосқан Ханкелді Әбжанов.
Ғалым Х.Әбжанов ғылыми, қоғамдық өмірде ерекше тынымды, сапалы іс-әрекеттерімен Р.Сүлейменовтың рухани ізбасарлары қатарында шоқтығы биік тұлға ретінде танылды. Ол жүрген ортасына, соңынан ерген ұлт азаматтарына, зиялы қауым, шәкірттеріне үлгі бола білді. Ғылымда, қызметте қолынан іс келетіндерді ғана қолдады.
1999 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің басшылығы оны жаңа Елорда –Астанаға қызметке шақырды. Еуразия университеті 2000 жылы мемлекеттік, 2002 жылы ұлттық мәртебеге ие болды. Аса мәртебелі әлденеше қонақтар мен делегациялар келіп кетті. Университетпен бірге Ханкелді Махмұтұлы да кемелденді. Алғашқыда тарих факультетінің құрамында ашылған тарихнама және деректану кафедрасының тұңғыш меңгерушісі қызметін атқарды. Осы кафедрасының меңгерушісі ретінде студенттерге дәріс оқыды, магистранттармен, аспиранттармен жұмыс істеп, тәрбие жұмысын ұйымдастыруға, студенттердің әлеуметтік-интеллектуалдық әлеуетін арттыруға хал-қадірінше тер төкті. Оның ұстаздық болмысы, шеберлігі, ғылымға деген талпынысы осы университет қабырғасында шыңдалды. Жоғары кәсіби біліктілігі, тарихтың құпия сырларын терең зерделеу, байыпты, жетік түсіндіру, студенттердің шығармашылық және қабілеттерін ояту, дүниетанымын өрістету, ғылыми-әдістемелік жаңалықтарды тәжірибеде қолдану ұстаздық ісіндегі өзекті, көкейтесті дағдылы істері еді. Тәуелсіздік жылдары республика тарихшылары күрделі зерттеулер жүргізумен қатар оқу орындары үшін жаңа тұрпатты оқулықтар жазуда да талпыныстар жасады. Олардың біразының ғылыми-зерттеу еңбектерінің нәтижелері жоғарғы оқу орындары мен мекептер және арнаулы білім беретін колледждерге арналған оқулықтар мен оқу құралдарында көрініс тапты. Бұл іске Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының қызметкерлері мен ЖОО-ның жекелеген ғалымдары ат салысты. Олардың қатарында табысты еңбек еткен ғалымдарымыз Кемел Ақышев, Манаш Қозыбаев, Жанұзақ Қасымбаев, Кеңес Нұрпейіс, Бүркіт Аяған, Карл Байпақов, Нұрлан Жақсылықов, Ханкелді Әбжанов, т.б. ғалымдар болды.
Ханкелді Әбжановтың ғылыми зерттеулерінде көтерген тақырыптарының бірі – тіл мәселесі. Тәуелсіз ел болуы үшін ұлттық қасиеттерді қадірлеу, дәріптеу, ұлттық тілді құрметтеу ең басты жолда тұру керектігін баса айтады. Ұлттық тілдің мемлекеттік статусын жоғары көтеруде қазақ тілінің мемлекеттік статусын іске асырушылар мен билік жүйесінің ара қатынасын бірізділікке салу қажеттігін көрсетеді. Тіл саласындағы басты кемшіліктерді де атап өтеді. Ол ана тілімізде сөйлеуді намыс көрген, ана тілін білгісі келмегені үшін, балаларын ана тілі мектебіне бермей, қазақ ұлтының атын жамылған, «жаңа қазақ» атанғандардың қылықтарына қынжылады. Егеменді еліміздің тұғыры биік болуы үшін ұлт перзенті болу қажеттілігіне меңзейді. Тәуелсіздік алған заманда ұлтжандылық халықта бірнеше түрде байқалатынын атайды. Ғалым «ұлтжандылық» пен «ұлтшылдық» ұғымдарын шатастырмау қажеттігін ескертеді. Оның ойынша, әр халық ұлтын өзінше сүйеді.
Х.Әбжанов өз кезегінде қазақ батырларын, яғни ұлт-азаттық көтеріліс басшыларын таныту мақсатында да көп іс тындырған. Мысалы, ол бұл тұрғыда 1917 жыл қазақ қоғамына түбегейлі өзгерістер әкелді. Әркім өзінің саяси бағыты мен таптық бағдарламасын таңдауға қадам жасады. Қоғамдық қозғалыстар мен саяси партиялар дүниеге келіп жатты. Ғалым «Ораз Жандосов – патриот, қайраткер, тұлға» атты мақаласы жарық көрді. Қысқа ғана мақалада Ораз Жандосовтың қоғамдық және партиялық-мемлекеттік қызметінің қырларын, мәселен 1921,1931-1933 жылдардағы аштықпен күреске үлесін, қазақ баспасөзінің ғылымын дамытудағы еңбегі. Ол Отан тарихында патриот, қайраткер азамат О.Жандосовтың өмірі мен қызметі, қаһармандық бейнесі кейінгі ұрпаққа жарқын өнеге, өшпес үлгі, әрі патриоттық төрбие беретін таптырмас құрал [24].
Ғалым тарихшы Қазақстан тарихы мен отан тарихъна байланысты көптеген еңбектер жазды. Оның «Бекмаханов және ұлт-азаттық қозғалыстарын зерттеу методологиясы», «Қазақстандағы тоталитарлық билік және дін», «Қазақстанда тоталитарлық мәдениеттің қалыптасуы (1917-1945 жж.)», «Из истории международных культурных связей Казахстана (1946-1952 гг.)» тағы басқа ғылыми зерттеулері – қай қоғамда өмір сүрсек те өзінің құндылығын жоймайтын, керісінше, еліміздің рухани қоры мен мүмкіндігін байытып, дамытып отыратын айрықша маңызға ие, өлшеусіз деректер мен құбылыстарға толы өте ауқымды монографиялық еңбектер. Ғалым еңбектерінің ерекшеліктері – ғылыми сарапталуында ғана емес, сонымен бірге зерттелген үдерістің, қоғамдық-саяси күштердің, ресми оқиғалар мен сол оқиғалар ортасында жүрген адамдардың тарихи шындығында. Ол еңбектерін қай қоғамның, қай заманның да мемлекетшілдері, зерттеуші ғалымдары, студенттері тәжірибе үшін де, тарихи шындықты білу үшін де, тарих пен қоғамның даму заңдылықтарын түсіну үшін де оқып, зерттесе – көп білімді қамти алады.
Ғалымның «Ұлт тірегі — тіл», «Тәуелсіздік, тұлға, тіл», «Тіл және ұлттық патриотизм», «Тіл тағдыры – Ұлт тағдыры» т.б. еңбектері жарық көрді. Еңбектерінде қазақ тілін көркейту, тілді еркін дамытуға қатысты ұлан-ғайыр іс атқарылған туралы, қазақ тілі бүкіл дүние жүзі таныған қазақ ұлтының, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі екенін ашық айтты.
Бүгінде ғалымның қаламынан шыққан 300-ге тарта ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалары оның есімін республика тарихшы ғалымдарына мәшһүр етті.
Тұла бойына осылай дарыған ұлан-ғайыр ұлылықты, тек ізгілікпен, асқан ақылдылықпен өз жұртына сіңіріп берді. Өзінің ешкімге ұқсамас кісілік тұрпатымен, терең ақыл-ойымен, биік парасатымен, қазанаттай қажымас қажырлы еңбегімен, бұрынғының би-шешендеріндей төгілтіп сөйлегенде «тыңдаушысы бордай езілген» шешендігімен, алды кең ақжарқын, кішіпейіл, мінсіз мінезімен ортамызда жүрген қадірлі Ханкелді Махмұтұлы.
Х.Әбжанов жеке адамдардың ғана емес, бүкіл халықтың, ел жұртының сый-құрметіне бөленген, өте қадірлі, қасиетті ел азаматы және оны барлық ұлт өкілдері де құрметпен қарайды.
«Ғылым жолы-ұлы жол, ұлағатты жол». Міне, осы ұлағат жолында Ханкелді Махмұтұлы өнегелі ойымен қазақ деп аталатын ұлы ұлттың аяулы перзенті.
Ұлағатты ұстаз, өресі биік ғалым Ханкелді Әбжанов қазіргі уақытқа дейін жастардың, әсіресе қазақ жастарының бойында отанға, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға ат салысты және биік рухты ұрпақ тәрбиелеу ісіне ден қою керектігін айтып келеді.
Ханкелді Махмұтұлының өмір жолына, болмысына қарап отырып, кемеңгердің ата тектен тамыр тартқан, тек ұлы тұлғаларға ғана бұйыратын әлемдік деңгейдегі ойшылдығына, кемел істеріне еріксіз сүйсінесің. Өзі өмір бойы өнеге тұтқан, Алаштың арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов сынды көсемдердің халқына қалдырған аманатын жалғастырған, солармен сүйек буынындай бірге біткен дара тұлға дерсің.
Әдебиеттер:
- Әбжанов Х. Тәуелсіздік танымы. Қазіргі Қазақстан: тарих және методология // Егемен Қазақстан.-2010.-17 желтоқсан
- Әбжанов Х. Азаттық тарих және зерттеу методологиясы // Қазақстан мұрағаттары.-2010.- №4
- Абжанов Х. Казахстан в послевоенные годы (1946-1953 гг).-Алматы: Атамура.-2010.-Т.4.- 245 с.
- Әбжанов Х. Қазақстан: тарих, тіл, ұлт . -Астана:«Ана тіл-Ата тарих» баспа — зерттеу орталығы ЖШС, 2007.- 272 б.
- Назарбаева Г., Әбжанов Х. Қазақстан: тарих пен тағдыр. Мақалалар.- Алматы: «Кітап» баспасы ЖШС, 2003.- 296 б.
- Назарбаева Г., Әбжанов Х. Қазақстан:тарих тұлға теория. -Алматы, 2004.- 344 б.
- Назарбаева Г., Әбжанов Х. Қазақстан: тарих пен тағдар. — Алматы: Кітап, 2003.-294 б.
Гульназ Бисенова Амангельдиновна,
Екібастұз қаласы,
№ 11 жалпы орта білім беретін мектебі,
Тарих пәнінің мұғалімі