Home » Балабақша » Ғажайып күз мерекесі

Ғажайып күз мерекесі

Мақсаты: Алтын күз мерекесін өткізу. Күз туралы түсініктерін молайту. Балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау.

Көрнекіліктер: Залдың іші мерекеге сай безендірілген. Жапырақтардың суреті. Күз жәрмеңкесі. «Жемістер, көкөністер салынған себеттер».

Әдемі сазды әуен ойналып тұрады, балалар тәрбиешілермен бірге кіріп орындықтарға жайғасады.

Жүргізуші: Құрметті қонақтар, ұстаздар! «Ғажайып күз кереметі» атты ертеңгілікке қош келдіңіздер!

Армысыздар, халайық,

Бармысыздар, халайық.

Күзгі тойды жұп жазбай,

Бірге қарсы алайық.

Есік қағылады. Есіктен Күз ханшайымы кіреді.

Береке бақ дарыған,

Жомарт көңі жарқын күз.

Сары алтынға малынған,

Күз ханшайымы мен болам.

Жүргізуші: Күз ханшайымы, қош келдіңіз! Біздің балалар сізді сағынды. Сөйтіп сізге дайындаған көп өнерлері бар.

Күз ханшайымы: Ой, қандай жақсы, мен де сендерді сағындым. Сендерге әкелген сыйлықтарым да бар.

Жүргізуші: Олай болса сіз жайғасып отырыңыз да, біздің балалардың өнерін тамашалаңыз. Ортаға тақпақ айтатын балалар, шығыңыздар.

Қуандырып біздерді,

Кел жемісті алтын күз.

Өлкемізде күз келді,

Кемелденсін халқымыз.

 

Жеміс мол беретін,

Күз дос екен бізбенен.

Бәрін тауып беретін,

Жомарт екен күз деген.

 

Жетті желмен алтын күз,

Жеміс жинап салтымыз.

Жиын теріп болған соң,

Той жасайды халқымыз.

 

Көктемде егін егетін,

Күзде жиып беретін.

Біздің дала бай дала,

Астық толы айнала.

 

Көк майсалы көрікті,

Алқаптағы көйлегін.

Бұл күндері киіпті,

Сары жібек көйлегін.

Жүргізуші: Рахмет, балалар. Отыра қойыңдар.

Күз ханшайымы: Балалар, мен сендерге жұмбақ жасырғым келіп отыр.

  1. Бұтақта ілініп тұрамын

Піскенде себетке құладым. Ж: «Жеміс»

  1. Ашулы қонақ бұл оның

Тоны шешсе жыладым. Ж: «Пияз».

  1. Өсірер тың дала

Көшірер қамбаға

Айналар ұнға да

Айналар нанға да. «Бидай»

  1. Сырты қатты

Іші тәтті.       Ж: «Қарбыз»

  1. Өсірдім ұлпа қар

Шешуін кім табады?    Ж: «Мақта»

Жүргізуші: Күз ханшайымы, көрдіңіз бе, біздің балалар – тапқыр.

Енді біздің өлеңімізді тамашалаңыз.

 

Ән: «Күзгі әуен».

Ж-ші: Біздің балалардың дайындаған тағы да тақпақтары бар, соны тыңдайық.

 

Гүл жайнаған даланың,

Жапырағы солыпты.

Таңырқадым, қарадым,

Танымастай болыпты.

 

Алтын, сары, қызыл, көк,

Алуан-алуан жапырақ.

Күзгі бақта күлімдеп,

Көз тартады атырап.

 

О, алақай тамаша,

Шашу шашады жапырақ.

Бақтың іші алаша,

Аунар ма еді жатып ап.

 

Астық жеміс жиылды,

Қамбамызға құйылды.

Ардақты күз мың алғыс,

Алдық өнім сыйынды.

 

Өнім үйіп тастадық.

Оқуды да бастады.

Берекелі алтын күз,

Ашық болсын аспаның.

Би. «Күн мен бұлттар»

Жүргізуші: Қане, балалар, осындай молшылық күз айында бір ойын ойнап жіберейік. Ол ойын «Кім жылдам?» деп аталады. Ойынның шарты бойынша ұлдар бір себетке көкөністерді жинайды, ал қыздар екінші себетке жемістерді жинайды.

Жүргізуші: Жемістерді қарсы алайық. «Осы кезде әуен ойналады, ортаға жемістер шығады».

Алмұрт:               Мен алмұртпын, алмұртпын

Аузындамын бар жұрттың.

Жүзім:                 Мен жүзіммін, жүзіммін

Моншақ болып тізілдім.

Өрік:                     Мен өрікпін, өрікпін

Табиғатқа көрікпін.

Ән: «Сылдырмақ»

Жүргізуші: Жарайсыңдар, балалар. Ал, енді қонақтарды сынап көрейік. «Ұқсасын тап» ойыны.

Пісетін кезде дәл күзде,

Мезгілсіз оны үзбе.

Аузыннан кетпес бал дәмі,

Оның аты «шабдалы».

 

Кіп-кішкене болса да,

Ағаштың басын иеді.

Жемістерін айырып,

Танисын ба? «шиені».

 

Жапырақты тасалап,

Өсетін жері бақша-бақ.

Күрең қызыл шіркін-ай,

Оның аты «таңқурай».

 

Жүргізуші: Тағы да біздің балалардың тақпақтарын тамашалаңыздар.

Жүзім, алма жинаймыз,

Алтын мақта тереміз.

Үлкендерді сыйлаймыз

Көмектесе береміз.

 

Жайдары күз, жарқын күз.

Аяулы күз, алтын күз.

Дәмге толы кең далам,

Дариядай шалқар күз.

 

Жүргізуші: Күз ханшайымы, балалардың өнерлері ұнады ма?

Күз ханшайымы: Рахмет, балалар, маған мереке қатты ұнады. Ал енді менің орманға баратын уақытым болды.

Берекелі бақ-дәулет,

Арта түссін тойланып.

Сау болыңдар, балалар,

Келгенше жыл айналып.

— Ал, тәрбиеші апай, менің балаларға әкелген сыйлығым бар. Соны сізге берейін, балаларға таратып беріңіздер.

Жүргізуші: Осымен «Ғажайып күз кереметі» мерекесіне арналған ертеңгілігіміз аяқталды.

— Тамашалағандарыңызға көптен көп рахмет! Сау болыңыздар.

Сейтенова Шамшия Карбайқызы,

№46 «Самал» санаториялық балабақшасы,

тәрбиеші,

Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.