Home » Жаңалықтар » ІІ АЙМАҚТЫҚ ШӘКЕН ОҚУЛАРЫ ӨТТІ

ІІ АЙМАҚТЫҚ ШӘКЕН ОҚУЛАРЫ ӨТТІ

Кеше Павлодар облысының Баянауыл өңірінде ІІ аймақтық V Шәкен Айманов оқулары өтті. Іс-шараның мақсаты: Шәкен Аймановтың қазақ өнеріндегі ғажайып қолтаңбасын насихаттау, оқушылардың табиғи талантын ұштау және шығармашылыққа баулу болды.
Сайысқа Баянауыл ауданына қарасты бірнеше мектептер қатысты. Бұл жолы Екібастұз қаласының намысын айтулы екі мектеп: Абай атындағы №2 мектебі мен №25 қазақ қыздар-гимназия мектебі қорғады. Абай Құнанбаев атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектебі болса, осымен екінші жыл бақ сынасуда өзге қатарластарына есесін жібермей келеді.
«Шәкен оқулары» жылда төрт кезең бойынша өтеді: «Сахна саңлағы», «Ақ қағаз, қалам сия келді бізге…» мүшайрасы, «Көңілім әнді ұғады» ән орындау және «Қылқалам және қол өнер шеберлері» сурет сайыстары. Мектебіміздің дарынды оқушыларының бірі — 4-сынып оқушысы Рай Махаббат «Көңілім әнді ұғады» кезеңінде жүлделі ІІІ орынды иеленсе, «Ақ қағаз, қалам сия келді бізге…» аталымында 11-сынып оқушысы Сәрсен Сәнді жүлделі ІІ орынға ие болды. Сондай-ақ, талантты шәкіртіміз Дана Ешмұратова келесі «Ақ қағаз, қалам сия келді бізге…» мүшайрасында жүлдегерлер қатарынан табылып, ІІ орынды қанжығасына байлады.
Білім мен өнер егіз дейді. Олай болса, осы егіз кереметті тамаша меңгергендерін талантты оқушыларымыз іс жүзінде дәлелдей білді. «Баласы бәйгеге атын қосса, анасы тақымын қысар» дегендей, мектебіміздің дарынды оқушыларын өңірлік сайысқа әзірлеп, жеңіспен келуіне атсалысқан қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігі алда әлі де талай белестерді бірге бағындыратындарына бек сенімді.

Ботагоз Ермековна АЛГАМБАРОВА,
Абай Құнанбаев атындағы №2 ЖОББМ-нің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Екібастұз қаласы,
Павлодар облысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.