Home » Жаңалықтар » ІХ Халықаралық  ғылыми-практикалық конференция

ІХ Халықаралық  ғылыми-практикалық конференция

М. Әуезовтың «Халық пен халықты ел мен елді теңестірген — білім» деп айтқан сөзі адамзаттың тіршілігінің негізгі тұғырнамасы болып табылады. Тәуелсіздік алғалы бері білім жүйесіне енгізіліп отырған реформалар – біздің болашағымыздың жарқын бейнесі. Себебі қай мемлекет болмасын оның дамуы білімді, білікті азаматтарға иек артады.

Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген, сын тұрғысынан ойлау, ақпаратты өздігінен іздеу мен талдау дағдыларына ие тұлға қалыптастыру – бүгінгі таңдағы педагогтердің алдына қойылған аса маңызды міндет. Осы міндеттерді іске асыруға байланысты орта білім мазмұнын жаңарту мақсатында озық әлемдік тәжірибе мен практиканы енгізу бойынша білім саласында жан-жақты жұмыстар атқарылуда.

Ағымдағы жылдың 26-27 қазанында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының ұйымдастыруымен «Білім берудің жарқын болашағына арналған құндылықтар, әл-ауқаттылық және инновация» атты тақырыпта IX Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілді. Маңызды  іс-шараға білім беру саласындағы әлемнің жоғары мәртебелі мамандары  арнайы шақырылып, қатысты. Олар: Ун Сең ТАҢ  Ұлттық білім институтының директоры (Сингапур), Паси САЛБЕРГ  Аризона штаты университетінің   профессоры (АҚШ), Тим ОУТС Cambridge Assessment ұйымының директоры (Ұлыбритания), Фил ЛАМБЕРТ  Адъюнкт  Сидней университетінің профессоры (Аустралия), Гордон НЬЮФЕЛД  Ньюфелд институтының директоры (Канада), Гарри ПАТРИНОС Шығыс Азия мен Тынық мұхит аймақтары бойынша білім беру саласындағы  әлемдік тәжірибе бойынша менеджер, Ян ВАНГ Халықаралық тәжірибе алмасу департаментінің директоры,Ұлттық білім ғылымдарының институты (Қытай), Кэролин Адамс Стратегиялық даму жұмыстары бойынша басқарушы директор,Халықаралық бакалавриат.

Сонымен қатар, халықаралық конференцияға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарымен бірлескен Зияткерлік мектептердің басшылары, педагогикалық шеберлік орталықтарының, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталықтарының тренерлері, Педагогикалық өлшеулер орталығының мамандары,  Назарбаев Университетінің профессорлары, Ресей білім академиясының аға оқытушылары, оқу-әдістемелік орталықтарының әдіскерлері, білім беру бағдарламалары орталығының мамандары, білім мазмұнын жаңарту жобасындағы 30 пилоттық мектеп директорлары,  Халықаралық мектеп ұстаздары,  АҚШ, Финляндия, Сингапур, Австралия, Харватия, Біріккен Араб Әмірліктері    және т.б. мемлекттерден келген білім саласының қызметкерлерінен жалпы 700 астам адам қатысты.

Халықаралық конференцияда атақты спикерлерді тыңдауға, инновациялық зерттеулер туралы білуге, сонымен қатар білім берудің әр түрлі бағыттары бойынша жұмыс жасап жатқан адамдармен кездесіп пікір алмасуға зор мүмкіндіктер болды. Конференция түрлі формат арқылы жүргізілді: негізгі баяндамалар, презентациялар, дөңгелек үстелдер, панельдік талқылаулар, сессиялар мен білім беру ресурстарының көрмесі. Назарбаев Зияткерлік  мектептерінің Басқарма төрайымы Күләш Шәмшідинованың «Білім берудің жарқын болашағына арналған құндылықтар, әл-ауқаттылық  және инновация» тақырыбындағы баяндамасы өте маңызды болды.

Конференция барысында Қазақстандық спикерлер: Күләш Шәмшідинова (Назарбаев Зияткерлік мектептері Басқарма төрайымы) «Білім берудің жарқын болашағына арналаған құндылықтар, әл-ауқаттылық және инновация», Тимур Мұхтаров (Bilim Media Group Қазақстан) «Келесі ұрпақ үшін білім берудің өзгеруі», Нартай Ашим  «Академия» педагогикалық шеберліктің виртуалды зертханасы,  Саясат Нұрбек («Астана» халықаралық қаржы  орталығының басқарушысы)  «Қазақстандық қоғамның құндылықтары: білім беруге әсері»,  Тауиля Әкімова  (Педагогикалық шеберлік орталығы.Қазақстан) «Оқушылардың сұрақ қоя алу дағдысын дамыту» тақырыптарында баяндама жасап, орамды ойларымен бөлісті.

Сессия жұмысында отандық педагогикалық ғылымның дамуына практикалық тәжірибесі және терең теориялық білімімен зор үлес қосқан ұлы педагог, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Мақпал Жұмабайқызы  Жадринаның білім саласындағы ғылыми қызметіне арналған симпозиум өтті.  Симпозииумның ашылуында Назарбаев Зияткерлік мектептері Басқарма төрайымы Күләш Шәмшідинова алғы сөзі тыңдалып, М.Ж. Жадринаны еске алуға арналған «Уақытынан оза туған»  кітабының тұсаукесері өткізілді.

М.Ж. Жадринаның ғылыми зерттеу нәтижелері еліміздің білім беру жүйесіне қазіргі уақытта енгізіліп жатқан жаңартылған орта білім беру мазмұнына негіз болды.

«Білім берудің жарқын болашағына арналған құндылықтар, әл-ауқаттылық  және инновация» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары денгейде өтті.  Бұл ғылыми жиынның ортаға салар ойы көп, сондықтан да барлық жақтарда  өткізіліп жатқан реформалардың мақсаты мен түпкі нәтижесін түсіндіру үшін үйрету, насихаттау жұмыстарын ұйымдастыру қажет.

 

 

 К.Д. Жанкуатова

Жаңартылған білім мазмұнына апробация жүргізілудегі пилоттық

Киевка №2 жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің  директоры

 Қарағанды облысы, Нұра ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.