Ағымдағы жылдың наурыз айының 28-29 күндері Батыс Қазақстан облыстық оқу -әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен Оралдағы жалпы білім беретін және қосымша білім беру орта мектебі болып аталатын №4 мектепте облыстық қазақ тілі мен әдебиеті мамандарының «Лингвист» жобасы өтті.
Жоба тақырыбы – «Ізденіс. Тәжірибе. Нәтиже». Мақсаты – мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіре отырып, нәтижеге бағытталған жұмыс арқылы ұстаздардың шеберлігін, шығармашылығын шыңдау,педагогтердің кәсіби құзіреттілігін арттыру. Семинардың ашылуында мектеп директоры Мәулен Ермекұлы сөз алып, мектеп тарихына шолу жасады.Облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері Райхан Жұмағазиева қатысушыларға семинардың мақсаты мен барысы туралы хабарлама жасап, оларға сәтті күн тіледі.
Алдымен тіл мамандарына «Жаңа мектепке – жаңашыл мұғалім» тақырыбында эссе жазу ұсынылды. Олардың «Педагогикалық шеберхана галереясы» бөлімі бойынша үздік педагогикалық жұмыстарына куә болдық.Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, педагог-модератор З.Тажғалиеваның «мәтін түрлерін талдау», Дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі,педагог-шебер А.Байжиенованың «Тіл меңгертуде шағын жазбалардың маңызы» тақырыптарындағы жұмыстары тыңдалса,түскі үзілістен кейін №30 орта мектептің мұғалімі Ж.Ишанғалиева мен №20 орта мектептің мұғалімі А.Шалқарова «БЖБ және ТЖБ тапсырмаларын құрастыру ерекшеліктері» туралы жан-жақты ой қозғап,тамаша практикалық жұмыстар жүргізілді.
Қазіргі білім беру саласындағы ең өзекті мәселенің бірі – мектеп бітірушілердің мемлекеттік емтихандағы эссе жазу дағдыларының қалыптастыру жолдары. Бұл тақырып бойынша Сырым ауданының Қ.Мырзалиев атындағы мектебінің мұғалімі, «Үздік педагог» аталымының иегері Г.Тұржігітованың «Оқу сауаттылығына дайындаудың тиімді жолдары» атты практикалық тәжірибесімен бөлісуі тыңдаушылардың көңілінен шықты.
Семинар жұмысының екінші күні қаламыздағы № 38 мектептің мұғалімі, педагог-шебер, «Үздік педагог» атағының иегері Г.Тасқарина «Мәтінтану және тәжірибелік тапсырмаларды ұйымдастыру жолдары», Ақжайық ауданы Абай атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі А.Ерментаева «Оқушыларды қорытынды аттестаттауға дайындау» бойынша әдістерімен бөліссе, Бәйтерек ауданы Асан орта мектебінің мұғалімі К.Тлегенова мен Новеньков мектебінің мұғалімі Г.Уалиахметова «Жазылым дағдысының алғы шарттары» тақырыптарында өз тәжірибелерін ортаға салып, әріптестеріне практикалық жұмыс түрлерін көрсетті.
Жаңартылған білім беру мазмұнындағы ерекшеліктер бағытында «Қалыптастырушы бағалау білімді жетік меңгеру кепілі» (Тасқала ауданының жоғары санатты мұғалімі Е.Базаров), «Саралап оқыту арқылы оқу мақсатына жету» (Ақсай қаласының №6 мектебінің жоғары санатты мұғалімі А.Дауленова) және «Орыс мектебіндегі қазақ тілін оқытуда қолданылатын интербелсенді әдіс-тәсілдер» тақырыбы бойынша (Ақсай қаласындағы №3 мектептің мұғалімі А.М.Арыстанова) тәжірибелер көрсетілді.
Екі күнге жоспарланған семинардан алған әсерім мол. Облысымыздағы маңдайалды мамандардың сабақтарын тыңдай отырып, шебер ұстаздың шыңдалуына шек жоқ екен деген пайымға келдім. Жаңа мектептің жаңашыл көзқарастағы мұғалімдерінің толып жатқан әлемдік өзгерістермен қатар қарқынды дамып келе жатқаны қөңілге қуаныш ұялатты. Өте жақсы ұйымдастырылған семинардың жалғасын тауып, басқа да әріптестеріміздің кәсіби өсуіне ықпалы зор боларына сенімдімін.Осындай тамаша тәжірибе алаңын өткізуге мұрындық болған қалалық №4 мектептің ұжымына және облыстық оқу-әдістемелік кабинеттің әдіскері Райхан Мәлікқызына шексіз алғыс білдіргім келеді.
Арайлым Серікбайқызы Жукеева,
ЖББ М.Қаналиев атындағы Алғабас орта мектеп-балабақша
кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
педагог- сарапшы,
БҚО,Сырым ауданы