Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,
Сырлары көп сыртқа әлі шықпаған.
Шаршаса да осы жолдың бойында,
Қандай рақат, шын бақытын тапса адам.
Мен мұғалім болуды бала кезімнен армандадым. Оған себеп болған өзімнің ұстазым Хабдуллина Жібек Дәрішқызы болатын еді. Ол ұсазымның ең біріншіден сабаққа қызықтыра білуі, түсіндіру әдісі, оқушыларды өзіне тарта білуі, білімі мен біліктілігі мен үшін қызық болып көрінді. Сол кісіге қарап мен де осындай ұстаз болсам ғой деген арман туды.
Сол арманыма жеттім. Бүгін міне 25 жыл өтілі бар, білім нәрін беруші мұғаліммін. Бір сәтте бұл мамандықты тандағаныма өкінген емеспін. Бұл мамандыққа жол көрсеткен ұстазыммен, әрқашанда мақтан етемін. Ұстазымның алдында бас иемін.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, мен де өз білім ордамызда, жас ұрпақтың жан-жақты білім алуына өз үлесімді қосудамын.
Бүгінгі күнде мұғалім болу қызық та, қиын. Мұғалім жұмысының сүйініші де, күйініші де мол. Мұғалім оқушыларға білім берумен қатар, тәрбиеге, болашаққа жол сілтер ақылшысы. Мен өзімнің педагогикалық еңбегімнің әр күнін, әр сағатын сапалы білім берумен, саналы тәрбиеге баулуға арнаймын. Күнделікті сабақтарымнан «40 минуттық сабаққа дайындала біл» деген қағидамен жауапкершілікті талап етемін.
Мұғалімдік кызметтің мақсаты өз пәнін жақсы үйретуден гөрі тереңірек-те: мұғалім-адам жасаушы адам. Ұстаздың керемет құралы –өз кісілігі. Менің ойымша мұғалім мен баланың қарым- қатынасы қуанышты және мазмұнды болуы керек. Жұмысымда ең бірінші міндетім оқушылармен тез арада тіл табысу. Осы қарым-қатынас арқылы әр баланың мінез-құлқын, қабілетін біліп алу.
Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады,-дейді. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын –еліміздің келер күнгі келбеті.
Ұстаз … Күн сайын жүздеген шәкірттердің жүрегіне жол тауып ізгілік нұрын егуге ұмтылатын осы бір жылы жүзді жайдары жандарға қай-қайсымыз болмайық борыштар екеніміз рас.
Қазіргі заман мұғалімнен өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи танымдық, педагогикалық-психологиялық сауаттылық, білімділік талап етілуде. Заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істейтін, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген жан болған да ғана білімі жоғары жетекші тұлға ретінде ұлағатты саналады.
Ф.М.Достаевскийдің «Өзіңнен өзіңді ізде, өзіңе өзін бағын, өзіңді өзің тани біл» — дегендей, әр мұғалім өзінің бала болғанын, өзінің ата-ана екенін, өзінің оқытушы болып қалыптасып келе жатқанын ой елегінен жиі-жиі өткізіп отырса ұстаз еңбегі дұрыс бағытта екендігінде. Міне сол себепте мұғалім мамандығы мен үшін ыстық. Әрбір шәкіртімнің жүзінен оқуға деген талпыныс сезімін көруден артық бақыт жоқ. Жүрегімнің қалауы жанымның негізгі сыры қалаған мамандығымның еңбек жолдарында жатыр дегім келеді. Эссемді қорытындылай келе. Қазіргі заман мұғалімі-рухани дамыған, педогогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, өзін-өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға ретінде өзімді санаймын.
Курманкина Гульбарам Бодаевна,
Петропавл каласы,
«Сауле» бөбекжай— балабақшасы
қазақ тілі мұғалімі