Эссе

Мұғалім – жас ұрпаққа білім нәрін сусындататын маман. Барлық мамандық иесі, ұстаздың алдынан өтеді, сондықтан ұстаздықты ұлы мамандық деп айтсақ қателеспейміз. Ұстаз болу өте үлкен жауапкершілікті, біліктілікті талап ететін қызмет. Ұстаз баланың сабаққа деген қызығушылығын арттырып, ынтасын өсіріп шабыттандыруы керек. Баланың тәртібін, білімін жетілдіріп қана қоймай, жан дүниесін түсінетін психолог та болуы тиіс. Мұғалім – ол баланың екінші анасы, қамқоршысы, жанашыры. Тіпті, сынып жетекші бір шараға дайындық барысында сценарист та, хореограф та, әнші де, биші де болып кетеді. Сондықтан, мұғалім – бірегей адам.

Өзімнің алғаш білім алған мектебім №100 жалпы білім беретін алтын ұя мектебімде қызмет етудемін. Маған білім берген ұстаздарыммен бірге жұмыс істеу, мен үшін үлкен мәртебе. Мамандығым – мақтанышым, себебі ағылшын тілі қазіргі заманда ең жоғары сұранысқа ие қажетті мамандықтардың бірі. Мен сабағымды қызықты өткізу үшін жаңа әдіс-тәсілдер қолдана отырып, балалардың қызығушылықтарын оятуға тырысамын. Сабақта балаларды жан-жақты, сыни тұрғысынан ойлауды дамытатын тапсырмаларды қолданамын. Елдің болашағы жастардың  қолында, сондықтан оларды еңбекқор болуға, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруымызға ықпал етуіміз керек. Қазақстанның басты мақсаты — елу дамыған мемлекеттердің қатарына кіру, бұл жолда ұстаздың орны ерекше. Жас ұрпақты білімді, жан-жақты дамыған, өз Отанын сүйетін, өз еліне үлесін қосатын тұлғаларды тәрбиелеу біздің басты мақсатымыз.

Менің түсінімдегі педагог — ең үлкен парасат иесі. Табандылықты талап ететін менің мамандығымның қиындығынан қызығы көп. Тәлім алып жүрген бүлдіршіндердің айтқаныңды қағып алатын қағылездігіне қайран қаламын. Бізді, яғни педагогтарды алдыға ұмтылдыратын өскелең ұрпақтың кез-келген нәрсені үйренуге деген қызығушылығы, қашанда күш-жігер беріп отырады. К.Д Ушинскийдің бір сөзі бар «Мұғалім-өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім» — деген. Мен осы сөзді өз ұстанымыма айналдырып алдым. Күнде жұмысқа қарай аяқ басқанымда, балалардың бойына бірдеңе сіңдіре алсам ғой деп тұрамын. Біз бүгінгі білім беру жүйесінің жүзеге асып жатқандығын өз жұмысымызбен көрсете алуымыз керек.

Ал педагог ретінде менің міндетім — өзіндік идеясы басым бүлдіршін тәрбиелеу, оларға тәлім беріп, ары-қарай қанат қағуы үшін  қолғанат болу.

Ұстазды әсте диқанға теңейді. Себебі адам жанына дән себуге себепкер деп танимыз. Парасаттылықпен асқан ақылдылықты алдымен өз бойына одан соң бүлдіршіндерге беру орасан зор еңбек. Ұрпақ тәрбиесі туралы Елбасы Н.Ә Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси экономикалық және рухани дағдарысты жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру» — деген еді. Мінеки, біз, ұстаздар сол бағытта жұмыс істеп жүрміз. Шәкіртке өмірдін мәнін түсіндіріп қана қоймай, өмірге сүйіспеншілігін арттыратын қайратты сөздерінің арқасында үлгілі боп отырмыз. Себебі әрбір ұстаз үшін, шәкіртінің ыстық ықыласынан артық абырой жоқ. Ендігі біздің мақсатымыз, дарындыларды тәрбиелеп, жан — жақты дамыту болмақ. Ендеше, ертеңіміз жарқын болсын!!!

 

 

Ақбаева Алмагүл Ермухаметқызы,
Алматы қаласы, №100 жалпы білім беретін
мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.