Home » Жаңалықтар » ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Нидерланд Корольдігінің Ұлттық күні атап өтілді

ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Нидерланд Корольдігінің Ұлттық күні атап өтілді

            22 маусым күні Нидерланд ЭКСПО-2017 аясында Ұлттық күнін атап өтті. Іс-шара кезінде экономика министрі Хэнк Камп сөз сөйлеп, Қазақстан мен Голландияның Holland Innovation Challenge атты экологиялық байқауының қорытындысы шығарылды. Нидерландтың ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы аясында ұйымдастырылған бұл жастар жобасын толығымен Голландияның Сыртқы істер министрлігі қаржыландырды.
              Ұлттық күн Нидерланд корольдігінің туын көтеру салтанатынан және ЭКСПО-2017 сахнасында елдің әнұранын шырқаудан басталды. Ресми салтанатқа Қазақстан Республикасында екі күндік сапарымен жүрген Нидерланд экономика министрі Хенк Камп қатысты. Осыдан кейін министр ЭКСПО нысандарымен танысып, Қазақстан павильонын көріп шықты.
«Қазақстан – Нидерландтың халықаралық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі аса маңызды серіктесі. ЭКСПО-2017 көрмесі жасыл энергетика тақырыбына арналып отырғаны белгілі. Біз бірлесе күш жұмылдыра отырып, осы салада озық шешімдерді табатынымызға сенімдімін», — деп атап өтті министр өз сөзінде.
Ұлттық күнді тойлау аясында Нидерланд павильонында Holland Innovation Challenge (Голландияның инновациялар байқауы) экологиялық байқауының қорытындысы шығарылды. Алматы қаласында су пайдаланудың айналмалы жүйесін жасау жобасын ұсынған Water Wise командасы жеңімпаз атанды.
«Голландиялықтармен бірге жұмыс жасап, осындай қызық халықаралық тәжірибеден өтуге мүмкіндік берілгендігіне алғысымызды білдіреміз. Жеңіске жететініміз біз үшін толығымен күтпеген жайт болды. Біз өз командамыздың құрамында тұрғын үй кешендеріне арналған бірыңғай сүзгіні қолдану жөніндегі бизнес-тұжырымдаманы дайындадық. Бұл жоба бір жағынан суды үнемдеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан көппәтерлі үйлердің барлық тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етпек. Бұл пилоттық жобаны Алматы қаласының тұрғын үй кешендерінің біріне ендіруді жоспарлап отырмыз», — деп өз әсерлерімен бөлісті Water Wise командасының мүшесі, Нархоз университетінің түлегі Ермек Жұмаш.
2016 жылдың қазан айынан бастап 6 команда ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбы аясында 4 голландиялық компанияға арнап жаңа бизнес-тұжырымдамаларды дайындау бағытында жұмыс жүргізген болатын. Бір команда құрамында қазақстандық және де голландиялық студенттер бірлесе жұмыс жасағанын атап өту қажет. 4 мүшеден құралған бір команда құрамында әрбір елден екі-екі адамнан қатысты. Қазақстан тарапынан Нархоз университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттері, ал Нидерланд тарапынан Вагенинген университетінің (Wageningen), Утрехт университетінің (Utrecht university) және Гронинген университетінің (Groningen university) студенттері қатысты. Жоба Нидерландтың Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі агенттігімен (RVO) бірлесе отырып жүзеге асырылды.
Жобаға қатысқан голландиялық компаниялар экономиканы тұрақты дамытуға мүмкіндік беретін экологиялық өнімдермен айналысады. Аталған компаниялар Нидерландта сертификаттаудан өткен осы өнімдерін Қазақстанда жүзеге асыруды қалайтындықтан, байқау қатысушыларының алдына Қазақстанның нақты жағдайларына сәйкестендіре отырып осы өнімдердің тұжырымдамасын дайындау міндеті қойылды.
Байқауға қатысқан компаниялар Голландияның сан алуан бизнес секторларында инновациялық жұмыс тәсілдерін ендіріп отырған кәсіпорындар болып табылады, атап айтқанда олар:
1)  Witteven and Bos (Виттевен және Бос), Каспийде қызмет жүргізетін инжинирингтік компания. Қашаған кенорнында жасанды аралдарды жобалаумен айналысып, Каспийде су тазартуға арналған жобаларды жүзеге асырады;
2) Staay Group (Стай Груп) көкөністер мен жемістердің маркетингі және дистрибуциясымен айналысатын халықаралық ұйым;
3) Delfy – гүл және жеміс шаруашылығында консалтинг және тренингтерді жүргізетін компания;
4) Philips Lighting  — үйлер, кеңселер мен барлық ғимарат түрлеріне арнап кәсіби жарықтандыруды, соның ішінде LED-жарықтандыру шешімдерін әзірлеумен және жасаумен айналысады.
Байқау кезінде ұсынылған құралдар мен бизнес-шешімдер «стратегиялық серіктестік», «нарықтарға шығу», «жобаның қаржыландырылуы» сынды міндеттерді ескеруі керек болды. Сондай-ақ, дайындалған бизнес-тұжырымдама Қазақстанның 2050 жылға арналған стратегиясында баяндалған елдің экономикалық мақсаттарына жауап беруі тиіс.
Жартылай финал кезінде командалар Алматы қаласындағы MOST бизнес-инкубаторында өз тұжырымдамаларымен таныстырды. Сол кезде қазылар алқасы қандай 3 команда ақтық мәреге шығатынын анықтады. Елшілерден және Қазақстанның білім беру секторындағы өкілдерден құралған қазылар алқасы 22 маусымда қай команда жеңіске жеткенін жариялады.
Қазылар алқасының шығарған қорытындысы бойынша Нидерланд экономика министрі Хенк Камп мырза жеңімпаз командаға жүлдені табыстап, қазылар алқасының таңдауын түсіндіріп берді. «Қазылар алқасы Water Wise командасының жұмысын бірнеше себептерге байланысты таңдады: біріншіден, команданың идеясы аса өзекті әрі ЭКСПО-2017 тақырыбына сәйкес келеді; екіншіден, олардың ұсынған тұжырымдамасы инновациялық жобаға жатады, олар дұрыс шешімді табу үшін талай мәселелерді зерттеп шығуы керек болды; үшіншіден, көтерілген мәселе, яғни таза ауыз суына қол жеткізу – әлеуметтік маңызға ие болғандықтан, қоғам мен ел азаматтары үшін аса қажет. Жалпы айтқанда, дәл осы себепті біз байқау жүлдесін осы командаға табыстауды ұйғардық», — деп атап өтті министр.
Жеңіске жеткен команда аталған соң, байқауға атсалысқан компаниялар жобаны ары қарай қаржыландыру мүмкіндігі жөнінде шешім қабылдайтын болады.
Командалар  қазылар алқасының назарына келесі жобаларды ұсынды:
1) «Delphy. House for Future» — жылыжай саласында тренингтік орталықты құру жобасы (тәжірибе жүргізілетін жылыжай негізінде);
2) «Staay Food-Philips Lighting. LED grow» — қала ішінде LED технологиясымен жарықтандырылған тігінен көтерілген ферманы құру жобасы;
3) «Witteven and Bos. Water wise» — Алматы қаласында суды қолданудың айналмалы жүйесін құру жобасы.
Қосымша ақпарат:

Нидерланд экономика министрі Хенк Камптың Қазақстанға сапары
Қазақстандағы сапары аясында Хэнк Камп Қазақстанның бизнес өкілдерімен және мемлекеттік қайраткерлерімен бірқатар кездесулерді өткізді. Атап айтқанда, 21 маусым күні Камп мырзаның Қазақстан премьер-министрі Б. Сағынтаевпен кездесуі өтті. Тараптар екі ел арасындағы ары қарайғы экономикалық ынтымақтастықты жалғастыру мүмкіндіктерін талқылады. Қазіргі таңда Нидерланд Қазақстан экономикасына инвестиция құйып отырған басты ел екені белгілі. ҚР инвестициялар және даму жөніндегі вице-министрі Ерлан Хайыровтың айтуынша, қазіргі таңда 900-ге тарта бірлескен кәсіпорын қызмет жүргізуде. Сондай-ақ, Нидерланд экономика министрі Қазақстан мен Голландия іскерлік кеңесінің Астанадағы мәжілісіне қатысты. «2014 жылы жасаған соңғы сапарымнан бері Қазақстан мен Голландия кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстар екі есе артты. Нидерланд Прездент Н. Назарбаевтың жариялаған жаңа жаңғырту толқыны аясында Қазақстандағы серіктестерімен ынтымақтасуға дайын. Біз логистика, су қорларын басқару, аграрлық сектор сынды тағы да басқа салалардағы жобаларымыз шеңберінде тәжірибемізбен бөлісуге қуаныштымыз», — деп атап өтті Нидерланд Корольдігінің экономика министрі Хэнк Камп өз сөзінде.
Сондай-ақ, министр «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ президенті Ерғазы Нұрғалиевпен кездесу өткізді. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ және Голландия ғарыш агенттігі арасында ынтымақтастық туралы xаттамаға 2014 жылы қол қойылған болатын.
Нұрғалиев мырза «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ Голландия тарабымен жерсерік арқылы зондтау саласында ғана емес, сондай-ақ, құқық қорғау жүйесін ізгілендіру саласында жерсеріктік бақылаудан алынған деректерді қолдану аясында ынтымақтастық жүргізуге ниетті екенін жеткізді.
Өз кезегінде Камп мырза  ауыл шаруашылығы, энергетика және қалалық инфрақұрылым  жерсеріктік мәліметтерді қолдануға болатын қазіргі таңдағы келешегі мол салаларға жататынын атап өтті. Сондай-ақ, министрдің айтуына қарағанда, Қазақстан мен Нидерландтың жерсеріктік мәліметтерді қолдану саласындағы ынтымақтастығы Қазақстан экономикасын әртараптандыру бағытындағы кезекті бір қадамға айналмақ.


 

Айгерім ОРАЗБАЕВА

                                                                               

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.