Home » Балабақша » Ынтымағы жарасқан отбасы

Ынтымағы жарасқан отбасы

Жүзінен нұр төгілген, мақтануды білмейтін , туралықты жаны қалайтын, ұстамдылығы мен қарапайымдылығы баурап алатын жанды балабақшаларда өткен семинарларда  үнемі кездестіріп жүрдім. Өзі ғана емес қасына үнемі әдіскерлерімен тәрбиешілерін қатар алып жүріп көрген білгенін ойына түйіп, ешкімнің көңілін жықпай ғана әдемі сөзімен жылы лебізін білдіретін басшының басқаратын ұжымын көрсем деген ниет пайда болды.
Иә, сәтін салған күнде туып балабақша ішілік болсада қалалық деңгейден кем түспейтін «Ынтымағы жарасқан отбасы» атауымен өткен байқауға шақыру алдым.
Мені қызықтырған тамаша ұжым дәл менің ойымдағыдай …
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №33 «Алтын дән» балабақшасы.  Іскерлігінен бұрын ізеттілігі басым Кенесова Айсұлу Егізбайқызы дәл осы білім ошағының меңгерушісі.
Ұлағатты ұстаздарға көрсетілер құрмет баласымен бірге қуанған ата-ананың аузынан шыққан «Барлығы да сіздің еңбегіңіз, жақсы ұстазсыз, рахмет» деген сөздер болса керек. Оны да естіп, қуанышқа бөлендік. Ұстаздар үшін шын қуандым, жарыса жазып жүрген ұстаз мәртебесі деген міне осы болса керек.
3 сәуір күні ертеңгі елдің көрегенді ұрпағы білімді де білікті, тәрбиелі болып өссін деген мақсатта  балабақша мен ата-ана арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізер байқау өтті. Басым көпшілігі  көп балалы аналардан құралған екі орыс тобымен қосқанда 8 топ сынға түскен тартысты әрі тартымды, тыңғылықты дайындықпен өткен сайыс «Алтын дәнде»жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әр отбасының гүлі болып жайқалып, тізгін тартары болып талаптанып өсіп келе жатқан ұл-қыздарын орталарына алып қазақтың көз тартар ұлттық киімдерімен ортаға шыққан аналарды көргенде тамсанып ғана қарап қалдық.
Таныстыру, өнер, сұрақ-жауап, үй тапсырмасы сынды кезеңдер бойынша өткен сайысқа арнайы Нұр-Сұлтан қалалық №1өнер мектебінің директоры Гүлмира Жангелдіқызы, №37 Сырбай Мәуленов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі, бірлестік жетекшісі ,ертеңгі балабақша түлектерінің алғашқы ұстазы атанар Бейсембекова Әсемгүл Сейілхановна, шағын орталықтың тәрбиешісі Қарсыбаева Альбина Әнуарбековнаның әділқазы ретінде шақырылуы ата-ананың сенімін нығайта түсті.
Өнерінен бұрын өмірі, отбасылық бақыты мен балаларын байлығына балаған аналардың жылы жүздері еріксіз баурап алды. Таныстыру бөлімінің өзін ертегідей етіп жеткізген «Қарлығаш» тобынан қатысқан Айнұр Жетпісбаева қызы Айару Жасұланқызының  тәтті қылығы алғашқы болып есте қалды. Баян, домбырамен әсем ән шырқаған Ашкеновтер мен Төрехановтар отбасының жанды дауыстағы әуезді әндері көрермен қошеметіне бөленді. Қыздарымен бірге ән салған Орыналы, Асқаровтар, Шүйіншәлі отбасыларының да өнерін атап кетуге лайық. Үй тапсырмасы ретінде өз қолдарымен дайындаған түрлі тағамдарды ұсынған аналар арасында өз қолымен жасаған қазақтың сарымайын үстелге ұсынған Қасымовтар отбасының анасы Қасымова Лаураның қазақ келініне лайық пысықтығы өз алдына бөлек әңгімеге арқау.
Өнер мен білімнің тізгінін ұстаған ұлағатты ұстаздардың әділ шешімі арқасында 8 топтың ішінен жүлделі бас жүлдеге әскерилер отбасы оған қоса қазақтың салт-дәстүрін, тілін ұлттық құндылығын жоғалтпай отбасының ұйытқысы балаларының ардақты анасы атанып отырған «Ботақан» тобының анасы Үйсімбаева Айгерім қызы Асқарова Амина мен бірге ие болды.
Жүлделі I орынға «Балапан» тобының анасы Қасымова Лаура мен қызы Анеш Айша  лайық деп табылса, II орынға «Қарлығаш» тобының анасы Жетпісбаева Айнұр қызы Айару Жасұланқызы ие болды. Жүлделі III орынға «Көжек», «Шие» топтарының аналары Төрехан Патима ұлы Төрехан Даниал, Сагитжанова Венера қызы Шуиншали Джулияға бұйырды.
Өзге қатысушылар «Ертегі», «Айгөлек», «Қоңырау» топтарының аналары Набиева Дана қызы Орыналы Амира, Вахитова Айгүл ұлы Мағзумов Алан, Маланина Анастасия қызы Маланина Кираға үлгілі, өнерлі, көрермен көзайымы аталымдары табысталды. Барлық қатысушыларға арнайы сыйлықтар табыс етіліп, жанкүйерлер мен тәрбиешілер  шынайы жеңісімен құттықтайтын әділ шешімді,тартысты әрі тартымды бәске өз мәресіне жетті.
Баласы үшін барын аямайтын кең жүректі аналардың өмір жолдары, ешбір байлыққа ала алмайтын шынайы отбасылық бақытта риясыз күлкімен өсіп келе жатқан балғындардың қуанышынан асқан ештеңе жоқ шығар.
Сол балапандарымыздың асқақ армандарына қанат бітіріп жан-жақтылыққа тәрбиелеп келе жатқан осындай білім ошағының барлық педагогтарын атап өтсек те артық болмас еді. 400-ге жуық балабақшадағы, 280-ге жуық шағын орталықтағы бүлдіршіндерге бағыт-бағдар беріп келе жатқан 60-қа тарта педагогтың 13-і жоғары санатты, 16-сі I санатты, 12-сі II санатты тәжірибелі мамандар екендігі де балабақшаның дәрежесін байқатады. . Ұжымның бір жұдырықтай болып жұмылып, береке-бірлікте алға қойған мақсаттарына нық қадам басуына үлестерін қосып жүрген балабақшаның әдіскерлері Байтукина Сәуле Сапаржановна, Аршкенова Салтанат Абдалиевна, Мухиденова Жұлдыз Амантаевна, білікті маман музыка жетекшісі Каракулова Жанар Андреевна,Мурашбекова Гүлбахыт Сафановна, жүзу нұсқаушысы Туребаева Наталья Юреевна, жас болса да талайға үлгі болар дене шынықтыру нұсқаушысы Едігеева Ақнұр Еділқызы балабақша мақтаныштары тәжірибелі мамандар.
Аналарды қуанышқа бөлеп, балапандарға сенімділік сыйлаған сайысты өз дәрежесінде өткізген жүргізушілер Мухиденова Ләззат, Шахманова Мадинаның шеберліктері шексіз.
Екі тілдегі аралас балабақша болса да қазақтың ұлттық бояуларына бай жылы ұяда ең бастысы адамға берер жайлылық бар. Себебі, басшысы мамандарын жете тани білген, өз ісіне жетік мамандардан жасақталған білім ордасының талай байқаулардан бас жүлдені бермей келе жатқаны осы сөзіміздің дәлелі. Сөзбен емес іспен дәлелдеуге бейім, өз биігінде тұрған берекелі ұжымға тек шығармашылық шабыт тілейміз. Өнер айдынында кемелеріңіз тосылмай, білім жолында айтарларыңыз таусылмай тек алдан көрініп жүре беріңіздер. Тамсанып келіп қызығып қайтар балғындар ордасын көруге баршаны шақырғым келеді. Үлгі алар дүние, ойға түйер жаңалық дәл осында.

Әлия Ғалымбекқызы,
Нұр-Сұлтан қаласы, «Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.