Home » Білім және тұлға » Ынталы еңбектің жемісі

Ынталы еңбектің жемісі

—  Шындап келгенде, тергеушілердің міндеті тек қылмысты ашу ғана емес, қылмыскердің заңды бұзғандығын бүге-шігесіне дейін анықтап, оның кінәсін бұлтартпас дәлелдермен мойындату. Қателігін мойындамаған қылмыскер өзінің заңбұзушылық әрекетін кейін тағы қайталауы мүмкін. Сондықтан, істі тергегенде бар білімің мен тәжірибеңді ыждахатты пайдаланып, барынша әділетті болуға тырысасың. Тергеуші болу – дәрігерлер сияқты адам өміріне араша түсетін жауапкершілігі мол мамандық, ол – қателікті кешірмейді, — дейді ІІМ-нің отставкадағы майоры Махамбет Қайырбекұлы.

Ағамыз 1940 жылы Ақтоғай ауданының (қазіргі Ақсу қаласына қарасты) Сарышығанақ ауылдық округінің «Жаңа ұйым» колхозында дүниеге келіп, 1958 жылы аудандық орта мектепті бітіреді. «Ер парызы — ел қорғау» дегендей, буыны қатып, ер жеткен бозбала Кеңес әскерінің Украина мен Германия жеріндегі құрамында үшжылдық әскери борышын өтейді. Елге оралған соң, ауылда балташы болып, еңбекке араласады. Бірақ, білімге құштар жас жігіттің асқақ арманы оның үкілі үмітіне қанат бітіріп, тынымсыз алға жетелейді. Ақыры, Қарағанды қаласындағы жоғары білім ордаларының бірі – медицина институтына түседі. Алайда, отбасы жағдайы мұндай «еркелікке» ерік бермей, бір жарым жылдан соң, оқуды тастауға тура келеді. Кейін біраз уақыт шахтада көмір қазады. Сөйтіп жүргенде, жатақханадағы көршілес таныс жігіт газетте әскерден келгендерді Алматыда ІІМ арнаулы милиция мектебіне қабылдап жатқаны туралы хабарландыру шыққанын айтады. Ол еш ойланбастан, аталған оқу орнына құжаттарын тапсырады. Ал 1967 жылы жас «заңгер» аталмыш білім мекемесінің жолдамасымен Ермак (Ақсу) қаласындағы ішкі істер бөліміне қызметке орналасады. Ол өзінің табандылығы мен абыройлы еңбегінің арқасында қатардағы тергеушіден аға тергеуші, бөлім бастығының орынбасары деңгейіне дейін көтеріліп, 1988 жылға дейін үздіксіз қызмет етеді. Бірақ, кейіпкеріміз өзінің мамандық таңдауда қателеспегенін түсініп, енді білімін одан әрі жалғастырмақ болады. Бөлімдегі өзіне жүктелген міндетті ұқыпты атқара жүріп, Қарағанды қаласындағы СССР ІІМ-нің жоғары мектебін тәмамдауға мүмкіндік алады. Осынау қиындығы мен құрметі қатар жүретін жауапты қызметте Махамбет Қайырбекұлы әрдайым алдыңғы саптан көрінді. Оның қараған тергеу істері «сапасыз» деп кейін қайтарылған, не сот ісінің барысында жаза шараларының өзгертілген кезі ешқашан болған емес. Өз ісінің іскер майталманы, әскери қатаң тәртіп пен Ата Заң қағидаларын берік ұстанған кәсіби маман ІІБ-де Отанына, еліне 26 жыл мінсіз қызмет етті. М. Ильясов өзінің білімділігімен, қарапайымдылығымен, іскерлігімен де әріптестерінің, жерлестерінің зор құрметіне бөленді.

Майор Ильясов қызметтегі соңғы жылдары түрмеден мөлшерлі бостандыққа шыққандармен, яғни арнайы контингенттермен жұмыс істеді. Сол уақыт аралығында адамдар арасында өзара сенімділіктің сақталып, қылмыстың алдын алуға және жазаның неғұрлым әділ қабылдануына үлкен үлес қосты. Оның бұл тәжірибесі басшылар тарапынан жоғары бағаланып, еңбегі республика көлемінде қолданысқа енді.

Махамбет аға зейнеткерлікке шыққан соң да, үйде «қол қусырып қарап отыруды» қаламады. Бір ай өтер-өтпестен, Ақсу аудандық ауруханасының азаматтық қорғаныс штабының басшылығына тағайындалады. Ал, 1995-2005 жылдары Ақсу ферроқорытпа зауытында «Күзет» қызметкері ретінде өзінің мол адамгершілігі мен көпжылдық тәжірибесін жастарға өнеге етіп, аянбай тер төкті.

Кейіпкеріміздің көпжылдық қажырлы еңбегі ескерусіз қалмады. Ол «Кеңес милициясына 50 жыл», ІІІ, ІІ, І дәрежелі «СССР ІІМ-не еткен мінсіз қызметі үшін», «Еңбек ардагері», «Павлодар облысына 75 жыл» медальдарымен, «Милиция үздігі», «СССР ІІМ-нің 1-ші дәрежелі маманы», «Қалаға сіңірген еңбегі үшін», «Ақсу қаласына 50 жыл» төс белгілерімен және «Қазақстандық ІІМ ІӘ және ІІБ-нің ардагерлеріне», «Павлодар облысының ардагерлер кеңесіне» Құрмет грамоталарымен және басқа да мақтау қағаздары мен алғыс хаттармен марапатталды. 2008 жылы «ІІМ-нің құрметті ардагері», 2013 жылы «Ақсу қаласының құрметті азаматы» мәртебесіне ие болды.

М. Қайырбекұлы қызмет бабымен ғана шектелмей, қоғамдық жұмыстарға да білек түре белсене араласты. Республикалық семинарларға қатысып, бес мәрте ардагерлер кеңесінің төрағалығына, қалалық және облыстық ішкі істер департаментінің ардагерлер кеңесі төралқасының мүшелігіне сайланды.

«Бойда білім, күш-жігер, талпыныс барда еліңе қызмет ет – еңбегің еш кетпейді». Бұл – Махамбет Қайырбекұлының өмірлік қағидасы, бүгінгі ер жетіп келе жатқан жас ұрпаққа айтар ағалық өсиеті. Кәсіби маман, Еңбек ардагері, Ақсу қаласының құрметті азаматы, ақпейіл, ардақты ағамыз  Махамбет Қайырбекұлына зор денсаулық, ұзақ өмір, шуақты шаңырағына сарқылмас ырыс-береке тілейміз!

Айгүл МОЛДАШ,

Білім айнасы,

Павлодар қаласы

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.