Home » Мақалалар » Шәкірт – ұстаз айнасы

Шәкірт – ұстаз айнасы

Қазақ елінің келешегі, бүгіні мен ертеңі алдымызда тәрбиелеп отырған жас ұрпақ екені сөзсіз. Өзге елдермен тереземізді теңестіріп, өркениетті елдер қатарына ілестіріп, әлемге көк байрағымызды желбіретер жас ұландар әр өлкеде бой көрсетіп, өздерін тағы да бір мойындатты.

   Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласы № 272 орта мектептің 10 «Ә» сынып оқушысы Ғалымжанова Айдана жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиадасына орыс тілі мен әдебиеті пәнінен қатысып,  білім дәрежесін сынап 3-орынды иемденіп, мектеп мерейін республика бойынша асқақтатып тастады. Шәкіртіміздің жеңісі Елбасымыздың «Болашақ – жастардың қолында» деген сөзін дәлелдегендей. Бұл жетістік бүгінгі еңбектің ғана емес, жылдар бойғы қажымай-талмай, үздіксіз жасаған елеулі еңбектің нәтижесі. Шәкірт жетістігі – ұстаздың кәсіби біліктілігі мен шеберлігінің жемісі деп білеміз.

Ғалымжанова Айдана 5-сыныптан бастап білім сайыстарына белсене қатысып жүрген шәкірттеріміздің бірі. Жылда жүлделі орындарды иеленіп, әр сайыста ұстаз бен шәкірт тілегі бір болып, ізденіс бір арнаға түсіп, оқушы қабілеті жыл өткен сайын ұштала түсті. Нәтижесінде Айдана көптеген жетістіктерге жетті. Атап кетсек, 2014-2015 оқу жылында  қалалық орыс тілі мен әдебиеті пәнінен аудармашы сайысында 5-7 сынып арасында 1-орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. «Олимпис – 2015» бүкілресейлік орыс тілі мен әдебиеті пәнінен қашықтық байқауда 1-орын иеленді.2016-2017 оқу жылында республикалық орыс тілі мен әдебиеті пәнінен аудандық кезеңінде 3-орын иеленсе, 2017-2018 оқу жылында пәндік олипмадада аудандық кезеңінен 1-орынды жеңіп алып, облыстық кезеңіне жолдама алды. Көптің ішінен жарып шығып, облыстық кезеңінен 1-орынды жеңіп шығып, республикаға жолдама алған шәкіртіміз өз білімінің терең екенін дәлелдіп, 3-орынды иемденіп, ұстаздары мен ата-анасын  қуантып тастады. Қармақшы ауданы бойынша орыс тілінде өтілген «Көркемсөз оқу шебері» байқауында Бас жүлдені жеңіп алып, осы сайыстың облыстық кезеңінде жүлделі 2-орынды жеңіп келді.

 Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Айдананың Тәуелсіз Қазақстанның нығаюы жолында аянбай еңбек ететін адал ұрпақ боларына сенім артып, қанаты талмай, алға басқан қадамына сәттілік тілей отырып, Айдананы  халықаралық, республикалық олимпиадада жеткен жетістігі үшін Алғыс білдірді.  Және білім шыңын бағындырғаны үшін облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова Айдананы «Сыр Дарыны» медалімен марапаттады.

Білім жолы қашанда қиын да киелі жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады.Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Баласы сайысқа түскенде тақымын қысып отыратын жандардың бірі – осы ұстаздары. Жеңіспен келсе, ол– ұстаз мерейі. Осындай үлкен мерейге ие болған, жауапкершілікті жете сезінген, Айдананы күн, түн демей дайындап, толассыз еңбек етіп, биік нәтижеге қол жеткізген ұстазы – орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Халлаева Шынзадай Шангереевна.

Шынзадай Шангереевнаның 30 жылдан аса тәжірибесінде Айдана секілді мақтаулы шәкіртері көптеп саналады.  Оқушыларды білім нәрімен сусындатып, тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын ұстаз ғана нәтижелі табыстарға жете алады. Жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім берудегі ұстаздық қызметі үшін Шынзадай Шангереевна Қармақшы ауданы әкімі С.Мақашовтың алғыс хатымен, аудандық «Озат шығармашылық» орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Білім сапасын арттырудағы құзіреттілік» атты педагогикалық оқуда 1-орын алғаны үшін Қармақшы аудандық білім бөлімі басшысы Б.Дуйсенбаевтың мадақтамасымен, «Еуразиялық гендік қор» ғылыми-өндірістік білім беру орталығының ұйымастырумен ұстаздарға арналған «Сабаққа арналған ең үздік презентация» атты Республикалық байқауда жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде өзіндік қолтаңба қалдыра білгені үшін 3-дәрежелі дипломмен және 2017-2018 оқу жылының қорытындысы бойынша білім беру саласында өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі жетістіктері мен табысты еңбектері үшін мектеп басшысы Оспанова Мира Тобжановнаның мадақтамасымен марапатталып, «Жыл мұғалімі — 2018» атағына ие болды.

Шынзадай Шангереевна өз сөзінде : «Айдана секілді мақтаулы шәкірттерімнің көбеюінің сыры, өз тәжірибемнен айта кететін болсам, білім берудің арқауы – сабақ. Сабақта үй тапсырмасын орындауларына жете көңіл бөліп тексеру – менің негізгі ұстанымым. Үй тапсырмасын орындау оқушының өз бетінше жасаған жұмысының нәтижесі, алған білімі. Бәсекеге қабілеттілік өз бетінше ізденіп, жұмыс жасаудан басталады деп есептеймін.

Осы ретте өзім еңбек етіп жүрген № 272 мектеп ұжымының және мектеп басшысы Оспанова Мира Тобжановнаның үлкен қолдауына ризашылығымды білдіремін. Аудандық оқу бөлімі мен Байқоңыр қаласы оқу бөлімдері әр жылда талантты, қабілетті білім жүйріктерін анықтауда білім сайыстарын жүйелі түрде өткізуі – бүгінгі ұстаз бен шәкірттің білім шыңынан көруінің алтын көпірі болып отыр. Осындай жеңісті күндеріміз көп болсын дей отырып, «Шәкірт – ұстаз айнасы» дегендей қолдағы айнамыз жарқырап, білім нұрымен нұрлана берсін деп ұстаздық  тілегімді білдіремін.»

Халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы:  “Ұстаздық — ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты  тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” –  деген екен. Шәкірт жетістігіне шын жүректен қуанып, балаша мәз болар № 272 орта мектептің ұжымына әр шәкіртіңіз осылай толағай табысқа жетіп, қуана беріңіздер деген тілек білдіремін.

Егеменді еліміздің болашағы, Айдана секілді жас білімдар жеткіншектері, Тәуелсіздіктің тұғыры биік болып, бейбітшілік бесігін тербеткен, талай асуларды бағындырған саналы ұрпақ болатындарыңызға зор үміт артамыз!

 

Алтруева Саламат Санибековна
№272 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні
мұғалімі
Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.