Home » Білім және тұлға » ШӘКІРТ ҚИЯЛЫНА ҚАНАТ БІТІРГЕН ҰСТАЗ

ШӘКІРТ ҚИЯЛЫНА ҚАНАТ БІТІРГЕН ҰСТАЗ

Жаһандану заманында ұлт­­тық бәсекеге қабілетті болудың көр­сет­кіші – білім деңгейімен өлше­неді. Сондықтан, әлемдік білім ке­ңістігіне кірігіп, білім беру жү­йе­сін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті — ұс­таздардың қолында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақта еңбек ет­іп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұс­тазға жүктелетін міндет ауыр» деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.
«Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім берген тәрбие мен өнеге оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Бүгінгі кейіпкеріміз шәкірттеріне бағдаршам болуға ғұмырын арнаған ұлағатты ұстаздың бірі — Қадырбаева Мереке Әшімханқызы.
М.Ә. Кадырбаева 1972 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Кеңес ауылында мұғалім отбасында дүниеге келген. Әкесі Әшімхан 40 жылдан астам мектепте математика пәнінің мұғалім болған. Мереке Әшімханқызы 1981-1987 жылдары осы ауылдың Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 8 сыныбын бітіріп, 1987-1990 жылдары Қаратау қаласындағы №2 кәсіптік лицейде оқиды. 1991-1992 жылдар аралығында Алматы қаласындағы «Дәріс» МКП оқып Конструктор-модельер мамандығын алып шықты.
1993 жылы Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылының Жамбыл Өтешұлы деген азаматпен отбасын құрып, ана атанып, 1 кыз 2 егіз ұлын тәрбиелей отырып, тігін тігумен айналысады.
2003-2008 жылдары ЖГТУ-ді (Жамбыл гуманитарлық техникалық университеті) «Кәсіптік оқыту педагогы» мамандығы бойынша бітіріп, осы ауылдың №1 Г.Орджоникидзе мектебіне технология пәні мұғалімі болып орналасады.
Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі — мұғалім. «Мұғалім – мектептің жаны» деген сөзді Ахмет Байтұрсынов та бекер айтпаса керек. Біздің кейіпкеріміз – Мереке Әшімханқызы 2004 жылдан бері мектептен қол үзбей келеді. Ол педагогтық жолдарда ауданда семинар сабақ беріп, әртүрлі облыстық жарыстарда жүлделі орындар иеленді.
Атап айтсақ, аудандық «Шығармашыл мұғалім» портфолио байқауында жұмыс мазмұнының ерекшелігін көрсете білгені үшін І дәрежелі дипломға қол жеткізсе, аудандық «Қысқы қиял» байқауында бала қиялы мен суреттерді салу номинациясы бойынша оқушысы бас жүлдені иеленгені үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Сондай-ақ, білім саласындағы көп жылғы жемісті еңбегі лауазымды міндеттерін үлгілі орындап, қоғамдық өмірге белсене араласқаны үшін Жуалы аудандық мәслихатының Алғыс хатына ие болды. Шығармашылық қәбілетін дамытып, белсенді өмір сүру дағдыларының қалыптасуына қосқан үлесі үшін алған Алғыс хаты да бар. «ІQ – Интелектті дамыту» орталығының ұйымдастыруымен өткен республикалық білімділер байқауына оқушы қатыстырып, баланың шығармашылық шабытын аша білгені үшін алған Мадақтаманың Мереке үшін орны бөлек! Бұдан бөлек те бірнеше Алғыс хат, марапаттардың иесі атанған М.Ә. Қадырбаева шәкірт қиялына қанат бітіріп, технологияға тіл бітіріп келеді.
«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтқандай, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару — көптің қолынан келе де бермейтіні ақиқат. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Осы жолда Мереке Әшімханқызы еш аянып қалмаған.

Ол оқушылармен жұмыс жасағанда шәкірттерінің жас ерекшелігін ескере отырып, әртүрлі әдіс-тәсілдер қолданумен материалды меңгертеді. Яғни, Мерекенің 5-11 сынып қыздарын қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие болып отырған қолөнер бұйымдарын жасауға баулуда атқарған еңбегі орасан. Шәкірттері бүгінде тігін тігу, тоқыма, квиллинг (қағазбен жұмыстың түрі), оригами, бисер тоқу, канзаши (лентамен жұмыс), бисермен кестелеу және жапсырмалау сынды өнердің қыр-сырын терең меңгеруде. Осы арқылы Мереке шәкірттерінің жүрегіне жол тауып, жас өскіндердің ұлы мұраттарға қол созуларына негіз қалап келеді.
Мереке арқа сүйер жарымен бүгінде отбасында 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған асыл ана. Отбасында да балаларына парасат пен пайымды тең таразылап, білім-ғылым атты теңізде ізгіліктің кемесімен жүзе білуге үйретуден жалықпай келеді.
Үлкен қызы Арайлым «Дарын» мектебін алтын белгімен бітіріп, КБТУдың бакалавр және магистратурасын бітіріп, Атырауда канадалық мұнай-газ компаниясында жұмыс жасайды. Ұлы Нұрбек АТУ университетін бітіріп, №1 Г.Орджоникидзе мектебінде информатика пәні мұғалімі болып жұмыс жасауда. Нұрбектің сыңары Айбек ҚГТК (Қаратау гуманитарлық техникалық коледж) бітіріп, жеке кәсіпкерлікпен айналысуда. Кенжесі Аяулым 3 сыныпта оқиды.
Өз бақыты мен қуанышын шәкірттерінің жетістігінен табатын Мереке Әшімханқызының педагогикалық қызметіне қарқын, еңбегіне береке, отбасына амандық тілейміз! Шәкірт шаттығына бөленіп, ұстаз ұлағатын сезіне беріңіз!

Гүлжазира ЕРТАСОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
«Білім айнасы»,
Астана

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.