«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, бала оқытуда алдына жан салмайтын, еңбекқор, ізденімпаз, бар өмірін мұғалімдік жолға арнаған жарқын тұлғалардың бірі – Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қасыбаева Майра Бағдатқызы. 1994 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітірген Майра Бағдатқызы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатында бірнеше жыл елеулі еңбек етіп етіп келеді. Майра Бағдатқызы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша ұстаздықты таңдаған бірнеше буынды тәрбиеледі. Оның көптеген оқушылары өздерін білікті маман ретінде көрсетіп, облыс және қала мектептерінде еңбек етуде.
Ол сабақтарында қазіргі талаптарға лайықты жаңа технологияларды сәтті пайдаланады. Әр сабағы ізгілендіруге, адамгершілік пен имандылыққа құрылған. Соның нәтижесінде шәкірттерінің білім сапасы жоғары, сабақты сүйеді, белсенді қатысып отырады. Өзінің әр сабағын ғылымның соңғы жаңалықтарымен байланыстырып, жаңа әдістерді қолданып, мазмұнды өткізуге күш салады. Ұстаз көрсеткен ашық сабақтар мен тәрбие сағаттары жаңа білім мазмұнымен, оқушы қабілетін дамытушылығымен дараланады, шәкіртінің ой-өрісін кеңейту үшін сабақ типтерін қолданып отырады.
2015 жылдан бері «Руханият» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің әдістемелік бірлестік жетекшісі..
Оқытушы өз басының биік мәдениетімен, ұстаздық еңбегіне сүйіспеншілігімен, адамгершілік қабілетімен шәкіртке сапалы да терең білім беруде жақсы жетістіктерге жетті. Талай шәкірттері түрлі өре бәйгелерде, білім додаларында топты жарып, жүлделі орындарды иемденеді. Биылғы оқу жылында шәкірті Шарапиден Аида облыстық пән олимпиадасында қазақ тілі мен әдебиетінен I орынды иеленіп, республикалық олимпиадаға жолдама алды.
Ұлағатты ұстаз өз іс-тәжірибесін мектептің әдістемелік және педагогикалық кеңестерінде әріптестерімен өзара бөлісіп отырады.
Ұстаздың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден оны ерекшеленді-реді. Оның қайсар мінезі, қазақи ақжарқындығы мен қызметіне деген адалдығы жас мамандар үшін үлгі боларлық.
Майра Бағдатқызының жеке басына тоқталатын болсақ, отбасында аяулы ана, асыл жар бола тұра мектепте үнемі қимыл үстінде жүретін, ешқашан шаршадым деп айтпайтын, дегенінен қайтпайтын, өз ісіне тиянақты, жауапкершілікпен қарайтын, турашыл мінезі бар ұстаз. Ол өз пәнін сүйеді, сол пәнді насихаттаудан жалықпайды. Сабақтарына қатысқан кезде сергектік пен шабытқа бөленемін. Өзіңізді әдебиет әлеміне еніп кеткеніңізді сезбей қаласыз. Осындай ұстаздардың арқасында қазақ тілінің мән-маңызын, байлығын, тереңдігін ұғынасың. Майра Бағдатқызы сияқты адамгершілігі мол,бойынан ізгілік пен мейірімділік шуағы төгіліп тұратын әріптесіммен бірге қызмет істегенімді мақтан тұтамын. Майра Бағдатқызы бойынан жастарға үлгі боларлық көптеген жақсы қасиеттерді айтуға болады. Ол – алдымен балаларын жылы құшағымен қуантып, ыстық мейіріммен аялап өсірген үш баланың анасы, дос-құрбыларына адал, қысылғанда қолтыққа демеу бола білетін жанашыр, оқушыларының сүйікті де сүйкімді ұстазы.
Ахметова Гүлзина Қабдырахманқызы,
Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған
облыстық қазақ гимназия-интернатының
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі