Home » Менің ұстазым » ШӘКІРТТЕРІН ҚЫРАНДАЙ БАПТАҒАН ҰСТАЗ

ШӘКІРТТЕРІН ҚЫРАНДАЙ БАПТАҒАН ҰСТАЗ

Тіршілікте ғибратты ғұмыр кешіп, өмірде де, таңдаған салаңда да өз орныңды табу – жалпыға бұйырмас зор бақыт. Қарымды еңбек ету – ол да бір береке бастауы, азамат болып қалыптасу – əркімге парыз. Тек ізденіс пен күрескерлік, талап пен табандылық қана адамды парықты істің парасатына бөлейді. Міне, осындай ізгі мұрат жолында іргелі іс атқарып, ел ағасына айналған Бейсембай Мүбәрәкұлының өмірі мен шығармашылық жолы ізденіске толы.
Бейсембай Мүбәрәкұлы Исин 1968 жылы 10 ақпанда бұрынғы Көкшетау облысы Қызылту ауданы Амангелді совхозында дүниеге келген. Әкесі – механизатор, анасы – үй шаруасындағы қарапайым отбасында 8 баланың бірі – Бейсембай жастайынан арман қуып өсті.

Ол 1975-1985 жылдары сол ауылда 10 сыныптық орта мектепті аяқтаған. Мектепте оқып жүргенінде, 4-сыныптан бастап еркін күрес және қазақша күреске қатысып, қазақша күрестен 5 дүркін, еркін күрестен 4 дүркін облыс чемпионы және 1983 жылы КазССР Алматы облысы Қаскелең ауданында өткен республикалық жарыстан ІІІ орын және 1984 жылы Өскемен облысы, Ақсу ауданында өткен республикалық жарыста жүлделі орын алған.

1986-1988 жылдары Монғолияда әскери қызмет атқарған соң, 1989–1993 жылдары Қарағанды Педагогикалық институтында «Дене шынықтыру және адам қауіпсіздігінің негіздері» факультетін бітіріп, сол жылдары әскери «аға лейтенант» шенін алған.

1990-1993 жылдары студенттік шақта білім алумен қатар, өрт сөндіру бөлімінде түнгі кезекшілікте өрт сөндіруші болып жұмыс істеген Б.М. Исин 1993-1996 жылдары Көкшетау қаласында Қазақ Педагогикалық колледжінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болған.

1999-2001 жылдары Көкшетау есеп-сауда колледжінде әскери дайындық сабағынан мұғалім болған Бейсембай Мүбәрәкұлы 2001 жылдан күні бүгінге дейін Көкшетау қаласында, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Көкшетау техникалық институтында «әскери және физикалық дайындық кафедрасында» аға оқытушы лауазымында қызмет атқарады.

Бейсембай Мүбәрәкұлы бүгінгі таңда Көкшетау техникалық институтында өз қызметімен қатар, армрестлинг (қол күрес) және гір көтеру спортынан курсанттарды түрлі жарыстарға дайындап, үлкен жетістіктер көрсетуде.

Тумысында Бейсембай ағамыз іскер әрі білгір маман және талай ұрпақты ұядан  ұшырып, қияға қондырған айтулы ұстаз. «Білімді болу деген сөз — белгісіз нәрсені ашу қабілетіне ие болу деген сөз. Ал белгісіз нәрсені аша білу деген сөз — ол теориялық өнердің барлығына тән, ортақ жәйт» деп ғұлама әл-Фараби айтқандай, ағамыздың шәкірттерін баптау жолындағы еңбектері бір төбе. Себебі Бейсембай Мүбәрәкұлы білекті, жүректі ізбасарларын дайындау мәселелеріне үлкен маңыз беріп келеді. Оған мына сөзіміз дәлел бола алады.

Бейсембай Мүбәрәкұлы Исин 2001 жылдан бүгінге дейін гір көтеру спортынан 18 спорт шеберлігіне үміткер (КМС), 2 спорт шебері (МС) және армрестлингтен 2 спорт шеберлігіне үміткер дайындаған. Бұған мысал ретінде гір көтеру спортынан:

2009–2013 жылғы ҚР ТЖК КТИ түлегі Кадырбаев Манас Алимханулы, Жамбыл облысы, спорт шеберінің үміткері;

  • Жамбыл облысының аудандық және облыстық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы;
  • 2009 жылы мамыр айында Астана қаласында өткен Республикалық турнирдің күміс жүлдегері;
  • «Динамо» спорт қоғамының бірнеше мәрте чемпионы;
  • Көкшетау қаласының бірнеше мәрте чемпионы;

2011–2015 жылғы, ҚР ТЖК КТИ түлегі Қауденов Сұнғат, Қарағанды облысы, спорт шеберінің үміткері;

  • ҚР ТЖК Солтүстік аумақтық III спартакиадасының чемпионы;
  • Көкшетау қаласының бірнеше мәрте чемпионы;
  • «Динамо» спорт қоғамының бірнеше мәрте чемпионы;
  • 2013 жылы Ақмола облысы, Щучинск қаласында өткен Қарулы күштер курсанттары арасында өткен чемпионаттың чемпионы;
  • Гір көтеруден институт рекордсмені.

2013–2017 жылғы ҚР ТЖК КТИ түлегі, Ерденов Руслан Маратович, Солтүстік Қазақстан облысы, спорт шебері;

  • ҚР ТЖК Солтүстік аумақтық III спартакиадасының жүлдегері;
  • «Динамо» спорт қоғамының бірнеше мәрте чемпионы;
  • Көкшетау қаласының бірнеше мәрте чемпионы;
  • 2017 жылы Павлодар қаласында өткен ҚР чемпионатының чемпионы.

2013–2017 жылғы ҚР ТЖК КТИ түлегі, Степанов Роман, Ақмола облысы, спорт шеберінің үміткері;

  • «Динамо» спорт қоғамының бірнеше мәрте чемпионы;
  • Көкшетау қаласының бірнеше мәрте чемпионы;
  • Ақмола облысының бірнеше мәрте чемпионы;
  • ҚР чемпионатың жүлдегері, ал қол күрестен:

2011–2015 жылғы ҚР ТЖК КТИ түлегі, Қуандық Арнат Ырысқалиулы, Жамбыл облысы, спорт шеберінің үміткері

  • «Динамо» спорт қоғамының бірнеше мәрте чемпионы;
  • Көкшетау қаласының бірнеше мәрте чемпионы;
  • ҚР ТЖК Солтүстік аумақтық III спартакиадасының жүлдегері;
  • 2013 жылы Ақмола облысы, Щучинск қаласында өткен Қарулы күштер курсанттары арасында өткен чемпионаттың чемпионы;

2013–2017 жылғы ҚР ТЖК КТИ түлегі, Қашым Абай, Оңтүстік Қазақстан облысы, спорт шеберінің үміткері

  • «Динамо» спорт қоғамының бірнеше мәрте чемпионы;
  • Көкшетау қаласының бірнеше мәрте чемпионы;
  • ҚР ТЖК Солтүстік аумақтық III спартакиадасының чемпионы;
  • 2013 жылы Ақмола облысы, Щучинск қаласында өткен Қарулы күштер курсанттары арасында өткен чемпионаттың чемпионы.

ҚР ТЖК КТИ гір көтеру және армрестлинг спортынан құрама командасының көптеген жылдар бойы бүкіл жарыстарға белсенді қатысып, үлкен жетістіктерге жетуі, аянбай еңбек етіп, әр курсантқа өз перзентіндей қамқор болған бас бапкері – азаматтық қорғау подполковнигі Бейсембай Мүбәрәкұлы Исиннің арқасы.

Әр азамат ісімен, әрекетімен көрікті дейміз. Елдің елдігі мен егемендігін еңселі оймен ойлайтын адам ғана ақыл көзімен қараса керек. Ақыл мен парасат, білім мен мәдениет төрт құбыладай түгел болған жағдайда ғана адам заман тұтқасы бола алады. Бейсембай Мүбәрәкұлы сынды өр тұлғалы азаматтар қазақ тәуелсіздігінің алтын діңгегі, берік болаттай биік тұғыры екені анық.
Азаматтық қорғау подполковнигі Бейсембай Мүбәрәкұлы Исин ҚР ТЖК Көкшетау техникалық институты қабырғасында атқарған мінсіз қызметі мен сарқылмас шығармашылық күшінің арқасында көптеген әріптестері мен курсанттарының құрметі мен қошеметіне бөленіп, II және III дәрежелі «Өртке қарсы қызметінде мінсіз қызметі үшін», «20 лет КЧС МВД РК» медальдарымен, «ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтының курсанттары мен тыңдаушыларының шығарылуына 15 жыл», «Қазақстан полициясына 25 жыл» төс белгілерімен, Төтенше жағдайлар министрлігінің және тағы басқа бірнеше Алғыс хаттармен марапатталған.

Бүгінгі таңда Бейсембай Мүбәрәкұлы аяулы жары Райхан Чынтемірқызымен екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, олардың бойына саналы білім, сапалы тәлім сіңіріп келеді.
1993 жылы туылған тұңғыш ұлы Темірлан — Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «Электроэнергетика» мамандығы бойынша білім алған.  Әкесіне тартып спортқа жақын болған Темірлан триатлон спортынан спорт шеберінің үміткері, ҚР чемпионы, Азия кубогының жүлдегері атанып үлгерген.  1995 жылы туылған екінші ұлы Арлан Ресей Федерациясының Томск қаласында «Теплоэнергетика» мамандығы бойынша магистратурада білімін жалғастыруда.
Ал 2007 жылы туылған ерке қызы Айғаным орта мектепте 4 – сыныптың озат оқушысы.

«Сен дүние есігін ашқанда жылап кел­дің, басқалар қуаныштары қойындарына сыймай күліп қарсы алды. Кейін өзің бұл жалғаннан күліп кетіп, басқалар жылай­тын­дай өмір сүр», — дейді қытай ғұламалары. «Всег­да выбирайте самый трудный путь – на нем вы не встретите конкурентов», – деген Шарль де Голль сөзі де қытай даналы­ғы­мен үндес. Өмірдің мәні – мансапта емес, мақсатта. Ұзақ жасау – бақыт, әрине. Десек те, Алла Тағаланың аманатқа берген аз өмірінде халыққа қалтқысыз қызмет етіп, ел айта жүрер айтулы еңбек жасаудан, ұлт­т­ың ұлы, халықтың құлы болудан асқан бақ бар ма?!
«Өзін ойлаған – құлқынның құлы, халқын ойлаған – ұлы» деген дана халқымыз. Бейсембай Мүбәрәкұлы ағамыз халқын ой­ла­ған қайраткер, ұлтжанды азамат, ұлағатты ұстаз!

«Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық» деген Саққұлақ шешен бабамыз. Бейсембай Мүбәрәкұлының биік болмысын, табиғатын, тума талантын тарқататын да айшықтайтын түйін осы.
Бір сөзбен айтқанда, Б.М. Исин ағамыз өмірде де, спорт саласында да айқай-шусыз, дау-дамайсыз, ақырын жүріп, анық басып, арық айтып, семіз шығып, ауқымды істер тындырып келе жатқан бойында рухы, жүрегінде иманы мол жан.
Ұлтымызда «алтын сүйген азады, халқын сүйген оза­ды» деген аталы сөз бар. Шәкірттерінің шаттығына бөленіп, ұстаз ұлағатын сезініп, адамгершілікті ар тұтқан, адалдық жалауын желбіретіп жүрген Бейсембай ағамызға бүгінгі қоғам, қауым тарапынан көрсетіліп жатқан шексіз құрметтің  түп себебі, міне осында деп білеміз.
Менің шәкірт жүрегім де осылай деп соғады. Ел бағына аман жүріңіз арда аға, үйретері мол ұстаз!!!

 

Манас Кадырбаев,
Астана қаласы,
ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ
9 – ӨСБ қарауыл бастығы а.қ. капитаны

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.