Екібастұз қаласындағы С.Торайғыров атындағы № 22 гимназия мектебінің ашылғанына 2017 жылғы бірінші қыркүйекте 25 жыл болады. Мен осында мұғалімдік қызметімді ширек ғасырдан бері жалғастырып келемін.
Мұғалім болу – менің бала күнгі арманым болатын… Сол арманымның орындалғанын және өз бойымдағы сөз өнеріне деген сүйіспеншілік сезімімді:
Өнер жұқпас адамға жат адамнан,
Сөз өнері дарыған ата-анамнан.
Ұстаз ақын атанып жүрмін бүгін,
Орындалып кешегі бала арман, —
деп мақтанышпен айтып жүремін және өзімнің мұғалім болғанымды шексіз бақыт санаймын. Себебі, менің өз мамандығыма деген махаббатым ұшан-теңіз. Сол себепті еңбегімнің жемісі де айтарлықтай. 2016-2017 оқу жылында оқушыларыммен бірге отыз екі жүлделі орынға ие болыппын. Әрине, бұл оңайлықпен келген жеңістер емес. Ұстаздық — қызығы да, қиыншылығы да мол мамандық қой… Бірақ менің өз ісіме деген сүйіспеншілігім қиындықтың бәрін үнемі жеңіп отырады. Абай Құнанбайұлының:
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға.
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға,-
деген ұлағатты ойы менің ұстаздық жолымдағы өмірлік ұстанымым.
Бүгінгі таңда Құрманиязова Айдана, Аппас Мадина, Қапанов Нартай, Ғабдуллина Асыл, Татаева Хадиша, Какимов Бауыржан,Тлепбергенова Дана, Қайдаров Бексұлтан, Нұрғалиев Айбар, Келгенбайұлы Ғасырсұлтан, Қайыр Қарақат, Ғазиз Дәурен, Абдиева Алмагүл тағы да басқа көптеген шәкірттерім мектеп, қала, облыс атын асқақтатып, мектебіміздің мәртебесін көтерген өнегелі де үлгілі оқушылар. Бұлар – пәндік олимпиадалардың, әр түрлі оқулардың, басқа да көптеген сайыстардың жеңімпаздары. Атап айтсақ, Құрманиязова Айдана республикалық «Абай оқуларында» ақынның 250 өлеңін және Шәкәрім Құдайбердиевтің 50 өлеңін жаттап жүлдегер атанып, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл жеңіске 11-сыныпта қол жеткізді. Ал біз осы оқуға 5- сыныптан бастап дайындалдық. Бұл дегеніңіз алты жыл уақыт кетті. Тағы бір айта кетейін дегенім, осы жеңіске жету жолында Айдананың ата-анасының да еңбегі ересен. Анасы «біз отбасымызбен бірге Абай ақынның өлеңдерін жаттап жатырмыз» деп күліп жүретін. Айдана мектепті де Алтын белгімен аяқтады. Осындай шәкіртімнің жолын қуған оқушым — Какимов Бауыржан биылғы оқу жылында облыстық «Махамбет оқуларында» және «Мағжан оқуларында» жеңімпаз атанып, республикалық сайысқа жолдама алды. Онда да жеңіске жетеміз деген үмітіміз зор. Бауыржан — басқа да көптеген сайыстардың жүлдегері. Ол қалалық, облыстық сайыстардың бірде-бірінен жүлдесіз оралмапты. Оны өзі мақтанышпен айтып отырады. Бұл — Бауыржанның айтқанды екі етпей, берілген тапсырманы уақытында орындап, тынымсыз еңбектенуінің нәтижесі. Ал 11- сынып оқушысы, 2016-2017 оқу жылындағы мектеп түлегі Тлепбергенова Дана Ақтау қаласында өткен пән олимпиадасында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша жүлделі ІІ орынды иеленіп, Күміс медальді қанжығасына байлап қайтты. Мен оқушыларымды үнемі еркелетіп, мақтау айтып өзіме жақын ұстаймын. Олар маған сырларын айтып, кез-келген жағдайда ақыл-кеңес сұрап жүреді. Мен мектептегі барлық оқушылардың сынып жетекшісі сияқтымын. Балаға жылы сөйлеп, жүрегіне жол таба білсең, оның бойындағы барлық қасиеттерін ашып, шығармашылықтарын шыңдай аласың. Мәселен:
Айдана, біздің Айдана,
Демеңіздер жай бала.
Еңбегіне Айдананың,
Қараңыздаршы ойлана,- деп Айданама мақтау айтсам, Данам туралы:
Дана, Дана, Дана,
Дана — ерекше бала.
Жетістігіне Дананың,
Бәрің де қызыға қара,- деп, жетістікке жеткен шәкірттерімді еркелетіп, мадақтап, қалған оқушылардың қызығушылықтарын арттырамын. Жалпы мен сабағымда оқушыларға өлең жолдарымен мақтау айтуды әдетке айналдырғанмын.
Жоғарыда аталған оқушылардың өздері шығармашылықпен де айналысады. Мәселен Дананың «Ақын болғым келеді», Бауыржанның «Арман мені шақырады алысқа», Мадинаның «Өмір, сен ғажапсың», Айдананың «Жауқазын жырлар» сияқты өлең жинақтары бар. Бұл оқушылар мектептегі мен жетекшілік ететін «Ақындар мектебі» үйірмесінің белсенді мүшелері. «Ақындар мектебі» үйірмесі «Өлең сөзге батылмыз, ақындарға жақынбыз» деген ұранмен жұмыс атқарады. Сонымен қатар, «Қанатымызды қомдаймыз, тұлғаларды сомдаймыз» деген ұранмен жұмыс жасайтын «Дарын» театр үйірмесіне де жетекшілік етемін. Бұл үйірмеге де оқушылар қызыға , белсене араласады. Осы үйірмеге қатысқан оқушылар болашақта өз мамандықтарын сахна өнері саласымен байланыстырмақ. Мәселен 2016 жылғы мектеп түлегі, үйірменің белсенді мүшесі, сүйікті шәкіртім Темірғалиева Ақбота мектебіміз есімімен аталатын асқақ арманды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы бойынша қойылған сахналық қойылымда Қамардың образын сомдап, мектеп тарихына өз есімін өшпестей жазып қалдырды. Осындай өнерлі шәкіртер, әрине, мектеп мақтанышы. Өткен жылы Баянауылда өткен «Аймақтық Шәкен оқуларында» үйірме мүшелері — Какимов Бауыржан мен Нұрғалиев Айбар «Атаманның ақыры» фильмінен қойылым қойып, Бас жүлдені жеңіп алды. Қалалық сайыста біздің «Дарын» театр үйірмеміз екі жыл қатарынан Бас жүлдені иеленіп келеді. Бұл – менің шәкірттерімнің жеңісі. Осы оқушыларымның қатысуымен облыстық «Ұстаз – мектептің жүрегі» атты фильмдер байқауында жүлдегер атанып, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталдым. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деген. Биылғы оқу жылында қалалық «Таңдаулы қазақ тілі мұғалімі-2017» байқауының Бас жүлдесін иелендім. Мен өз бойымдағы ақындық өнерімді шәкірттеріме дарыта білгенімді мақтанышпен айтамын.
Жалпы жақсы нәтижеге жете білу үшін өз мамандығыңды өте жақсы көруің керек, уақытпен санаспау қажет және төзімділік керек. Төзімді еңбек бәрін де жеңбек. Менің әрбір шәкіртім мені аналарындай жақсы көреді, анасына еркелегендей еркелейді. Ал мен болсам, олардың әрқайсысының еркелігін көтеріп, кемшіліктері болса, ақылмен түзетіп отырамын. Жыл сайын:
Тәрбие жолы сан тарау
Бәрі де, шәкірт, сен үшін.
Азамат бол да саналы,
Қызмет қыл ертең ел үшін.
Елеулі бол да еліңе,
Еңбек етуге ерінбе.
Қалаулы бол да халқыңа,
Қамқор бол тіл мен салтыңа,-
дей отырып түлектерді болашаққа шығарып салып жүргеніме 35 жыл уақыт болыпты. Мен өзімнің ұстаз болғанымды да, шәкірттерімді де үнемі мақтан етемін!
Кулбаршын СЕЙТОВА,
С.Торайғыров атындағы
№ 22 гимназия мектебінің мұғалімі.
Екібастұз қаласы
Павлодар облысы.