Home » Мақалалар » ШӘКІРТТЕРІММЕН МАҚТАНАМЫН

ШӘКІРТТЕРІММЕН МАҚТАНАМЫН

Мен университет бітіріп жолдамаммен Майқайың мектеп-интернатында бір жыл сегіз ай қызмет жасадым. Заман ағымына байланысты бұл оқу орны Баянауылға көшірілгенде мен де оқушыларыммен Ш.Айманов атындағы жалпы білім беретін мектеп-интернатына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа орналастым.

Міне, зымыраған уақыт оған да жиырма жылдан асып барады. Келген бетте маған 7 сыныптың сынып жетекшілігі берілді. Сыныпта — он төрт ұл, сегіз қыз екен. 1998 жылы сәуір айында алған бұл сыныпты 2002 жылы 11-сыныпты бітіртіп, аттестаттарын қолдарына беріп, қимай тұрып қоштасқаным әлі есімде. Қазірде олардың барлығы жоғарғы білім алып, өмірдің әр саласында түрлі қызмет атқарып жүр. «Біздің ұстазымыз» деп хабарласып тұрады.

Мен жас маман болғандықтан,  тәжірибем аз болғандықтан, сыныппен жұмыс жасау бас кезінде қиын болды. Құжаттарын қарап отырсам, сыныбымда бір үйдің тұңғышы мен бір үйдің кенжелері жиналған екен. Сол кездегі жасы үлкен мұғалімдердің ақылын тыңдай жүріп, сынып оқушыларын туысымдай бауырыма басып, жылы сөйлеп, арқаларынан қағып, ішкі-сырларына үңіліп, тіл табыса бастадым. Соның арқасында «үлгілі сынып» атандық.

Сынып жетекшісі болғандықтан, сыныптан тыс жұмыстарыма ата-аналар да белсенді араласты. Павлодар қаласына саяхат жасау. М.Ж.Көпеев мешіті салынған кезі, мұражайларға бару — оқушылардың есте қалған саяхаты болатын. Мектеп бітіруге санаулы күн қалғанда, Ескелдіге барып, М.Ж.Көпеевтің екі бөлмелі кесенесіне оқушыларымды қондырғаным есімде. Барлығы ата-аналармен бірлесе атқарған жұмысы болатын.

Сынып сағаты, сыныптан тыс тәрбие сағаттарына әріптестерім, ата-аналар қатысып, риза болып қайтатын. Бұны да оқушылармен ақылдаса отырып жасайтынбыз.

Бұрынғы мектептің жанынан өткенде, сол кездері менің оқушыларым еккен ағаштардың үлкен ағаш болып өскенін көріп, кеудемді ерекше мақтаныш, ризашылық сезімі кернейді. Кешегі талшыбық — бүгін мәуелі бәйтерек. Кешегі бала — бүгінгі азамат. Зымыраған уақыт-ай!

Өмір болған соң, әттең-айлары да болады. Жалындап тұрған жас шәкіртім қызыл аттестат пен қызыл диплом иегері Шоқан Есенов Мәскеу қаласында магистратура оқып жүріп, отыз жасында дүние салды. Келешегінен үлкен үміт күтіп жүргенбіз …

Мектепті төрт оқушы қызыл аттестатқа бітірген. Соның бірі — Сагитова Жібек аудандық салық басқармасында бас маман. Рахмаш Арман — «Самұрық» акционерлік  қоғамының бөлім басшысы, Садуақасов Абзал — мұнай өндіру саласының маманы.

Бүгінде қала, аудан мектептерінде өзімнің жолымды ұстанып, әріптес болып жүрген Әкімбеков Ержан, Шомакова Жұлдыз, Каберина Гүлден, Айдрахметов Арман, Сапабекова Бақытгүлдер бұл күнде тәжірибелі мұғалімдер. Есентаев Жасұлан, Ахметова Зейнеп те — белгілі кәсіпкерлер. Алматы қаласында тұратын Жоңқабаев Ақын зергерлік өнердің қыр-сырын меңгерген шебер кәсіп иесі. Какен Арман — шағын кәсіпкерлерді қолдау орталығында басшының көмекшісі болса, Төлегенов Дастан — КИГОК-та қызмет етеді. Сыныпта белсенді оқушым болған Жүргінбаев Дархан – Шығыс Қазақстанның Аягөз қаласында подполковник шенімен батальон камандирі, ұнаған мамандығын меңгеріп, елімізге еңбек сіңіріп жүргендері қаншама?!

Бір қызығы, қазіргі шәкірттерімнің кейбіреулерінің ата аналары — сол бұрынғы оқушыларымның балалары. Мен оларға ата-аналарын үлгі етемін.

Шәкірттерім менің мақтанышым!
     

 Ахатов Таңат Қуанұлы,
Павлодар облысы Баянауыл ауданы
Ш.Айманов атындағы жалпы білім беру мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

                         

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.