Home » Мақалалар » Шұғыладағы тіл апталығы

Шұғыладағы тіл апталығы

Тәуелсіздік алып, еліміздің өшкені жанып, өлгені тірілгені- 22 – қыркүйек  Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі. Осы айтулы мереке аясында  №35 «Шұғыла» бөбекжайында «Тіл – алтын қазына» атты тіл апталығы оздырылды.
 Бүгінгі таңда көп тілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын мүмкіндік. Мемлекет басшысы да: “Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Және оған қамқорлық та сондай дәрежеде болады” деп сендірді. Орыс және ағылшын тілдерін оқып үйрену білімнің, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін шыңдай түсетін, экономикалық мүмкіншіліктерімізді арттыратын бірден — бір тетігі дей келе, жаһандануға бейімделуді, замана көшінен қалмай, осы үш тілдің үйлесіміне қол жеткізу арқылы тілімізді, дінімізді, дәстүрімізді, салт — ғұрпымызды сақтап қала аламыз, — деген болатын.  Осы міндеттерді басшылыққа ала отырып ,өткізілген апталықтың алғашқы күнінде әр ұлттың мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттау, балалардың тілге деген қызығушылығын арттыру және біздің елімізде тұратын әр ұлттың ерекшелігі мен құндылығын көрсету, тіліміздің халықтар арасындағы достық, бірлік және келісім тірегі екенінің дәлелі ретінде, орыс қызы Маша, ағылшын елінен Пэппи, өзіміздің қазақ қызы айдай сұлу Айсұлуымыз келіп, тіліміздің мәртебесін асқақтатты. Бүлдіршіндеріміз күмбірлеген күй үніне мың бұрала би билеп, әуелете әндерін шырқап, жауқазын жырларынан шашу шашты. «Ана тілің-арың бұл» деп аталатын екінші күні балалардың  сүйікті ақыны Қадыр Мырзалиевтің шығармашылығына арналды.

Ана тілінің мәртебесін өсіру- ұлт байрағын көтерумен бірдей десек, қателеспеген болармыз. Қазіргі ғаламторға телмірген заманда, кітаптың құндылығын арттырып, Қадыр жырын жаттап өсіп келе жатқан ұрпағымыздың көптігі қуантты. Бұл да болса, кішкене бүлдіршіндеріміздің туған тілдің өркендеп, қанат жаюына қосып жүрген өзіндік үлесі деп түсіндік. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» деген сөздің дәлелі — ортаңғы топ балаларының арасында ұйымдастырылған өнер-білім сайысы.   «Өнерліге өріс кең», «Қимылынан таны», «Тапқыр болсаң, тауып көр» деп аталатын сайыс кезеңдерінен сүрінбей өтіп, үш тілде білім-білік деңгейлерін көрсеткен өрендерімізге қарап,  үштілділіктің маңызын түсіне білген жанның болашақтағы өмір белесінен, білім кеңістігінде алары да, берері де мол екеніне көзіміз жетті. Бас жүлдені – «Балдырған» тобының балалары алса, 1-орынды «Балбөбек» тобы қанжығасына байлады. Сухомлинский: «Тек қана ата-аналармен бірге, жалпы күш- жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бағыт беруі мүмкін» демекші, апталықтың төртінші күнін ата-аналар арасындағы «Тіл білгірі» тақырыбындағы сайыс жалғастырды. «Сәлем-сөздің анасы», «Ойлан тап», «Тапқыр болсаң, тауып көр», «Қай ертегіден?», «Жаңылтпаштан жаңылма», «Мақалды жалғастыр» кезеңдерін қамтыған шара, бала тәрбиесіне бейжай қарамай, отбасының басым рөлін түсініп, бөбекжаймен отбасы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ат салысып жүрген, көпшіліктен суырыла шыққан, озат ата-аналардың басын қосты. Гумарова Арайлым Сүйеугалиевна, Хамидуллина Анар Мақсотқызы, Хамидолла Назерке Қазбекқызы, Ильюшонок Олеся Михайловна, Рахметова Табия Мендигалиевна, Қуантаева Айгүл Қонақбаевна, Мұхамедрахимова Айнұр Хайдаровна, Алмагамбетова Алия Каиргалиевна, Сиполлиева Ағиіс Ғайноллиевна, Әбдіреш Гүлнұр  сынды аналарымыз өз топтарының  намысын қорғап бақты. Жарысқа түскен сайыскерлер білімділігімен, өнерлерімен көрермен көзайымына айналып, сайыстың көрігін қыздырды. Бөбекжай директоры – Қадеова Ж.С., бөбекжай әдіскері – Калдышева Н.З., педагог-психолог – Нургалиева Г.Е. төрелік еткен «Тіл білгірінде» тапсырмалардан мүдірмей өтіп, көпшілікті таңдай қаққызып, бас жүлдені жеңіп алған- Гумарова Арайлым Сүйеугалиевна болса, қазылардың  арнайы «Тіл білгірі» аталымын Ильюшонок Олеся Михайловна иемденді.  Өзге де қатысушыларымыз жүлделі орындармен марапатталды.

Апталық қорытындыланғанда, тәрбиеленушілердің, жаңалыққа жаны құмар педагогтардың бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу де сіңіріп жүрген орасан зор еңбектері көрініс тапты. Алдағы уақытта да үштұғырлы тілді меңгерту жұмыстарын үздіксіз жүргізу – тәуелсіз ел ұландарының бәсекеге қабілетті дара тұлға болатындықтарының кепілі. Елдің ертеңі өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы ұл-қыз өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірімен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет. Сонда ғана білім додаларында қазақ елінің көк туы желбірей бермек. Лайым солай болғай!

 

Есенаманова Жулдыз Темировна
Батыс Қазақстан облысы
Орал қаласы
№35 «Шұғыла» бөбекжайының
II санатты ағылшын тілі маманы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.