Жақында жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің №14 студенттер үйінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң «Айналаңды нұрландыр» атты бағдарламасы аясында және шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесінің келуіне орай дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Тәрбиелік іс-шара «Шығыс елдерінің жаңа жылды мерекелеу дәстүрлері!» атты тақырыпта өтті. Дөңгелек үстелге шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары мен Қытай, Корея, Ауғанстан, Швейцария, Жапония, Испания, Филипин және басқа да елдерден келген, жалғастырушы топта оқитын шетелдік студенттер қатысты. Шара барысында сөз алған шетелдік студенттер шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жылды атап өту салттары мен жолдары туралы сөз етті. Сонымен қатар, білім алып жатқан шетелдік студенттер оқытушылардан әр елдің жаңа жылды мерекелеу дәстүрлері және таихы, түрлі көріністері жайлы мәлімет алды.
Қытай Халық Республикасынан келген студенттер Қытайда «Чуньцзе» немесе көктем мерекесі — қытайлықтар үшін қасиетті мейрам екені туралы, жаңа жылды тойлау дәстүрлері туралы, жыл бойы демалыссыз жұмыс істейтін еңбекқор халық Шығыс жаңа жылын 40 күнге дейін тойлайтыны туралы, бүкіл Қытай қызыл реңге бөленіп, жын-шайтандарды шошыту үшін күні-түні от шашатыны туралы айтып, өз ойларын ортаға салып, қызу талқылады. Сонымен қатар, қытай тілінде өлең оқып, ән салды.
Кореядан келген студенттер Оңтүстік Кореяда жаңа жылды қалай мерекелейтіні туралы, жаңа жылда отбасы мүшелері бәрі бірге жиналып үлкендерге сәлем беру ерекше саналатын дәстүрі туралы, арнайы жаңа жылдық ұлттық тағамнан дәм тату туралы сөз етті. Сондай-ақ, корей тілінде ән айтып, би биледі.
Одан кейін шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушысы А.С. Айтпаева сөз алып, баяндамасымен таныстырды. Ол жаңа жыл – ел үшін жыл басында тойланатын думанды халықтық мейрам, сонымен қатар, атап өтетін жағдай, бұл мерекенің негізгі мағынасы мен маңызы көптеген халықтар үшін ортақ болып табылатынын, бұл жаңалықтың, жаңа бастау мен жаңарудың күні екенін айтып өтті.
Шетелдік студенттер бейне таспа арқылы шығыс елдерінің жаңа жылды атап өту дәстүрлерімен таныса отырып, шығыс елдерінің ұлттық тағамдарынан дәм татып, әдеби көріністі де тамашалай алды. Іс-шара кішігірім болса да, жиналған жұрттың көңілін көтеріп, алдымызда көктем мен «ұлыстың ұлы күні» – әз Наурыз мерекесі де келе жатқандығын еске салды. «Шығыс елдерінің жаңа жылды мерекелеу дәстүрлері!» атты дөңгелек үстел мәдени диалог түрінде шетелдік студенттердің өздерінің белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті.
А.Е.Саденова, К.С.Якубаева, А.С.Айтпаева
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шетелдіктердің тілдік және
жалпы білім беру дайындығы
кафедрасының оқытушылары